Кейінгі жылдары денсаулық сақтау саласы қарқынды цифрланып, медициналық қызметтердің көбі электронды форматқа көшті. Онлайн анықтама алу, дәрігерге қашықтан жазылу сияқты қызметтер тұрғындарға айтарлықтай жеңілдік әкелді. Алайда цифрлық жүйелердің көбеюі дәрігерлерге қосымша жүктеме де түсіріп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бірнеше ақпараттық жүйемен қатар жұмыс істеу, деректерді қайта енгізу, интернет пен техникалық ақаулар дәрігердің уақытын алады. Сондықтан цифрландырудың тиімділігі тек электронды қызметтердің санымен емес, дәрігердің жұмысын қаншалықты жеңілдетіп, пациентке көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік бергенімен бағалануы керек.
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Русана Сулаймонова дәл осы мәселеге баса мән беріп, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, цифрландыру медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдеткенімен, бірқатар мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ.
«Ең алдымен пациент туралы деректердің әртүрлі жүйелерде орналасуы. Бұл дәрігердің ақпаратты қайта іздеуіне немесе енгізуіне алып келеді. Екіншісі – интернет пен ақпараттық жүйелерге тәуелділік. Техникалық ақаулар, әсіресе шалғай елді мекендерде, медициналық қызмет көрсетуге кедергі келтіруі мүмкін. Үшіншісі – дәрігердің нақты атқарған жұмысының толық есепке алынбауы. Мәселен, пациент қабылдауға келмесе немесе медициналық көмектен бас тартса, бұл дәрігердің жұмысына кері әсер етпеуге тиіс», – деді Русана Сулаймонова.
Осыған байланысты депутат пациенттің негізгі медициналық деректерін бір жерге біріктіруді, жүйе істен шыққан жағдайда резервтік тәртіп енгізуді және медицина қызметкерінің нақты атқарған әрекеттерін ақпараттық жүйеде тіркеуді ұсынды.
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерекке сенсек, былтыр елімізде 215 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетіліп, оның 190,8 миллионы, яғни 88,6 пайызы электронды форматта ұсынылған. Тағы бір ерекше нәтиже, сол жылы 8,5 млн-нан астам электронды медициналық анықтама беріліп, 5,6 млн азамат дәрігер қабылдауына онлайн жазылған.
Бұл көрсеткіштер цифрлық технологиялардың азаматтар үшін де, медицина жүйесі үшін де күнделікті құралға айналғанын анық көрсетеді. Алайда цифрландырудың тиімділігін тек электронды қызметтердің санымен өлшеу жеткіліксіз.
Еліміздегі медициналық ақпараттық жүйелердің көптігі олардың өзара байланысуын өзекті мәселеге айналдырып отыр. Министрліктің 2024 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша, елде 17 мемлекеттік ақпараттық жүйе, ал нарықта 20-дан астам медициналық ақпараттық жүйе жұмыс істеген. Бұл жүйелер жылына 400 млн-нан астам медициналық қызмет туралы деректі өңдеген. Ақпарат көлемі мен жүйелер саны артқан сайын олардың өзара байланысын қамтамасыз ету де маңызды бола түсетіні сөзсіз. Себебі платформалардың толық интеграцияланбауы деректерді бірнеше рет енгізуге және түрлі жүйелермен қатар жұмыс істеуге итермелеп, медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесін арттыруы мүмкін.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов министрлікте жүзеге асырып жатқан Цифрлық бастамалар туралы өткізген жиында бұл мәселенің дәрігерлердің жұмыс жүктемесіне әсер еткенін мойындады.
«Бұрын дәрігерлер бірнеше ақпараттық жүйелерді қолдануға және бірдей деректерді қайталауға мәжбүр болды. Интеграция мен пысықтаудың арқасында ДКК дәрігерлерге жүктемені 40%-ға қысқартуға қол жеткізді, ал келесі жылы бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізу жоспарлануда», – деген еді.
2026 жылғы қыркүйекте Министрлік ұсынған жаңа деректер бұл бағытта жұмыстардың жалғасып жатқанын аңғартады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет 23 бөлек мемлекеттік ақпараттық жүйені 7 цифрлық экожүйеге біріктірді. Оның 5-еуі бүгінде пайдалануға беріліп, жұмыс режимінде іске қосылды», – делінген хабарламада.
Дегенмен түрлі экожүйе біріккенімен, дәрігердің уақыты қаншалықты үнемделіп жатыр?
Қызметкерлердің әкімшілік жүктемесі 30-40%-ға төмендеген
Ведомство биыл тамыз айында цифрландырудың нәтижесінде медицина қызметкерлерінің әкімшілік жүктемесі 30-40%-ға төмендегенін мәлімдейді. Бұл мәлімдемеде бірыңғай цифрлық контурда 21,3 мыңнан астам медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мың бірлік медициналық техника туралы деректер жинақталғанын, сәйкесінше ақпараттық жүйелердің интеграциясы деректерді қолмен енгізуді азайтуға мүмкіндік беретіні баса айтылған.
Медицинадағы цифрландырудың түпкі мақсаты – технологияның өзін көбейту емес, дәрігердің қағазбастылығын азайтып, пациентке көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік жасау. Алайда ақпараттық жүйелердің көптігі мен олардың толық ықпалдаспауы бұл міндеттің әлі де өзекті екенін байқатады. Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы бұл түйткілдің барын Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы Цифрлық денсаулық сақтау департаментінің директоры Рашид Исмаилов та айтып отыр.
«Қазіргі медициналық ақпараттық жүйелер медициналық құжаттаманы электрондық форматта жүргізуге, пациент туралы мәліметтерді сақтауға және бірқатар процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дәрігерлердің ақпаратты бірнеше жүйеге енгізуі, қайталанатын деректерді толтыруы және әртүрлі ақпараттық жүйелер арасында жұмыс істеуі сияқты мәселелер әлі де бар. Сондықтан негізгі міндеттердің бірі – медициналық қызметкердің әкімшілік жүктемесін азайтып, цифрлық жүйелерді дәрігердің күнделікті жұмыс процесіне барынша ыңғайлы ету», – дейді ол.
Русана Сулаймонова медициналық ақпараттық жүйелердің енгізілуі дәрігерлердің жұмысын жеңілдеткенімен, іс жүзінде медицина қызметкерлері әлі де бірқатар цифрлық кедергілерге тап болып отырғанын баса айтты. Депутат медициналық ақпараттық жүйелерді пайдалану барысында туындайтын үш негізгі мәселеге назар аударды.
«Біріншіден, пациенттің маңызды медициналық деректері жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасқандықтан, дәрігер оларды қайта іздеуге немесе енгізуге мәжбүр. Бірыңғай анамнездің болмауы толық ақпаратты жылдам алуды қиындатып, дәрігердің уақытын алады.
Екіншіден, техникалық ақаулар немесе интернет болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету қиындайды. Бұл әсіресе шалғай ауылдар мен цифрлық мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін өзекті.
Үшіншіден, кейбір көрсеткіштер медицина қызметкеріне ғана емес, пациенттің өзіне де байланысы. Дәрігер пациентті шақырып, хабарлап, жолдама бергенімен, пациент келмеуі, бас тартуы немесе байланысқа шықпауы мүмкін», – дейді Құрылтай депутаты.
Депутат атап өткендей, пациенттің бұрынғы диагноздары, созылмалы аурулары, аллергиясы, қабылдайтын дәрілері мен талдау нәтижелері дәрігерге бір жерден көрінуі аса маңызды.
Бұл әсіресе, емделуші әртүрлі емхана мен ауруханаға барған кезде маңызды. Егер дәрігер қажетті ақпаратты бірнеше жүйеден іздеуге мәжбүр болса, уақыт жоғалтатыны сөзсіз. Ал мәліметтердің толық болмауы дұрыс медициналық шешім қабылдауға да кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан жаңа жүйелерді көбейтуден гөрі, қолданыстағы жүйелерді біріктіріп, дәрігерге қажетті ақпаратты бір жерден автоматты түрде көрсетуге бағытталуы керек. Рашид Исмаилов медициналық ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялау бұл мәселені азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Дәрігер пациенттің барлық маңызды ақпаратын бір жерден көре алуы үшін медициналық ақпараттық жүйелердің өзара интеграциясын дамыту маңызды. Дәрігерге пациенттің диагноздары, зертханалық және диагностикалық зерттеу нәтижелері, тағайындаулар, дәрілік заттар және басқа да маңызды медициналық ақпарат қолжетімді болуы қажет. Мұндай тәсіл ақпаратты әртүрлі жүйелерден бөлек іздеу қажеттілігін азайтып, клиникалық шешім қабылдау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді», – дейді Рашид Исмаилов.
Цифрлық медицинаның тиімді жұмыс істеуі интернет пен ақпараттық жүйелердің тұрақты болуына тікелей байланысты. Бұл әсіресе, Русана Сулаймонова атап өткендей, шалғай ауылдар үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті. Себебі байланыс сапасының төмендігі немесе жүйелердегі ақаулар медициналық қызмет көрсету процесін қиындатуы мүмкін.
23 мың дәрігер жетіспейді
Депутаттық сауалда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – медицина қызметкерінің атқарған жұмысының толық ескерілмеуі.
Мысалы, дәрігер пациентті қабылдауға шақырып, хабарлама жіберді делік. Бірақ пациент қабылдауға келмеді немесе медициналық көмектен бас тартты. Мұндай жағдайда дәрігердің әрекеті мен пациенттің әрекетін бір көрсеткішпен бағалау әділетті бола бермейді.
Сондықтан медициналық ақпараттық жүйеде «Дәрігер не істеді?» деген ақпарат та толық көрінуі керек. Бұл дәрігердің нақты атқарған жұмысын объективті бағалауға мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл медицина қызметкерлері тапшы жағдайда маңызды.
Ведомствоның дерегі бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтарда еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 276 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Соған қарамастан елімізде дәрігерлер тапшылығы 23 161 штаттық бірліктен асады. Яғни, дәрігер уақытының әр минуты маңызды. Мұндай жағдайда дәрігердің уақытын қағазбастылық пен техникалық процестерге емес, пациентке жұмсауының маңызы арта түседі. Кадр тапшылығы жағдайында медицина қызметкерін қажетсіз цифрлық және әкімшілік істерден босату – жай ғана технологиялық мәселе емес, медициналық көмектің қолжетімділігіне тікелей қатысты мәселе.