Қарағанды тұрғыны біреудің пәтеріне балконнан кіріп, иесін пышақпен қорқытқан

Бүгін, 15:56 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қарағандыда пәтерге балкон арқылы кіріп, тұрғынды пышақпен қорқытып, телефонын алып кеткен 22 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті пәтерді бірнеше күн бойы бақылап, тұрғындардың үйде болмайтын уақытын анықтаған.

Кейін екінші қабаттағы пәтерге балкон арқылы кірген. Алайда пәтер ішінде ол үй иесімен күтпеген жерден бетпе-бет келген. Күдікті пышақпен қорқытып, ақша беруді талап еткен.

Тұрғын ақша беруден бас тартқан соң, қаскүнем үстел үстінде тұрған ұялы телефонды алып, пәтерден балкон арқылы шығып кеткен.

Оқиға туралы полицияға хабар түскен бойда жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып, қажетті бастапқы іс-шараларды жүргізді.

Күдіктінің белгілері анықталып, оны іздеуге бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Нәтижесінде Қарағанды қаласы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

Ұстау кезінде одан жәбірленушіге тиесілі телефон тәркіленіп, заттай дәлел ретінде іске тіркелді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленеді.

Тэгтер:

күдікті Қарағанды пәтер балкон ұры