Ғылым бір орында тұрмайды. Ол әр дәуірдегі ғалымдардың тапқан жаңалығы негізінде өзгеріп, дами береді. Әйтсе де, филология, оның ішінде тіл білімі саласы әбден зерттелген деп саналатындықтан, онда зерттеушілердің көзі түспей қалған құбылыс жоққа тән секілді көрінеді. Бірақ мұны белгілі ғалым Шанжархан Бекмағамбеттің ізденістері жоққа шығаратын сияқты. Ғалымның «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» (1999 ж.), «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» (2014 ж.) және «Генетикалық тіл біліміне кіріспе» (2025 ж.) деп аталатын кітаптары тіл білімінде әлі терең зерттеле қоймаған тақырыптар бар екенін көрсетеді, сондай-ақ бүгінгі тіл білімінде қалыптасқан теориялар мен ережелерді қайта қарау қажет дейді. Сондықтан біз қазақ ғалымы зерттеп жүрген Генетикалық тіл ғылымы саласы жайында әңгімелесіп, оның ерекшелігі, қажеттілігі жайында ойларын жазып алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Шанжархан Бекмағамбетұлы, сізді сұхбатқа шақыруымыздың басты себебі – тіл ғылымында сіз зерттеп, негіздеп, орнықтырып жүрген «Генетикалық тіл білімі» саласы. Алдымен, бұл қандай сала, не үшін қажет, соны айтып беріңізші!..
– Генетикалық тіл ғылымы – адамзат тілі сөздерінің, яғни адамдардың күнделікті өзара қарым-қатынасының алуан салаларында – өндірісте, ғылымда, білім беруде, мәдениет пен өнер саласында – жалпы тіршілікте өмір сүру үшін пайдаланып жүрген негізгі құралының ілкі пайда болу және қазіргі қызмет ету заңдылықтарын зерттейді. Тіл – адамзатты өзге жаратылыстан ерекшелеп, оның саналы, ақылды жаратылыс екенін білдіретін басты белгісі. Адамзат ақылының сан ғасырлар бойы жинаған барша асыл қазынасы оның тілінде бейнеленіп сақталған.
Әшейінде ауамен қалай еркін дем алғанымыз сияқты, біз тілді де еркін қолданамыз, сондықтан оның қадірін де аса байқай қоймайтын сияқтымыз. Осыдан келіп, ойға «сөздің мағынасын түсінеміз, қолдана аламыз, ал оның қалай пайда болғанын білу қаншалықты қажет?» – деген сияқты қарапайым күдік келуі де мүмкін. Бұл – үстіртін, тайыз түсініктен туған ой. Сырттай бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, біздің қазіргі тіл қолданысымыздың шешілмей жатқан түйткілдері жеткілікті. Бұған біздің оқулықтарымыз бен білім беру бағдарламаларымыздағы сан түрлі қателіктер куә. Айталық, біз неге әлі күнге дейін әліппе құрай алмай келеміз? Өйткені қазірде әріп деген не, әліппе деген не, тілдік таңба деген не, олардың өзара байланысы қалай көрінеді деген қарапайым мәселелер ғылыми тұрғыдан дұрыс танылмай отыр. Біздің академиктеріміз, басқасын айтпағанда, қазір әліпбидегі әріптердің орны қалай белгіленгенін дұрыс түсінбейді десем, бекер айтқандық болмас. Ал аталған еңбекте қалыптасқан тіл білімінің 70-тен аса өте маңызды теориялық қатесі көрсетілген. Біз олардың генетикалық тұрғыдан дұрыс түсіндірілімін аталған еңбекте таблица-сызба түрінде көрсеттік. Демек, қалыптасқан тіл білімі тіл табиғатын дұрыс түсіндірмей отыр деген сөз.
Шынайы ғылым мәселеге бұлай қарамайды. Ғылым болмыстағы кез келген құбылыстың тек сыртқы көрнекі жақтарын ғана емес, оның көрінбей жатқан ішкі болмысын тануды мақсат етеді. Онсыз құбылысты дұрыс тану мүмкін емес. Сыртқы бейне әдетте алдамшы. Данышпан Абайдың «Сыртын көріп іс бітпес, сырын білмей» дейтіні де сонан. Тілдің ішкі болмысын дұрыс түсінбегендіктен де қазіргі қалыптасқан сипаттамалы, құрылымдық тіл білімі деп аталатын үнді-еуропалық тіл білімі сан ғасырлар бойы адамзат тілінің жаратылысы туралы теріс түсінік қалыптастырып келді. Тіл білімінің негізгі зерттеу объектісі болып табылатын СӨЗ атты құдіретті құралдың жаратылыс табиғаты, оның материалдық жағы болып табылатын дыбыстар жаратылысы, олардың күнделікті өмірде қолданылу заңдылықтары дұрыс танылмады.
Сөз пайда болуы дегеннің сыртында адамзат ойлауының аса маңызды және күні бүгінге дейін танылмай келген терең құпиялары жатыр. Қазіргі логика ғылымының өзі терең бойламаған ойлау құбылысының сырлары тіл, сөз пайда болуымен байланысты ғана айқындалып отыр. Мысалы, қазіргі философия ғылымында дүниетанымдық ойлау туралы ғана айтылады. Ал генетикалық тіл ғылымы үшін дүниетанымдық ойлау тиянақ бола алмайды. Өйткені дүниетаным дегеніңіз – өте өзгермелі құбылыс. Ол уақыттың, жағдайдың заманның ауанына қарай сан түрлі өзгеріп жататыны бекер емес. Сондықтан генетикалық тіл ғылымы адамзатқа ортақ ғаламтанымдық ойлау мәселелерін танып түсіну арқылы ғана тіл пайда болуының негіздерін танып отыр. Ғаламтанымдық ойлау: 1) Ғалам қандай, 2) Ғаламның құрылымдық-семантикалық элементтерінің жүйесі қандай, 3) Ғаламдық заңдылықтар қандай? – деген негізгі түсініктермен байланысты айқындалып, нәтижесінде басты жеті түрлі Ғаламтанымдық түсінік қалыптасқаны тілдік деректерден көрініп отыр. Олар: 1) Ғаламдық Шар-қоршау, 2) Ғаламдық Координата, 3) Ғаламдық байланыстар, 4) Ғаламдық өзек, 5) Ғаламдық қалыпты қозғалыстар, 6) Ғаламдық экспрессивті қозғалыстар, 7) Ғаламдық нәт-негіз. Осы негізгі жеті түрлі Ғаламтанымдық түсініктің Ғалам моделінің 7 түрлі концентрлі шеңбер (шар-қоршау) түріндегі сызбасында орналасқан реті Ғалам моделін құрайды.
Сондай-ақ аталған жеті түрлі басты логикалық ұғымдардың (ғаламтанымдық түсініктердің) әрқайсы тілде ең алғаш пайда болған жеті түрлі инвариант-архетип сөз арқылы бейнеленген. Сәйкесінше, бұлар: УП – УҚ – УЛ – УС – УР – УТ – УН сөздері. Бұлар – статикалық қалыптағы сөз модельдері. Көріп отырғанымыздай, бұлардың бәрі де Ғалам-Космоспен, Ғаламдық болмыспен байланысты. Ал біздің қазірде қолданып жүрген сөздеріміздің барлығы, түптеп келгенде, осы басты жеті түрлі сөздің әр алуан тілдерде сан түрлі нұсқаларда көрінетін варианттары. Адамзат тілінің ілкі пайда болуының Ғаламдық болмыспен тікелей байланысты екенін, сондықтан тілдегі заңдылықтар, қазірде айтылып жүргендей, тілдің өзінің ішкі заңдылықтары ғана емес, ғаламдық заңдылықтар екенін генетикалық тіл ғылымы ашып отыр. Мұның өзі генетикалық тіл ғылымының адамзат тілінің жаратылыс табиғатын танудағы аса маңызды табысы болып табылады. Осыдан келіп, қалыптасқан тіл білімінің барша қате-кемшіліктерін тану мүмкіндігі туып отыр.
– Жақсы, сіздің түсіндіруіңізден генетикалық тіл білімінің философиясын біршама білдік. Дегенмен бұған қалай келдіңіз, бұл саланы тереңдеп зерттеуге не себеп болды?
– 1995 жылы менің қолыма КазГУ-де сабақ берген, тарихи грамматиканы зерттеген Берікбай Сағындықұлының «Қазақ тілі лексикасының этимологиялық негіздері» (1994 ж.) дейтін кітабы түсті. Кітап ғалымның докторлық диссертациясының монографияға айналдырған түрі екен. Оны бір күнде оқып шықтым да, «Тіліміздегі ішкі флекцияның іздері қайда?» деген мақала жаздым (ол әлі жарыққа шықпады, жеке архивімде жатыр). Сол мақаламда мен кітаптағы тұжырымдардың бәрін дерлік теріске шығардым. Жалпы, ғылым деген нәрсенің өзі, өзгенің еңбегіндегі бір қатені көріп, соның қате екенін дәлелдеп өзіңнің тұжырымыңды ұсынудан басталады ғой, менікі де солай болды. 1999 жылы «Тілдік таным негіздері және тілдік символдар» деген кітабымды Алматыдан әрең дегенде 200 данасын бастырып шығардым. Сапасыздау шықса да, сол маған біраз көмек болды. Өйткені өзім зерттей бастаған тақырыпты түсіндіру қажет болып, мақала жазғанда әлгі кітапқа сілтеме жасап отырдым. Қазіргі қалыптасқан көзқарастар маған бірте-бірте келді ғой. Сөйтіп, тілдің генетикасын зерттеу барысында 40 шақты мақала жаздым.
– Әрине, кейін бұл бағыттағы ізденісіңізді толықтырып, жүйелеп арнаулы ғылыми еңбекке айналдырдыңыз. Ал енді оны ғылыми орта, ЖОО оқытушылары қалай қабылдады?
– Жоғарыда айтылған кітаптан кейін бес жылдан соң «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» деген кітап шығардым. Сонда тілге қатысты генетика деген сөзді алғаш қолдандым. Одан соң идеяларым орыстілді ортаға тарай берсін деген ниетпен 2020 жылы «7 Лекций по теории генетической лингвистики» деген 12 баспатабақ көлемде монография шығардым. Сөйтіп, бұл екі еңбегімде айтқым келген идеяларымды, ғылыми тұжырымдарымды республикалық газет-журналдарда насихаттадым, елдегі филология факультеттері бар ЖОО-ларға кітаптарымды тараттым. Алматы, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе қалаларындағы жоғары оқу орындарына барып, оқытушыларға семинарлар, студенттермен кездесулер өткіздім. Сондай-ақ өзім қызмет ететін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында үш рет халықаралық конференция өткіздім. Оған шетелдік ғалымдар да онлайн түрде қатысты. Әсіресе, белоруссиялық тілші-ғалым, тілдің теориясы бойынша оншақты кітап жазған Маслова Валентина Авраамовна, Қырғызстандағы Б.Юнусалиев атындағы Тіл білімі институтының директоры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Сыртбай Мусаев деген кісілер конференцияларға белсенді қатысып, баяндамалар жасады. Олардың менің идеямды қолдаған, еңбектерімнің тіл білімі ғылымына үлкен өзгеріс әкелуге әсері болатынын айтқан пікірлерін үнемі айтып жүремін.
Шынын айтайын, еліміздегі бірнеше қаладағы ЖОО-ларға барып, генетикалық тіл білімін насихаттағанымда ондағы оқытушылар «жақсы екен, мұны оқыту керек екен» дейді, бірақ нақты оқыту мәселесіне келгенде, оған неше түрлі кедергілер шығады.
Себебі генетикалық тіл білімінің оқытылуы қалыптасқан көзқарастарды жоққа шығаратындықтан, әріптестеріміз мұнан қатты қорқады. Жаңа, пайдалы көзқарасты қолдаудан гөрі ескі қалыппен жан ауыртпай жүре бергенді қалайды. Тіпті, ішінде ашық қарсы шығатындары да бар. Өйткені олар мәселеге қалыптасқан жүйе бойынша келіп, мынау түбір, мынау қосымша деп жіктейді де, ары қарай бармайды. Олардың тарихи салыстырмалы грамматика деп жүрген саласында ешқандай философия жоқ, ойлау деген жоқ. Ал біздің Генетикалық тіл білімінің ең маңызды жері – тілді ойлаумен байланыстырады, яғни, адамзат тілі сөздерінің пайда болуында ойлау қызметінің рөлі қандай болды деген мәселені шешіп отыр.
Маған қарсы болып жүргендер генетикалық тіл білімін қалай оқытамыз, мұны мектепке енгізу қиын ғой дейді. Біз мектепте оқытсақ та, ЖОО-да оқытсақ та тілді дұрыс оқытуымыз керек қой! Қазіргі тіл біліміндегі қалыптасқан көзқарастар фонетика, лексикология, морфология салалары бойынша түгелдей дерлік қате көзқарастарға негізделген. Ғылыми тұрғыдан, тарихи тіл білімі, танымдық тіл білімі т.б. салалар да генетикалық тұрғыдан терең зерттелу мүмкіндігіне ие болады. Сонда мектеп пен ЖОО-дағы білім алушыларға қалыптасқан қате көзқарастарды қашанға шейін оқыта бермекпіз! Кей әріптестер мұны мектепте оқыту қиындық келтіреді, ЖОО-да таңдау пәні ретінде оқыту қажеттігін жоққа шығара алмаймыз дегенді айтады. Бірақ біздің ойымызша, бастауыш сыныптарда әзірге қалыптасқан жүйеде оқытылуын сақтай отырып, орта мектептің жоғарғы сыныптарында бұл пәннің жеңілдетілген нұсқасын міндетті түрде енгізу қажет. Өйткені мектеп бітіріп, қолына аттестат алып шыққан шәкіртті қалыптасқан қате көзқарастармен шығарып салу дұрыс емес. Бұл ғылымға да, ұрпақ тағдырына да қиянат болар еді. Әрине, мұның бәрі бір күнде болатын нәрсе емес, қазірше 9-сыныпқа дейін бұрынғы жүйемен оқытыла берсін, бірақ 10-11-сыныпта генетикалық тіл білімі өтсе, тілдің табиғатын, философиясын білсе ғанибет емес пе? Орта мектепте тіл біліміндегі жаңа көзқарастар туралы білген баланың ойы терең, білімі орнықты болмай ма?
Ал бізде о баста қате жүйеленген тіл ғылымы мектепте қате оқытылып, қате білім берілсе, ЖОО-ға келген соң да сол жүйе қайталанып келеді. Университетте білім алған адам тіл табиғаты мен қызметі туралы терең түсінікке ие болуы қажет емес пе?
Біз зерттеп жүрген генетикалық тіл білімін жоққа шығарып, қате екені дәлелдейтін адам болса сөзім жоқ, ал енді олай болмаса, бұл бағыттағы ісімізді жалғастыра береміз.
– Сіздіңше қазіргі тіл білімінің теориясы мен практикасында нақты қандай олқылық немесе қателіктер бар?
– Қазіргі тіл білімін «үнді-европалық тіл білімі» дейді. Бұл сала ХYIII ғасырда қалыптаса бастаған. Тіпті, одан бұрынғы кезде де қазіргі жүйенің негіздері болған. Яғни, тілдегі дыбыстарды дауыссыз дыбыс және дауысты дыбыс деп екіге бөледі. Енді осының қатесі қайда дейсіз ғой, айтайын: мәселен дауыссыз дыбыс деген болмайды! Мысалы, м, н, д, т, ш, с, б, ғ, қ сияқты дауыссыз дыбыстар деп жүргендерді қасына «ы» дауысын қоспай айтып көріңізші! Айтылмайды, ерніңіз бір-біріне немесе тіліңіз тісіңізге не таңдайыңызға жабысқан күйде қалып қояды. Осы «ы» дауыс элементі, яғни акустикалық элемент, дыбыстың айтылуының және оның тыңдаушыға жеткізілуінің міндетті шарты. Ол болмаса, салдыр айтылмайды, яғни дыбыс жоқ. Демек, қазіргі тіл ғылымы ЖОҚ дыбыстар туралы айтып, соларды бізде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «зерттеп» келеді.
Генетикалық тіл ғылымы тұрғысынан тілде мағынасыз дыбыстар болуы мүмкін емес екені, жұп элементті дыбыстардың салдыр сыңарларының мағыналы элементтер екені, ал олардың мағыналық жағы Ғаламдық-Космостық жүйемен байланысты екені еңбекте тарата түсіндірілген. Дұрысында тілде әуелде дараланған дыбыстар пайда болған жоқ. Жұп элементті материалдан және нақты лексикалық мағынадан тұратын ілкітүбір сөздер пайда болды. Генетикалық тіл ғылымының ең басты объектісі – осы ілкітүбірлер. Қазіргі тіл білімінде ілкітүбір сөздер туралы түсінік жоқ, тек негізгі түбір, туынды түбір, күрделі түбір ғана шала-пұла айтылады. Дыбыс деп отырғанымыз осы ілкітүбірлердің материалдық жағы болады. Дыбыстық материалды сөздің мағынасынан ажыратып алуға болмайды. Ал ілкітүбірлердің пайда болу тегінде тілдік негіздер түріндегі генетикалық ұрықтар тұрады. Бұл да – генетикалық тіл білімінің ең басты жетістігі. Ілкі сөз пайда болуының генетикалық ұрықтары жалпы адамзат тіліне ортақ.
Қазіргі тіл біліміндегі парадокстердің бірі – «дыбыста мағына жоқ, сөзде мағына бар» деген түсінік. Сөйте тұра «сөз дыбыстардан құралады» дейді. Сонда мағынасыз дыбыстардан мағыналы сөз қалай пайда болады? – деген сұрақтың жауабы ашық қалады. Сондай-ақ қазіргі тіл білімінде тілдегі дыбыстар да, сөздер де ешқандай саналылық негізі жоқ, кездейсоқ немесе шартты түрде алынған механикалық дыбыстар, дыбыстық сигналдар деп түсіндіріледі. Бұлай болғанда, адамзат тілі саналы құбылыс болудан қалар еді. Саналы адамзат баласы, санадан тыс, кездейсоқ пайда болған тіл-құралды пайдаланып жүрген болар еді. Шынында да, қазіргі тіл білімі осы түсінікті оқытып, осыны насихаттап келеді.
– Түсініктірек етіп айтсаңыз?
– Генетикалық зерттеулер нәтижесі даралық сөзтуылым кезеңі және жалпылық сөз туылым кезеңі деп аталатын екі түрлі кезеңді анықтап көрсетеді. Даралық сөз туылым кезеңінде УП, УҚ, УЛ, УС, УР, УТ, УН түріндегі әрқайсы жұп элементті фонациялық материалдан және нақты лексикалық мағынадан тұратын негізгі жеті түрлі архетип-инвариант сөз моделі айқындалып отыр. Былайша айтқанда, бүгінде адам баласы ана тілім деп санайтын және қолданатын мыңдаған тілдің бәрінің негізінде осы жеті инвариант-архетип сөз тұр. Ал қазіргі жеке ұлт тілдеріндегі барша сөздер осы архетип негіздердің варианттары түрінде пайда болып, өмір сүріп келеді. Қысқаша айтқанда, осы. Ал оны толық түсіну үшін менің екі бөлімнен тұратын, өткен жылы жарық көрген «Генетикалық тіл біліміне кіріспе» (2025) атты авторлық оқулығыммен танысып шығуы қажет.
Генетикалық тіл білімі – жалпы бүкіл адамзаттың тіліне ортақ құбылысты зерттейді. Өйткені барлық тілдің түбі бір. Біз ағылшын, неміс, француз, неміс, испан, қазақ, жапон, қытай, арап, орыс тілдері дегенімізбен, негізінен, олардың ілкі пайда болу негізі ортақ, біреу. Оны өз зерттеуіміз арқылы бүкіл тілдерге ортақ тілдің генетикалық ұрықтарын табу арқылы дәлелдеп отырмыз. Менің аталып отырған «Генетикалық тіл біліміне кіріспе» (2025) атты кітабымда 60 беттік сөздік бар, сонда қазақ, орыс, ағылшын, арап, жапон – бес тілдің сөздерін салыстырып, оларды ортақ генетикалық негіздер арқылы айқындадық. Мен қазақ пен орыс тілдерінен өзге анау 3 тілді білмеймін де, бірақ тілдік негіздерді, кодтарды танығандықтан бір ұғымды білдіретін сөздердің әр тілдегі атауларының түбі ортақ екенін дәлелдеп көрсеттім. Бұл тәжірибелік сипаттағы сөздік болғандықтан, қызығушы әріптестерге осы мәселелер туралы, оның кемшіліктері мен жетістіктері туралы пікір айтуға мүмкіндік бердік. Ғылыми ой-пікір алмасуға жол ашқан болдық.
– Егер сіз ұсынып жүрген генетикалық тіл білімін оқыту жүзеге асса неге қол жеткізер едік?
– Генетикалық тіл ғылымының жетістіктері қазіргі тіл бағытындағы зерттеулерді, әсіресе, сөз табиғатын (лексикология), сөз құрамы мен құрылымы мәселелерін (морфология), дыбыс табиғатын (фонетика), тіл және ойлау мәселелерін, танымдық (когнитивтік) тіл білімі мен тарихи тіл білімі мәселелерін т.б. көптеген жайды қайта қарауды қажет етеді. Тіл мәселелерін генетикалық тұрғыдан оқыту білім алушыларға сан жылдар бойы таптаурын болған, мектепте де, ЖОО-да да сан рет қайталана беретін, дәлелсіз айтылған дауыссыз дыбыс, дауысты дыбыс, фонема, түбір, сөзжасам т.т. деген сан алуан түрлі тілдік ақиқатқа сай келмейтін түсініктерден арылуға, студенттер мен оқушыларды саналы түрде, шығармашылықпен, іздене отырып үйренуге бағыттайтын аса мол мүмкіндіктер береді. Алуан тілдердің лексикалық материалын заманауи түрде ЖИ көмегімен салыстыра зерттеуге, адамзат ақыл-ойының тілдік құбылыстың болмысында сақталған небір құпияларын қызыға тануға үйретеді.
Бұл тек қазақ тіл біліміне қатысты ғана мәселелер емес, жалпы адамзат тіліне қатысты жайлар. Генетикалық зерттеулер адамзат тілі сөздерінің пайда болуының генетикалық ұрықтарын айқындап отыр дедік. Осының негізінде қазіргі қалыптасқан тіл білімінің ілкі негіздерінің дұрыс жүйеленбегенін, олардың түгелдей дерлік қате тұжырымдарға құрылғанын ашып отырмыз.
Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі ЖОО мен орта мекептердегі қалыптасқан білім беру бағдарламаларының (БББ) білім мазмұны ескірген білім болып табылады. Яғни, біз білім алушыларға сапасыз білім беріп отырмыз, осы салаға бөлінген мемлекет қаржысын босқа жұмсап отырмыз деген сөз. Бұл жауапты мәлімдемені бекер айтып отырған жоқпын. Шын мәнінде, бұл алда тиісті мемлекеттік орындар мен Үкімет тарапынан назар аударылуға тиісті аса маңызды стратегиялық мәселе деп білемін.
Айта кетуге болады, генетикалық ұрықтар арқылы жасанды интеллект жүйесінің генетикалық токендерін жасау мүмкіндігі де қарастырылу мүмкіндігі бар. Бұл, әрине, болашақтың ісі. Дегенмен бұл іске асып жатса, қазіргі триллиондаған токенді пайдаланатын ауыр әрі аса көп шығынды қажет етеін операциялар жеңіл орындалатын әрі өте арзанға түсетін мүмкіндіктер де байқалады.
Қазірде осы бағытта мемлекеттік мекеме ретінде қызмет етіп отырған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшылығы ескі көзқарастардан шығуға ынталы болмай отыр. Олар жаңалықты қабылдауға дайын емес, ескі сүрлеуден шыққысы жоқ. Сондықтан, менің осы институтта неше рет өткен семинарларымды, осы жаңалықты жариялауға, насихаттауға барынша кедергі келтіріп отырғаны өз алдына бір үлкен мәселе. Бұл ғылыми жаңалықты өмірге, өндіріске енгізу, оны әлемдік деңгейде насихаттау – еліміздің, яғни Қазақстанның гуманитарлық ғылымдар бағытындағы әлемдік деңгейдегі аса маңызды ғылыми жаңалығы ретінде мақтана айтарлық табысы болар еді. Аталған институт басшылығы өзінің керітартпа әрекеттерімен осы аса маңызды мәселеге де кедергі жасауда... Егер менің зерттеп жүрген саламның маңызы жоқ болса немесе қате болса соны көрсетсе ғой. Егер еңбектерімді бекерге шығара алмайтын болса мойындауы керек. Ал қазіргі жағдай ол тараптың ғылымдағы тоғышарлығын ғана көрсетіп отыр деп білемін.
– Генетикалық тіл білімінің болашағы туралы не айтасыз?
– Бұл ғылымның болашағы зор. Бұған ендігі сауатты жастар, жас ғалымдар назар аударып, зерттеп, үлкен жетістікке жетері сөзсіз. Қандайда бір зерттейтін объектісі айқындалған ғылым тоқтап, тоқырап қалмайды. Сол сияқты генетикалық тіл білімі де болашақта әлем бойынша дамып, жер бетіндегі барлық тілдің түп-негізі бір екені дәлелденеді. Мәселе тек сөз пайда болуын тануда ғана емес, осы мәселенің негізінде жатқан адамзаттық құндылықтарды тереңнен игеріп, оларды қазіргі өмірімізде практикалық тұрғыдан қолдануда болып отыр. Сірә, қазақтың «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мәтелінің мәні біз ұққаннан әлдеқайда тереңірек болса керек!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ
Редакциядан:
Ғылымда әртүрлі пікірдің болуы заңдылық. Біз Шанжархан Бекмағамбетұлының сұхбатын жариялай отырып, тілші ғалымдардың, әсіресе, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының уәжін күтеміз. Болып жатса, жариялауға әзірміз.