Беларусьтің Чечерск қаласында граф Чернышев-Кругликовқа тиесілі болған тарихи сарай аукционға шығарылды. Нысанның бастапқы бағасы – 45 беларусь рублі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Екі қабатты кірпіштен салынған ғимараттың аумағы – 1129 шаршы метр. Сарай тарихи-мәдени құндылық мәртебесіне ие. Ғимаратта орталық жылыту, су құбыры, кәріз, электр желісі және желдету жүйесі бар.
Алайда символикалық бағаның өз талаптары бар. Аукцион жеңімпазы тарихи нысанды қорғау жөніндегі міндеттемені рәсімдеп, сарайда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Реставрация сатып алу-сату келісімшарты жасалғаннан кейін 24 ай ішінде аяқталуы керек.
Сарайдың тарихы XVIII ғасырға барып тіреледі. 1774 жылы Чечерск жерін Екатерина II граф Захар Чернышевке сыйлаған. Сарайдың құрылысы бірнеше кезеңмен жүргізіліп, 1860 жылы аяқталған. Ғимараттың сәулетінде классицизм, романтизм және кеш готика элементтері үйлескен.
Әртүрлі жылдары бұл жерде Екатерина II, Николай I, Александр II және ақын Александр Пушкин болғаны айтылады. Кейін сарайда земство мектебі, балалар кітапханасы және Пионерлер үйі орналасқан. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ғимарат ат қора ретінде пайдаланылған.
Бұл сарайды бұған дейін де сатуға бірнеше рет әрекет жасалған. Алғашқы сауда кезінде нысанның бағасы 300 мың долларға жуық болған. Кейін баға бірнеше рет төмендетіліп, 45 беларусь рубліне дейін түскен. Бұған дейінгі аукциондарда сатып алушы табылмаған.
Кезекті сауда 28 қыркүйекке жоспарланған.