Қағаз кітап оқу миға жақсырақ әсер етеді – жапон ғалымдары

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жапониядағы Tokyo University ғалымдары қағаз кітап оқудың ақпаратты түсіну мен есте сақтауға электронды құрылғыларға қарағанда тиімді екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері PLOS ONE ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге 25 жапон студенті қатысқан. Қатысушылар манганың алғашқы бөлігін қағаз кітаптан немесе планшеттен оқып шыққан. Кейін олар МРТ аппаратына орналастырылып, оқиғаның жалғасын арнайы көзілдірік арқылы оқығаннан кейін сюжет бойынша тест тапсырған.

Нәтижесінде екі топ та оқиғаны жақсы меңгергенімен, планшеттен оқыған студенттерге сюжеттің әртүрлі бөліктерін байланыстыруды талап ететін сұрақтарға жауап беру үшін көбірек уақыт қажет болған.

МРТ деректері қағаз кітап оқығандардың миы ақпаратты өңдеу кезінде аз күш жұмсағанын көрсетті. Атап айтқанда, мәтінді түсіну мен логикалық байланыстарды құруға жауап беретін ми аймақтарының белсенділігі төменірек болған. Ғалымдардың пікірінше, бұл ақпараттың тиімдірек әрі сапалы өңделгенін білдіреді.

Ал планшет пайдаланған студенттерде осы аймақтармен қатар күрделі ойлау және кеңістіктік бағдарлауға жауап беретін ми бөліктері белсендірек жұмыс істеген.

Зерттеушілер мұны қағаз кітаптың физикалық ерекшеліктерімен байланыстырады. Кітаптың салмағын сезіну, мәтіннің беттегі нақты орналасуын көру және парақтарды аудару сияқты факторлар оқырманның ақпаратты құрылымдап қабылдауына көмектеседі. Ал электронды құрылғылар мұндай кеңістіктік бағдарларды толық бере алмайды.

Ғалымдардың айтуынша, цифрлық технологиялардың кең таралуына қарамастан, қағаз кітап оқу ақпаратты терең түсіну мен есте сақтауда маңызды артықшылықтарға ие болуы мүмкін.

Тэгтер:

кітап ми қағаз электронды кітап