Ақтөбеде апалы-інілі бауырлар жоқ пәтерлерді жалға беріп, ақша алған

Бүгін, 10:22 / Алуа Арман
polisia.kz

Ақтөбеде полиция қызметкерлері  бірнеше интернет алаяқтық жасады деген күдікпен екі жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, күдіктілер танымал интернет платформада пәтерді жалға беру туралы хабарлама орналастырған. Алматы қаласынан “жалға берілетін” пәтердің фотосуреттерін жүктеп, қызықтырарлық баға ұсынған. Жазғы демалыс кезінде Алматыға қыдырып бармақ болған бірнеше ақтөбелік осы жалған хабарламаның құрбаны болған.

Қоңырау шалғандарға күдіктілер өздерін пәтер иелері ретінде таныстырған. Алдын ала төлем талап етіп, 10 мыңнан бастап 55 мыңға дейінгі сомадағы ақша аудартқан. Ақшаны иеленгеннен кейін жәбірленушілермен байланысты тоқтатқан.

Қазіргі уақытта төрт жәбірленуші анықталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің Ақтөбе қаласынан екені анықталды. Алаяқтық жасады деп күдікке ілінген 33 жастағы әйел мен 24 жастағы ер адамның туған әпкелі-інілі екені белгілі болды.

Полиция бөліміне жеткізілген күдіктілер өз кінәларын мойындады. Алаяқтық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Алаяқ Ақтөбе пәтер жалға беру