Балқаш көліне батып кеткен балықшының денесі табылды

6 қазан, 2026 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Қарағанды облысында Балқаш көлінде балық аулау кезінде жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 26 қыркүйекте Ақтоғай ауданында, Тасарал ауылынан шамамен 20 шақырым жерде болған. 1970 жылы туған ер адам балық аулау кезінде суға батып кеткен.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін іздеу жұмыстарына Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жұмылдырылған.

Бірнеше күнге созылған іздеу барысында сүңгуірлік жабдықтар мен қашықтан басқарылатын суасты аппараты қолданылған. Құтқарушылар көл аумағын күндізгі уақытта тексерген.

«Құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп, балық аулау торын пайдаланып, көлді тексерді. Жағалаудан 2,5 шақырым жерде, шамамен 4-5 метр тереңдіктен марқұмның денесі табылып, судан шығарылды», – делінген хабарламада.

ТЖД мәліметінше, іздеу жұмыстарына ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтірген. Көлде қатты жел соғып, толқын көтерілген.

Тэгтер:

балық Балқаш көл