"Дата-орталық тамақ болмайды": фермерлер 26 млн доллардан бас тартты

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тың Кентукки штатында фермер отбасы жерін дата-орталық салуға беру үшін ұсынылған 26 млн доллардан астам қаржыдан бас тартты. 82 жастағы Ида Хаддлстон мен оның қызы Делсия Бэр ауыл шаруашылығы жерін сақтап қалуды ақшадан маңызды деп санайды, деп хабарлайды turkystan.kz gizmodo.com-ға сілтеме жасап.

Отбасының Мейсвилл қаласы маңындағы жері бірнеше ұрпақтан бері мұра болып келеді. Жалпы иеліктерінің көлемі шамамен 1 200 акр, яғни 486 гектар. Хаддлстонға өзіне тиесілі 71 акр жердің әр акры үшін 60 мың доллар, ал қызына 463 акр жердің әр акры үшін 48 мың доллар ұсынылған. Екі ұсыныстың жалпы құны 26 млн доллардан асқан.

Жерді сатып алғысы келген компанияның аты әлі жарияланған жоқ. Бұл аумақта ірі дата-орталықтар кешенін салу жоспарланып отыр. Мамыр айында Мейсон округінің билігі жоба үшін жалпы аумағы 2080 акр болатын 28 жер телімінің мақсатын өнеркәсіптік пайдалануға ауыстыруды мақұлдады. Жоспар бойынша онда алты ірі дата-орталық ғимараты мен үш электр қосалқы станциясы салынуы мүмкін.

Ида Хаддлстон мен Делсия Бэр бастапқыда жерді сатуға келісім берген. Отбасы жер мәжбүрлі түрде мемлекет қажетіне алынуы мүмкін деп қауіптенген. Алайда кейін олар шешімін өзгертіп, келісімнен бас тартқан. Қазір отбасы жобаның жүзеге асуына қарсы сот процесіне де қатысып жатыр. Фермерлерді ең алдымен ауыл шаруашылығы жерінің азаюы, су ресурстарына түсетін салмақ және дата-орталықтың қоршаған ортаға ықтимал әсері алаңдатады.

«Егер тамағың, суың болмаса, тыныс ала алмасаң ақшаның еш мәні жоқ. Жаңа жер жасап шығара алмайсың. Дата-орталықтан тамақ болмайды», деген Хаддлстон.

Отбасы үшін бұл жердің тарихи маңызы да ерекше. Олардың айтуынша, ата-бабалары мұнда бірнеше ұрпақ бойы шаруашылық жүргізген. Ұлы депрессия жылдарында да осы жерден бидай өсіріліп, мұқтаж адамдарға нан дайындауға пайдаланылған.

Дегенмен аудандағы барлық жер иесі олардың шешімін қолдамаған. Көршілес бірқатар жер телімінің иелері өз жерлерін сатуға келіскен және дата-орталық жобасы Хаддлстон отбасының қарсылығына қарамастан әрі қарай жылжып жатыр.

Жоба жақтастары дата-орталықтың өңірге инвестиция әкеліп, құрылыс кезінде мыңдаған уақытша жұмыс орнын ашатынын алға тартады. Ал қарсы тарап ауыл шаруашылығы жері, су мен электр энергиясына түсетін ұзақ мерзімді салмақты бірінші орынға қою керек деп есептейді.

Тэгтер:

ақша тамақ дата орталық