Адам ояу кезде де түс көруі мүмкін

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Ғалымдар өң мен түстің арасында адам санасы ерекше күйге өтетінін анықтады. Бұл кезең гипнагогия деп аталады. Ол адам ұйықтап бара жатқан сәтте пайда болады. Ми біртіндеп баяулайды, дене босаңсиды, тыныс тереңдейді. Бірақ сана бірден өшіп қалмайды. Керісінше, ол басқа режимге ауысады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осы уақытта адамның ойында өткен күннің үзік естеліктері, ертеңгі жоспарлар, кездейсоқ бейнелер, ән жолдары немесе түс секілді оғаш көріністер араласып кетуі мүмкін. Мұндай әсерлер өте тез өзгереді. Сондықтан оларды нақты сипаттау да, белгілі бір топқа бөлу де қиын.

Ұйқы мен ояулықтың шекарасында не болатынын түсіну үшін ғалымдар зертханада қалғып жатқан 103 еріктінің ми белсенділігін зерттеген. Электроэнцефалография әдісі арқылы мамандар адамның ояу күйін, жеңіл ұйқы кезеңін және тереңірек ұйқыға жақын сатыларын ажырата алған.

Зерттеу барысында қатысушыларды әртүрлі сәтте қысқа дыбыспен оятып, олардан жаңа ғана не туралы ойлағанын сұраған. Кейін еріктілер өз тәжірибесін бірнеше өлшем бойынша бағалаған. Атап айтқанда, көрген немесе сезген нәрсесі оғаш па, әлде таныс па, үздіксіз бе, әлде үзік-үзік пе, өздігінен пайда болды ма, әлде саналы түрде басқарылды ма деген сұрақтарға жауап берген. Сондай-ақ олар сол сәтте өздерін ояу сезінді ме, әлде ұйқыда болғандай әсер алды ма, соны да бағалаған.

Осылайша ғалымдар ұйықтап бара жатқан сәтке қатысты 375 сипаттама жинаған. Зерттеушілер бұл сипаттамаларды алдын ала «ой» немесе «түс» деп бөлмеген. Оның орнына машиналық оқыту алгоритмін қолданған. Алгоритм адамдардың жауаптарын ұқсастығына қарай топтастырған.

Нәтижесінде бірнеше негізгі тәжірибе түрі анықталды. Олардың қатарында естелік үзінділері, сыртқы ортаны қабылдау, жарқын әрі оғаш бейнелер және мақсатты ойлану болды. Мысалы, кейбір қатысушылар әкесінің бейнесін көргенін айтса, енді бірі көшедегі дыбыстарды естігенін жеткізген. Басқалары кішкентай бөтен ғаламшарлықтарды көргенін немесе ертеңгі жұмысы туралы ойланғанын айтқан.

Зерттеудің ең қызық тұсы осы тәжірибелердің тек ұйқыда ғана емес, ояу кезде де кездесуі болды. Олар адамның толық ояу күйінде де, ұйқының бастапқы кезеңінде де, одан кейінгі тұрақты ұйқы сатысында да байқалған. Бұл адамның ішкі тәжірибесін қарапайым түрде «ояу кезде логикалық ойлаймыз, ұйқыда түс көреміз» деп бөлуге болмайтынын көрсетеді.

Мысалы, ЭЭГ көрсеткіші бойынша бір қатысушы толық ояу болған. Бірақ ол өз денесінің үстімен құмырсқалар жорғалап жүргенін және артқы фонда сөзжұмбақтар болғанын айтқан. Ал ұйқының екінші сатысында жатқан басқа қатысушы жұмысын ойлап жатқанын жеткізген.

Ми сигналдарын талдау белгілі бір тәжірибе түрлеріне тән нейрондық белгілер бар екенін көрсетті. Мысалы, түс тәрізді көріністер кезінде мидың алыс орналасқан аймақтары арасындағы байланыс әлсірейді. Яғни мидың әртүрлі бөліктері бір-бірімен бұрынғыдай үйлесімді жұмыс істемейді.

Маңыздысы, мұндай белгілер ояу адамдарда да, ұйықтап жатқан адамдарда да ұқсас болған. Бұл ми бірдей ішкі тәжірибені адамның нақты ояу немесе ұйқыда болуына қарамастан жасай алатынын көрсетеді.

Ғалымдар бұл құбылыстың қаншалықты әмбебап екенін түсіну үшін Drifting Minds атты онлайн сауалнама да бастаған. Оған әлемнің әртүрлі елдерінен шамамен 5 мың адам қатысқан. Зерттеушілер ұйықтап бара жатқан кездегі сезімдер адамның жасына, жынысына, мәдениетіне, шығармашылық қабілетіне, мазасыздық деңгейіне, қиялының айқындығына және ұйқы сапасына байланысты ма екенін анықтағысы келеді.

Зерттеу нәтижесі ұйықтау процесінің бір сәтте сананы өшіретін қарапайым құбылыс емес екенін көрсетеді. Керісінше, бұл ой мен түстің араласатын ерекше өтпелі кезеңі. Ғалымдардың айтуынша, адамның осы аралық күйдегі тәжірибесі оның санасы, қиялы және психологиялық ерекшеліктері туралы маңызды ақпарат беруі мүмкін.

Тэгтер:

ұйқы түс өң