9 шілде күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Қазыбек би атындағы полиция бөліміне 29 жастағы қала тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, 44 жастағы әйел биылғы маусым айында сеніміне кіріп, қалада салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінен тиімді бағамен пәтер алып беруге уәде еткен. Осы мақсатта жәбірленушіден 6 млн теңге алып, кейін не пәтерді рәсімдемеген, не ақшасын қайтармаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жәбірленушінің арызы негізінде полицейлер жедел түрде кешенді іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізіп, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 44 жастағы әйелді анықтап, ұстады.
Тергеу барысында күдіктіге қатысты тағы 10 азаматтан дәл осындай мазмұндағы арыз түсті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол тұрғын үй алып беру сылтауымен адамдардың сеніміне кіріп, бұл заңсыз әрекетін 2023 жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырып келген.
Қазіргі уақытта анықталған жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі шамамен 70 млн теңгені құрайды.
Аталған дерек бойынша аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын және қосымша жәбірленушілерді анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті азаматтарды жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жасау кезінде сақ болуға, ақшалай қаражатты тек заңды рәсімделген келісімдер негізінде беруге және күмәнді делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырады.