Ауласында ағашы көп адамдар жақсырақ ұйықтайды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Қаланың сыртқы келбеті мен тұрғындардың ұйқы сапасы арасында байланыс бар екені анықталды. Жапониядағы Метрополитен университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде ағашы көп әрі қауіпсіз деп қабылданатын аудандарда тұратын адамдардың ұзағырақ ұйықтайтыны белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz sciencedirect.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеу барысында мамандар Google Street View сервисіндегі 200 мыңнан астам панорамалық суретті жасанды интеллект көмегімен талдаған. Компьютерлік көру технологиясы әр көшедегі ағаштар, ғимараттар, жолдар, тротуарлар, көліктер, жаяу жүргіншілер және басқа да қалалық инфрақұрылым элементтерін автоматты түрде анықтаған.

Кейін бұл мәліметтер Токиода көпқабатты үйлердің төменгі қабаттарында тұратын 1 089 жұмыс істейтін тұрғынның ұйқы туралы деректерімен салыстырылды. Зерттеушілер дәл осы тұрғындар көшенің сыртқы ортасымен көбірек байланыста болады деп есептеген.

Зерттеу нәтижесі бойынша, көшелерде жасыл желек пен ағаштар неғұрлым көп болса, тұрғындардың ұйқысы соғұрлым ұзақ болған. Сондай-ақ өз ауданын қауіпсіз деп санайтын адамдардың да жақсырақ ұйықтайтыны анықталған. Қызықты тұжырымдардың бірі – биік ғимараттар қоршаған көшелерде тұратын адамдар арасында ұйқысыздықтың сирек кездесуі. Ғалымдардың пікірінше, мұндай сәулеттік орта адамдарға өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуге көмектесуі мүмкін.

Ал ең күтпеген нәтиже жаяу жүргінші инфрақұрылымына қатысты болды. Тротуарлары мен жаяу жүргінші аймақтары көп аудандарда тұратын адамдар өздерін қауіпсіздеу сезінбеген әрі орта есеппен аз ұйықтаған. Зерттеушілер мұны мұндай көшелердің әдетте халық пен көлік қозғалысы тығыз болатындығымен байланыстырады. Сондықтан дамыған инфрақұрылым әрдайым психологиялық жайлылықты қамтамасыз ете бермейді.

Ғалымдардың айтуынша, бұл әдіс болашақта қалалардың қауіпсіздігін, шу деңгейін, көшелердің тартымдылығын және тұрғындарға қолайлылығын автоматты түрде бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай деректерді жаңа тұрғын аудандарын жоспарлау кезінде пайдалану халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесуі мүмкін.

Тэгтер:

ұйқы ағаш аула