«Пәтерін су басқан»: Жамбыл облысының тұрғыны көршілерін сотқа беріп, ақша өндірді

Бүгін, 15:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

2025 жылғы желтоқсан айында талап қоюшының Қаратау қаласындағы пәтерін жоғары қабатта орналасқан пәтерден су ағуына байланысты бірнеше рет су басып қалған. Нәтижесінде су қабырғаларға зақым келтірілген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Су басу фактісі Қаратау қаласы әкімдігі аппаратының тексеру актісімен расталған. Есепке сәйкес, жөндеу жұмыстарының құны 1,3 млн теңгені құраған. Залал мөлшерін бағалауға жұмсалған шығындарды ескере отырып, талап қоюшы екі жауапкерден 1,4 млн теңгеден астам соманы өндіріп алуды сұрады.

Татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде татуластырушы-судьяның қатысуымен тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізді.

Келісімге сәйкес, жауапкерлер талап қоюшыға 2026 жылғы қыркүйектен бастап 2027 жылғы сәуірге дейін ай сайын 100 мың теңгеден 800 мың теңге бірлесіп төлеуге міндеттенді.

Сонымен қатар, жауапкерлер сот сараптамасы үшін шығыстар ретінде мемлекет кірісіне 112 мың теңгені бірлесіп төлеуге міндеттенді.

Талап қоюшы өз кезегінде талап қоюдан бас тартты.

Сот келісімнің шарттары заңға қайшы келмейтінін және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын ескере отырып, оны бекітті және іс бойынша өндірісті тоқтатты.

Талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж қайтарылды.

Осылайша, дау жанжалмен емес, тараптардың татуласуымен аяқталды. Медиация қатысушыларға міндеттемелерді орындау тәртібін дербес анықтауға және дауды түпкілікті реттеуге мүмкіндік берді.

Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

пәтер Жамбыл облысы су басу Қаратау