Қазақтілді оқырманға әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, 2012 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Янның қазақ тіліндегі екі бірдей кітабы таныстырылады. Қазақстан Жазушылар одағынан жарық көрген бұл еңбектер – жазушының әйгілі «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинағы, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кітаптардың тұсаукесері мен ресми таныстырылымы 2026 жылғы 22 маусым күні Алматы қаласында автордың қатысуымен өтеді. Бұл қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті арасындағы мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды оқиға болмақ.
«Сарымсақ жыры» – Мо Ян шығармашылығындағы ең танымал туындылардың бірі. Жазушының өзіне тән магиялық реализм элементтері мен өткір әлеуметтік сынға құрылған бұл роман көптеген тілдерге аударылып, әлем оқырмандарының жоғары бағасына ие болған.
«Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» – қазақ тілінде жарық көріп отырған Мо Янның тұңғыш публицистикалық жинағы. Кітапқа жазушының әр жылдары жазылған эсселері, әдеби толғаныстары, сұхбаттары мен публицистикалық мақалалары топтастырылған. Жинақта автордың әдебиет пен өнер туралы көзқарастары, шығармашылық зертханасы, заманауи қоғам жайлы пайымдары, сондай-ақ әлем әдебиетінің ірі тұлғаларына қатысты ой-толғамдары қамтылған. Кітап атауының өзі Мо Янь шығармашылығына елеулі ықпал еткен америкалық жазушы Уильям Фолкнерге деген рухани құрмет пен әдеби сабақтастықты аңғартады.
Қазақ тілінде жарық көрген қос кітап – әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақ оқырмандарына жақындату жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар бұл басылымдар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына да өзіндік үлес қоспақ.