Ұлытау облысында көрші ауылдың 165 қойын сатып жіберген шопан ұсталды

Бүгін, 11:52 / Алуа Арман
polisia.kz

Ұлытау облысында мал бағуға жалданған ер адамның көрші қыстақтағы 165 бас қойды заңсыз иемденіп, басқа өңірге сатып жібермек болған әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Жаңаарқа ауданында болған. Мал иесі отарындағы қойлардың түгел еместігін байқап, полицияға жүгінген.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті көрші қыстақтағы қойларды өз қорасына айдап жинап, өзін олардың заңды иесі ретінде көрсеткен. Кейін ештеңеден күдіктенбеген сатып алушылармен келісіп, 165 бас қойды жүк көлігіне тиеп, басқа өңірге жөнелткен.

Жаңаарқа аудандық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, малдың Жамбыл облысына қарай жөнелтілгенін анықтады.

Ұлытау облысы полиция департаментінің қызметкерлері жедел әрекет етіп, Тараз қаласындағы мал базарынан қойларды сатып алған азаматтарды анықтады. Нәтижесінде 165 бас қойдың барлығы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция азаматтарға мал сатып алу кезінде оның заңды тиесілігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ ветеринариялық анықтамалар мен өзге де қажетті құжаттарды мұқият тексеруге кеңес береді. Заңды рәсімделмеген малды сатып алу азаматтарды мүліктік шығынға ұшыратып қана қоймай, құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Тэгтер:

Ауыл қой Ұлытау облысы шопан Жаңаарқа қойшы