Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – Egemen Qazaqstan газетінің бас редакторы, қарымды қаламгер әрі белгілі публицист Ғабит Мүсірептің «Соңғы мүмкіндік» және «Болмысы бөлек Бесқала» атты қос бірдей кітабы оқырманға жол тартты. Сөз өнерін қадірлеген зиялы қауым мен қаламдас бауырлары жиналған бұл салтанатты іс-шара жай ғана кітаптың таныстырылымы емес, ұлттық журналистика мен көсемсөздің ірі бір белесін қорытындылаған шығармашылық есеп беру кешіне айналды.
«Соңғы мүмкіндік» деп аталатын кітапта автор жеке бастың емес, тұтас бір халықтың, мемлекет пен ұлттың кешегі тарих тағылымы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін безбенге салады. Кітап атауының өзінде үлкен жауапкершілік, айтпаса болмайтын ащы шындық пен терең философиялық мән жатыр. Автор ондағы әр туындыда талай қиындықты бастан кешіріп, «мың өліп, мың тірілген» халықтың енді тағы да қателікке жол бермеу керектігін айрықша атап көрсетеді. Бас редактордың бұл шығармасы оқырманға ең қымбат қазына мен бақыт Тәуелсіздік екенін сезіндіреді.
«Екі кітап та кейінгі жылдары жазған жинағым. Бірінде ұлттық мүдде, мемлекетшілдік мәселелері, еліміздің Тәуелсіздігі хақында болатын болса, екінші туынды менің туған жерім Бесқала
жайында жазылған. Менің шығармаларым қазақ жұртына жетіп жатса, онда еңбектің ақталғаны. Бүгінгі іс-шараға жиылған қауымға мың алғыс! Бір-бірімізді қолдап, рухани дүниемізбен бөліскен кезде ғана адамның жазғаны бағалана түседі деп ойлаймын», – деді автор ағынан жарылып.
Перзенттік махаббат пен сағыныштан туған екінші туынды – «Болмысы бөлек Бесқала» кітабы. Бұл – қаламгердің өз туған өлкесіне, сол аймақтың тарихы мен бүгініне арнаған рухани тағзымы.
Кітаптың арқауы – осы құтты өңірден шыққан, есімі елге танымал болған көрнекті тұлғалардың ғибратты ғұмыры. Ғабит Мүсіреп өзіне тән көркем, бейнелі әрі әсерлі тілмен сол азаматтардың өнер мен өмір жолындағы қол жеткізген табыстарын, қиындығы мен қуанышын шебер суреттеген. Кейіпкерлерінің ішкі әлеміне үңіле отырып, олардың адами әрі шығармашылық болмысын жан-жақты ашып көрсетеді.
Тұсаукесер барысында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі публицист Сауытбек Абдрахманов Ғабит Мүсірептің журналистикадағы батылдығы мен кәсіби шеберлігіне тоқталып, кезінде қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаевтың жас журналиске берген жоғары бағасын тебірене еске алды:
«2002 жылы Әбіш Кекілбайұлымен Түркияға сапарлап қайттық. Әбекең «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығын алған еді сонда. Бас-аяғы бір аптадай жүргенбіз. Елге оралысымен шаруадан шаруа шығып, жолсапар созылып бара жатты. Басқаша пішін іздеп, сұхбат жасауды ұсындым. Әбіш аға келісті. Таңертең үйіне барып, әңгімемізді диктофонға жазып алып қайттым. Енді оны нөмірге салу туралы ой келді. Бас редактор Ержұман Смайылға «Осыны кім қағазға тез түсіріп бере алады?» дегенімде Ерекең Ғабитті атады. Редакцияда тілші, аға тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі сияқты сатылардың бәрінен өтіп ысылған, оның үстіне саясатқа жетік Ғабит диктофондағы сөзді тыңдап, терушіге диктовка жасап отырып, жұмысты тез тындырды. Бұл – айтуға ғана оңай. Қазіргідей қалтафонға қарап, әр он бес секундқа не алға, не артқа жылжытып тыңдай беретін кез емес, кассеталы диктофонды сөйлем сайын әрі-бері айналдырып жатқаның. Сонымен мәтін қолға тиді. Енді редакциялауға кірісетін шығармын деп ойлағанмын, қанша айтқанмен ауызекі сөздің аты ауызекі сөз ғой. Жоқ, Ғабит айтылғанның дәлжазбасын жасамапты, кәдімгі сұхбат мәтінінің газеттік нұсқасын дайындапты. Кей ойларды сығымдап жеткізген, тақырыптан ауыңқырап тұрған тұстарды алып тастаған. Үстінен бір жүріп өтіп, азын-аулақ түзетуді тез енгізіп, үйіне алып барып, оқытқанымда Әбіш ағаның жұмысымыздың жедеғабылдығына бір таңданғаны, таспадан түсірген журналистің шалымдылығына екі таңданғаны әлі есте. «Жігітің жіптіктей етіпті. Қысқартулары қандай қонымды! Атын қалай дәл қойған!» деп те сүйсінген еді. «Өзіңіздің сөзіңіз ғой» десем, Әбекең «Сөздің ішіндегі дәнін тапқанын айтсайшы» дейді. Тақырып «Адамның күні адаммен» деп қойылған еді. Сұхбат нөмірге (2002, 6 сәуір) салынды. Соңына «Таспадан түсірген Ғабит Мүсіреп» деп жазылды. Осыдан кейін Ғабитке сенімім арта берді Шын мәнінде, Ғабит журналистика соқпағында жанкештілікпен еңбек етіп, бас басылымға ақ адал қызмет етіп келе жатқан жан».
Сонымен қатар белгілі жазушы Мәди Айымбетов автордың тек шебер қаламгер ғана емес, білікті ұйымдастырушы, заманауи медиа-менеджер екенін алға тартты. Оның айтуынша, кезінде «Нұр Астана» газетін аяғынан тік тұрғызуға күш салған Ғабит Мүсіреп бүгінде еліміздің бас басылымының тізгінін бекем ұстап, «оқырманды газетке, газетті оқырманға жақындату» миссиясын абыроймен атқарып келеді.
Қуаныш Жиенбай, Шархан Қазығұл, Еркін Қыдыр, Амантай Шәріп секілді ағалары да Ғабиттің шығармашылығына жан-жақты талдау жасады.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін қаламгердің оқырман жылы қабылдаған 5 бірдей жинағы жарық көрген болатын. Ал бүгінгі тұсауы кесілген жаңа қос туындының әрқайсысы 500 данамен басылып шықты. Тәуелсіздіктің қадірін ұқтырып, туған жердің топырағын ардақтауға үндейтін бұл қос кітап – қазақ руханиятының қорына қосылған құнды қазына болары сөзсіз.
Наурызбек САРША