Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру нарығы 330 млрд теңгеден асты

Бүгін, 12:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру және пайдалану саласындағы қызмет көлемі өсуді жалғастыруда. 2026 жылдың қаңтар – наурыз айларында бұл көрсеткіш 333,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Finprom.kz мәліметінше, қызметтердің жалпы көлемінің ішінде халықтың қаражаты есебінен төленген операциялар 53,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3%-ға көп.

2025 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үйді жалға беру және пайдалану саласындағы қызмет көлемі 830,2 млрд теңгені құрап, бір жыл ішінде небәрі 0,3%-ға өсті. Дегенмен, 2019 жылмен салыстырғанда нарық көлемі 2,5 есе ұлғайған.

2020 жылы нарық көлемі 3,7%-ға қысқарғаннан кейін сала тұрақсыз даму кезеңін бастан өткерді: 2021 жылы өсім 28,1% болса, 2022 жылы 8,9%-ға төмендеді. Кейін 2023 жылы бірден 42,1%-ға, ал 2024 жылы 57,1%-ға өсті.

Әсіресе халық төлейтін қызметтер көлемі айтарлықтай артты. 2024 жылы олардың көлемі 3,4 есе өсіп, 55,9 млрд теңгеден 188,7 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,1%-ға төмендеп, 180,9 млрд теңгені құрады. Соған қарамастан, ол алдыңғы жылдардағы деңгейден едәуір жоғары болып қалды.

Туристерге арналған тұрғын үйді жалға беру

Нарық құрылымында туристік салаға жататын жеке жылжымайтын мүлікті жалға беру қызметтері де жеке есептеледі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың көлемі 232,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 22,9%-ға өсті. Ал 2019 жылмен салыстырғанда бұл сегменттің көлемі шамамен төрт есеге артқан.

Нарықтағы ең үлкен үлесті бұрынғыдай пәтерлер мен үйлерді қарапайым жалға беру қызметтері қамтиды. 2025 жылы мұндай қызметтердің көлемі 7,2%-ға төмендеп, 575,5 млрд теңгені құрады.

Сарапшылардың айтуынша, бұған дейін, 2024 жылы, бұл сегмент бірден 93,5%-ға өскен болатын. Олар мұндай күрт өсімді бірыңғай жиынтық төлемнің (БЖТ) күшін жоюынан кейін жалға берушілердің бір бөлігінің басқа салық режимдеріне ауысуы нәтижесінде жалға беру айналымының ресми есепке көбірек алынуымен байланыстырады.

Сонымен қатар халықтың өзі төлейтін тұрғын үйді жалға алу қызметтерінің көлемі өсуін жалғастырды. Бір жыл ішінде ол 6,5%-ға артып, 154,6 млрд теңгеге жетті. Мұндай қызметтердің нарықтағы үлесі 23,4%-дан 26,9%-ға дейін өсті.

Нарық көлемі тұрақталғанымен, жалдау бағасы өсуін жалғастырып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы маусымда жайлы тұрғын үйді жалдау ақысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға жоғары болды. Бұл өткен жылғы маусымдағы 12,7%-дық өсімнен де жоғары.

Жалдау бағасының ең қарқынды өсуі 2022 және 2023 жылдары байқалды. Ол кезде жылдық өсім тиісінше 23,6% және 25,4% болған.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалдау ақысы тағы 2,1%-ға өсті. Ақпан мен наурыз айларында баға аздап төмендегенімен, сәуірден бастап қайта өсіп, мамыр мен маусым айларында да жалғасты. Сарапшылар қазіргі жылдық қымбаттаудың едәуір бөлігі 2025 жылдың екінші жартысында қалыптасқанын атап өтеді.

Тұрғын үйді жалдау қай өңірлерде қымбат?

Тұрғын үйді жалдау ақысының ең жоғары өсімі Павлодар облысында тіркелді — 38,9%. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы — 35,2%, Қызылорда облысы — 19,6% және Ақтөбе облысы — 17,1%.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында жалдау ақысы 15,5%-ға, ал Шығыс Қазақстан облысында 15,3%-ға өсті.

Алматы қаласында жайлы тұрғын үйді жалдау құны бір жылда 14%-ға, Астанада 13,7%-ға, Шымкентте 11,3%-ға қымбаттады.

Ең төмен өсім Ақмола облысында тіркелді — 5,1%. Батыс Қазақстан облысында жалдау ақысы 5,5%-ға, ал Ұлытау облысында 7,1%-ға өсті.

Сарапшылардың пікірінше, жалдау ақысының екі таңбалы қарқынмен өсуі сақталған жағдайда, нарықтың басты мәселесі тұрғын үйдің қолжетімділігі болып қала береді. Жалға берушілер мен жалға алушылар арасындағы қатынастарды заң жүзінде нақты рәсімдеу даулардың санын азайтуы мүмкін, алайда тұрғын үй ұсынысы артпайынша, бұл өздігінен бағаның өсуін тоқтата алмайды.

Тэгтер:

Баспана пәтер жалға беру Тұрғын үй Турист Жалға алу нарық