Мектеп оқушыларын кітап оқуға ынталандыру мәселесі – білім беру саласындағы ең өзекті бағыттың бірі. Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру» туралы Жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейтуге үлкен серпін береді. Өйткені кітап оқу – баланың тек білімін арттырып қана қоймай, оның ойлау қабілетін, сөздік қорын, дүниетанымын, талғамын қалыптастыратын, ең бастысы, өз ойын еркін әрі сауатты жеткізуге үйрететін рухани құрал.
Оқушыны кітап оқуға «міндеттеу» жеткіліксіз. Ең маңыздысы – кітапты баланың күнделікті өмірінің табиғи әрі қызықты бір бөлігіне айналдыру. Ол үшін мектепте кітап оқуға деген ішкі қажеттілікті қалыптастыратын орта болуы керек.
Бірінші кезекте мектеп кітапханасының рөлін күшейту қажет. Мектеп кітапханасы тек оқулықтар сақталатын «қойма» емес, оқушы қызығушылығын оятатын заманауи білім мен мәдениеттің орталығы болуға тиіс. Мысалы, кітапханада әр сынып оқушыларының жас ерекшелігіне қарай «Оқуға ұсынылатын 20 кітап», «Осы айда оқуға болатын 5 шығарма», «Жасөспірімдерге арналған үздік кітаптар» секілді арнайы сөрелер ұйымдастыруға болады.
Екінші маңызды қадам – мектепте тұрақты түрде кітап оқу уақытын енгізу. Мысалы, аптасына бір рет 20-30 минутты «Тыныш оқу сағатына» арнауға болады. Бұл уақытта мектеп басшысынан бастап мұғалімдер мен оқушыларға дейін өздері таңдаған кітапты оқиды. Мұндай бастама оқушыға кітап оқудың міндет емес, күнделікті әдет екенін көрсетеді.
Үшіншіден, кітап оқуды жарыс пен марапаттау жүйесі арқылы қызықты етуге болады. Мектепте «Ең көп кітап оқыған сынып», «Айдың үздік оқырманы», «Үздік кітап шолушы», «Кітапты көп оқитын отбасы» сияқты номинациялар енгізілсе, балалардың ынтасы артады. Бірақ мұнда бір ғана мақсат – кім көп кітап оқығанын анықтауға бой ұрмай, оқыған шығармасын қаншалықты түсінгенін, өз ойын қалай жеткізе алатынын бағалау болуы керек.
Төртіншіден, әдеби шығармаларды қазіргі заманғы форматтармен ұштастыру қажет. Бүгінгі оқушы цифрлық ортада өсіп келеді. Сондықтан кітапты тек қағаз нұсқасынан оқымай, электронды кітаптарды, аудиокітаптарды, әдеби подкасттарды тиімді пайдаланған жөн. Мысалы, оқушы белгілі бір шығарманы оқып қана қоймай, сол кітап туралы қысқа бейнеролик немесе подкаст дайындаса, оның шығарманы түсіну деңгейі тереңдей түседі. «Бір кітап – бір бейнеролик» жобасы арқылы оқушылар өздері оқыған шығарманы 1-2 минуттық видео арқылы таныстыра алады.
Бесіншіден, кітап оқуды пәндермен байланыстыруға ерекше мән берген жөн. Кітап оқу тек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің міндеті деген түсініктен арылуымыз керек.
Алтыншыдан, ата-анамен жұмысты күшейту өте маңызды. Баланың кітап оқу мәдениеті мектепте ғана қалыптаспайды. Егер үйде ата-ана теледидар немесе телефон қарап отырғанда, баладан кітап оқуды талап етсек, оның нәтижесі шектеулі болады. Сондықтан мектеп «Отбасылық оқу» жобасын қолға алып, айына бір кітапты ата-анасы мен баласының бірге оқуын ұсынса, құба-құп. Кейін сол кітап бойынша отбасылық пікірталас, эссе немесе шағын кездесу ұйымдастыруға болады.
Жетінші бағыт – мектепте кітап авторларымен, ақын-жазушылармен, журналистермен, ғалымдармен кездесулерді көбейту. Оқушы кітапты жазған адаммен жүздесіп, оның шығармашылық жолын, кітап жазудағы мақсатын, кейіпкерлердің портретін қалай жасағанын естісе, әдеби шығармаға арта түседі.
Тағы бір маңызды мәселе – оқушыға кітап таңдау еркіндігін беру. Кейде біз балалардың кітап оқуға қызықпайтынына шағымданамыз, бірақ олардың жасына, қызығушылығына, психологиялық ерекшелігіне сай кітап ұсына бермейміз. Бір оқушы фантастиканы жақсы көреді, екіншісі тарихи шығармаларға қызығады, үшіншісі шытырман оқиғаларды ұнатады. Сондықтан «осы кітапты ғана оқы» дегеннен гөрі, «осы бірнеше кітаптың ішінен өзіңе ұнағанын таңда» деген тәсіл тиімдірек.
Ең бастысы – бала кітап оқуды бастап кетуі керек. Уақыт өте келе оның әдеби талғамы да қалыптасады.
Президенттің бұл бастамасы мектептерге үлкен жауапкершілік жүктейді деп ойлаймын. Зерделі ұлт қалыптастыру бір күнде жүзеге асатын жұмыс емес. Ол баланың кішкентай кезінен кітаппен дос болуынан, мұғалімнің үлгі көрсетуінен, ата-ананың қолдауынан, мектеп кітапханасының мазмұнынан және жалпы қоғамның кітапқа шын құрметінен басталады.
Сондықтан біз кітап оқуды науқандық іс-шара деп қарамай, мектеп мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде қалыптастыруымыз керек. Мектепте кітап туралы сөйлесетін, кітап ұсынатын, кітап талқылайтын, оқығанын өмірмен байланыстыратын орта қалыптасса, оқушының кітапқа деген көзқарасы да өзгереді.
Мен мектеп директоры ретінде «оқушыға кітап оқытамыз» деген ұстанымнан гөрі, «оқушының кітапты өзі іздеп, өзі таңдап, қызығып оқитын жағдай жасаймыз» деген қағиданы дұрыс деп есептеймін. Өйткені шынайы оқырманды мәжбүрлеу арқылы емес, қызығушылық арқылы қалыптастырамыз.
Кітап оқитын бала – ойланатын бала. Ойланатын бала – өз пікірін қалыптастыратын азамат. Ал өз пікірін қалыптастыра алатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықты бағалайтын, әлемдік ой-өріске ашық ұрпақ – зерделі ұлттың негізі.
Бүгінде балалардың дүниеге көзқарасы, ақпаратты қабылдауы, қарым-қатынас жасауы бұрынғы ұрпақтан айтарлықтай өзгеше. Смартфон, әлеуметтік желі, қысқа бейнероликтер мен цифрлық контент – қазіргі оқушының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан Z ұрпақты кітап оқуға ынталандыру мәселесіне де бұрынғы тәсілмен қарау жеткіліксіз деп ойлаймын.
Мұнда ең бастысы – баланы гаджеттен күштеп ажырату емес, цифрлық әлем мен кітап мәдениетінің арасынан дұрыс байланыс орнату. Ал бұл жұмыстың нәтижелі болуы үшін қоғам, мектеп және ата-ана үштағаны бір бағытта жұмыс істеуі қажет.
Меніңше, ең алдымен, бәріміз бір нәрсені түсініп алуымыз керек: қазіргі баланың кітап оқымауын тек смартфоннан көру – мәселені тым жеңілдету. Смартфон – себептердің бірі ғана. Егер бала үйде де, мектепте де кітапқа қызығушылықты көрмесе, оның кітап оқуға деген ішкі қажеттілігі қалыптаспайды. Сондықтан баланың айналасында кітап оқуды табиғи, беделді әрі қызықты құбылысқа айналдыратын орта қалыптастыруымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, «қоғам – мектеп – ата-ана» байланысын біртұтас жүйе ретінде қарастырған жөн.
Ең алдымен, мектеп осы үштағанның ұйымдастырушы орталығы болуы тиіс. Себебі бала күнінің едәуір бөлігін мектепте өткізеді. Мектепте кітап оқуға жағдай жасалып, мұғалімдер өздері үлгі көрсетіп, кітап оқу жүйелі түрде ұйымдастырылса, оның міндетті түрде нәтижесі болады.
Ал ата-анаға келсек, олардың рөлі ерекше. Баланың кітапқа деген көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Үйде кітап оқитын ата-ана болса, баланың да кітапқа құмарлығы артады. Сондықтан ата-анаға «Балаңыз кітап оқысын» деп талап қойғаннан гөрі, «Балаңызбен бірге кітап оқыңыз» деген ұсыныс жасаған дұрыс.
Мысалы, отбасында күн сайын кешкі сағат 20:00-де 20 минутты «отбасылық оқу уақыты» ретінде белгілеуге болады. Бұл уақытта ата-ана телефонды бір шетке қойып, баласымен бірге кітап оқиды. Кейін әркім оқығанынан бір қызықты ойды айтып береді. Мұндай қарапайым әдет баланың кітапты отбасы мүшелерімен бірге өткізетін жағымды уақыт ретінде қабылдауына ықпал етеді.
Тағы бір тиімді жоба – «Бір отбасы – бір кітап». Мектеп ай сайын бір шығарманы ұсынып, ата-ана мен бала сол кітапты бірге оқып, кейін мектепте пікір алмасуға қатыса алады. Мұндай іс-шарада ата-ананың да, баланың да пікірі тыңдалады. Бұл әрі кітап оқуға, әрі отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге ата-аналардың барлығында кітап оқуға бірдей мүмкіндік бар деп қарауға болмайды. Сондықтан мектеп ата-анамен жұмыс істегенде кінәлау емес, қолдау принципін ұстануы керек. «Балаңыз неге кітап оқымайды?» дегеннен гөрі, «Балаңызға қандай кітап қызық болуы мүмкін?», «Онымен кітап оқу әдетін қалай қалыптастыра аламыз?» деген бағытта кеңес берген дұрыс.
Қоғамның да жауапкершілігі зор. Егер біз балаларға кітап оқуды насихаттап, бірақ қоғамдық ортада кітаптың беделін көтермесек, нәтиже шектеулі болады. Сондықтан кітапханалар, мәдениет үйлері, кітап дүкендері, шығармашылық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдар мектептермен бірлесіп жұмыс істеуі қажет.
Қоғам – мектеп – ата-ана бірлестігінің тағы бір маңызды қағидасы – талаптың бірізділігі. Мектепте «телефонды аз қолдан, кітап оқы» деп, үйде ата-ана баланың қолына шектеусіз телефон ұстатса, ортақ нәтиже болмайды. Сол сияқты ата-ана баладан кітап оқуды талап етіп, өзі бос уақытын түгел әлеуметтік желіде өткізсе, баланың оны қабылдауы қиын.
Осының барлығын біріктіретін негізгі қағида – баланы кітапқа жақындату үшін үш ортаның бір-бірін толықтыруы.
Қоғам – кітаптың беделін көтеруі керек. Мектеп – кітап оқуға жағдай жасап, жүйелі мәдени орта қалыптастыруы керек. Ата-ана – үйде баласына жеке үлгі көрсетуі керек.
Зерделі ұрпақ қалыптастыру да дәл осыдан басталады. Кітап оқитын бала – ақпаратты жай қабылдамайды, оны саралайды. Кейіпкердің іс-әрекетін бағалайды, салыстырады, сұрақ қояды, пікір қалыптастырады. Ал мұндай дағдылар қазіргі ақпараттық заманда бұрынғыдан да маңызды.
Сондықтан Z ұрпағын кітап оқуға баулу – тек мектептің немесе ата-ананың міндеті емес. Бұл – қоғамның ортақ мәдени жобасы. Мектеп пен ата-ана бір бағытта жұмыс істеп, қоғам кітапқа деген құрметті арттырса, бүгін смартфон ұстап отырған баланың ертең саналы түрде кітап таңдайтын оқырманға айналуына толық мүмкіндік бар.
Біз кітап пен гаджетті бір-біріне қарсы қоймауымыз керек. Мысалы, мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында «Аптаның кітабы», «Оқушы ұсынған кітап», «Мұғалімнің сүйікті кітабы» сияқты айдарлар жүргізуге болады.
Қазіргі мектептің міндеті – баланы смартфоннан толық ажырату емес. Біздің міндетіміз – оның назарын дұрыс бағыттау. Гаджет арқылы аудиокітап тыңдауға болады, электронды кітап оқуға болады, кітап туралы подкаст тыңдауға болады, автор туралы ақпарат іздеуге болады. Бірақ цифрлық мүмкіндіктердің барлығы баланы түпкі мақсат-қа – оқуға, ойлануға, ізденуге жетелеуі тиіс. Сондықтан мектебіміздегі кітап оқу клубтарын да заман талабына сай жаңғыртып, тек кітап талқылайтын орта емес, пікірталас, шығармашылық, медиа және көшбасшылық алаңы ретінде дамытуға болады.
Фатима ӘЛИАКБАРОВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Алматы қаласы
№206 мектебінің директоры