Instagram-дағы ұтыста пәтер жеңген әйел сот арқылы 7 млн теңге өндіріп алды

Бүгін, 21:37 / Жамбыл Жайлау
depositphotos.com

Қостанай облысының Меңдіқара аудандық соты Instagram желісінде өткен ұтыстың жеңімпазы деп танылған әйелдің талап арызын қанағаттандырды. Сот шешімімен ұйымдастырушы компаниядан оның пайдасына 7 млн 682 мың теңге өндірілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың шілдесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік Instagram желісінде бас жүлдесі пәтер болған байқау жариялаған.

Сол жылдың қазан айында У. есімді азаматша жеңімпаз деп танылған. Бұл әлеуметтік желідегі жарияланымдардың скриншоттарымен расталған. Компания өкілдері де әйелдің бастапқыда жеңімпаз болғанын жоққа шығармаған.

Алайда кейін ұйымдастырушылар оның аккаунтын жалған деп танып, байқау нәтижесін жойған. Қайта өткізілген ұтыста бас жүлде басқа қатысушыға берілген.

Компания әйелдің аккаунтын жалған деп атаған

Сотта жауапкер тарап талап арызбен келіспей, жеңімпаздың әлеуметтік желідегі парақшасы жалған болғанын алға тартқан.

Ал талап қоюшы мен оның өкілі аккаунттың жеке парақша екенін және ол байқау басталғанға дейін ашылғанын мәлімдеген.

Істі қарау барысында аккаунттардың IP-мекенжайлары тексерілмегені, олардың бір адамға тиесілі екені анықталмағаны және парақшаның жалған екенін дәлелдейтін техникалық тексеру жүргізілмегені белгілі болған.

Осыған байланысты сот компанияның аккаунттың жалғандығы туралы уәжін жеткілікті дәлелденбеген деп бағалады.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, Азаматтық кодекстің 911-бабына сәйкес, белгілі бір нәтижеге қол жеткізген адамға сыйақы беретінін жария түрде мәлімдеген тұлға байқау талаптарын орындаған жеңімпаз алдындағы міндеттемесін орындауға тиіс. Сот істің мән-жайын және ұсынылған дәлелдерді ескере отырып, талап қоюшының талабын қанағаттандырды.

Нәтижесінде ұйымдастырушы компаниядан әйелдің пайдасына 7 682 000 теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енген.

Тэгтер:

Сот Қостанай пәтер