Ғалымдар күндізгі жарық ұйқы сапасына әсер ететінін анықтады

13 шілде, 2026 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Күндіз жарықта көбірек жүру адамның ұйқы режиміне оң әсер етуі мүмкін. Манчестер университетінің ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу нәтижесі бойынша, күндізгі жарықты көбірек қабылдаған адамдар ертерек ұйықтап, ертерек оянуға бейім болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу npj Biological Timing and Sleep журналында жарияланды. Оған 89 ересек адам қатысқан. Қатысушылар бір апта бойы арнайы жарық сенсорларын және ұйқыны бақылайтын тұтынушылық трекерлерді тағып жүрген. Сонымен қатар олар күн сайын ұйқы күнделігін толтырған. Осылайша ғалымдар 500 күннен астам дерек жинаған.

Зерттеушілер меланопикалық жарық әсерін өлшеген. Бұл жарықтың адамның ішкі биологиялық сағатына, яғни циркадты ырғақтарына ерекше ықпал ететін бөлігі. Дәл осы жүйе адамның қашан сергек, қашан ұйқылы болатынын және ұйқының қаншалықты терең өтетінін реттеуге қатысады.

Талдау нәтижесінде күндіз жарқын жарықта көбірек болған қатысушылардың орта есеппен ертерек ұйықтап, ертерек оянатыны анықталды. Сонымен қатар апта бойы жарық режимі тұрақты болған адамдарда ұйқы уақыты да бірқалыпты болған.

Ғалымдар жарықтың тым күңгірт және тым жарқын орта арасында күрт ауыса беруі ұйқы сапасына әсер етуі мүмкін екенін айтады. Ал жарық режимі тұрақты болған қатысушыларда түннің алғашқы бөлігінде терең ұйқы көбірек байқалған. Терең ұйқы ағзаның қалпына келуі, есте сақтау қабілеті және жалпы көңіл күй үшін маңызды кезең саналады.

Зерттеудің жетекші авторы Алтуғ Дидикоглудың айтуынша, жарқын күндер мен тұрақты жарық режимі ұйқы үшін жай ғана жағымды фактор емес, дені сау ұйқының маңызды негіздерінің бірі болуы мүмкін. Оның сөзінше, күндіз табиғи жарықты тұрақты қабылдау түнгі демалыстың сапасын жақсартуға ықпал етуі ықтимал.

Мамандар қазіргі өмір салты табиғи жарық тәртібімен жиі сәйкес келмейтінін атап өтті. Көп адам күндіз ғимарат ішінде әлсіз жарықта отырады, ал кешке жарқын шамдар мен экрандарды пайдаланады. Соның салдарынан ағза күндіз жеткілікті жарық алмай, керісінше ұйқы алдында артық жарыққа ұшырайды.

Зерттеу барысында қатысушылардың ұйқы туралы жеке бағалауы көп жағдайда трекерлер көрсеткішімен сәйкес келген. Бірақ терең ұйқы немесе REM ұйқысы азайған кезде адамның өз ұйқысын бағалауы мен құрылғылар тіркеген дерек арасындағы айырмашылық ұлғая түскен.

Авторлар бұл зерттеу себеп-салдарды толық дәлелдемейтінін ескертеді. Яғни күндізгі жарықты көбейту ұйқы бұзылыстарын міндетті түрде жояды деп айтуға болмайды. Дегенмен нәтижелер күндіз табиғи жарықта көбірек болу және жарық режимін тұрақты ұстау ұйқы гигиенасының қарапайым әрі пайдалы бөлігі болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ғалымдар ұйқыны жақсарту үшін күндіз мүмкіндігінше табиғи жарықта болуға, кешке жарықты бәсеңдетуге және ұйқы алдында экран уақытын шектеуге кеңес береді. Мұндай қарапайым әдеттер ағзаның ішкі биологиялық сағатын тұрақтандыруға көмектесуі мүмкін.

Тэгтер:

ұйқы Күн