Павлодарда халықтан 3 млрд теңге алған «ХАС» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды

Бүгін, 10:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодарда «ХАС» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2022–2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Астана қаласы мен Павлодар облысының тұрғындары қатарынан таныстарын тарта отырып, азаматтардың ақшалай қаражатын жинаған қылмыстық топ ұйымдастырған. Топ елорда, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа да қалалардың тұрғындарынан ақша қаражатын тартқан.

Жоғары табыс туралы уәделерге сенген 376 азамат қаржы пирамидасының қатысушыларына 2 млрд теңгеден астам қаражат берген.

Топты ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, ал басқа қатысушыларға жазаның әртүрлі түрлері мен мерзімдері тағайындалды.

Қылмыстық жолмен табылған мүлік, атап айтқанда Астана және Павлодар қалаларындағы жер учаскелері мен пәтерлер, 18 автокөлік, сондай-ақ 300 млн теңгеден астам ақшалай қаражат тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұл ретте зардап шеккендердің құқықтарын қорғау мұнымен аяқталған жоқ. Кейінгі жұмыс барысында тағы 139 жәбірленуші анықталып, оларға 882 854 500 теңге мөлшерінде залал келтірілгені анықталды. Жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп, қажетті дәлелдемелер жиналды. Осыдан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сенімді дәлелдемелер ұсынып, қылмыстық схеманың жүзеге асырылу тетігін және оның жәбірленушілер үшін салдарын ашып көрсетті. Азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауға және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісті: кінәлі тұлғалар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 3 млрд теңге болатын залал келтірілген 515 азаматтың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілді, олардың бір бөлігіне келтірілген залал іс жүзінде өтелді.

Прокуратура азаматтардың ақшалай қаражатын тартудың заңсыз схемаларын анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Бұл ретте мақсат – кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту ғана емес, азаматтардың бұзылған құқықтарын нақты қалпына келтіру.

Прокуратура ескертеді: қысқа мерзім ішінде кепілдендірілген аса жоғары пайда табуға уәде беру – қаржы пирамидасының негізгі белгілерінің бірі. Ақшалай қаражатты бермес бұрын ұйым қызметінің заңдылығын және тиісті рұқсаттарының бар-жоғын тексеру қажет.

Тэгтер:

Павлодар Қаржы пирамидасы