Бүгін Мехиконың әйгілі «Ацтек» стадионында көпшілік асыға күткен футболдан әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. 11 маусымнан 19 шілдеге дейін жалғасатын дүниежүзілік доп додасы АҚШ, Мексика, Канада елдерінде ұйымдастырылмақ. Биылғы чемпионат тарихтағы ең ауқымды турнир ретінде ерекшеленеді. Алғаш рет әлем біріншілігіне 48 құрама қатысып, матчтар саны айтарлықтай артады. Сонымен қатар, үш мемлекеттің бірлесіп ұйымдастыруы футбол мерекесінің географиясын кеңейтіп, миллиондаған жанкүйерге ұмытылмас әсер сыйламақ. Жаһан жұртшылығы көз тігетін биылғы бірегей бәсекеге қатысты қызық деректер мен өзгерістерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
38 күнде 104 ойын
Осымен 22-рет өткізілетін теңдессіз доданың басты ерекшелігі – чемпионат тарихта алғаш рет үш мемлекеттің аумағында ұйымдастырылмақ. Бұған дейін тек 2002 жылы ғана футболдан әлем біріншілігін Жапония мен Оңтүстік Корея елдері бірлесіп өткізген болатын. Ал биыл жер жүзі тамашалайтын айтулы бұл турнир 38 күн бойы үш мемлекетте өтеді. Чемпионаттың көп ойыны АҚШ-тың 11 қаласында (Нью-Йорк, Филадельфия, Бостон, Атланта, Майами, Хьюстон, Даллас, Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Канзас-Сити, Сиэтл) жанкүйерлерін қуантады. Мексикадағы ойындар Мехико, Гвадалахара және Монтеррей қалаларында, ал Канадада Торонто мен Ванкуверде ұйымдастырылмақ. Бұған дейін әлем чемпионаты Мексикада екі рет (1970, 1986), АҚШ-та бір рет (1994) өткізілгенін ескерсек, Канада алғаш рет дүние жүзіндегі ең беделді жарыс ойындарын өткізу мәртебесіне ие болып отыр.
Сонау 1998 жылдан бері өткізу ережесі өзгермеген басты біріншіліктің бұл жолы форматы да басқаша болмақ. Турнирге әдеттегідей 32 емес, 48 құрама қатысады. 12 топқа бөлінген олар бұрынғыша 64 емес, 104 ойын өткізеді. Осылайша, 2026 жылғы дода әлем чемпионаты тарихындағы ең ауқымды турнир атанбақ. Әр топта алғашқы екі орынға тұрақтаған ұлттық құрамалар плей-оффқа бірден жолдама алады. Ал үшінші орынға табан тірегендер арасында ең көп ұпай жинаған 8 құрама да жарысты жалғастырады. Плей-офф кезеңі 1/16 финалдан басталады.
10 секунд және 22 минут
Жуырда ФИФА 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін күшіне енетін бірқатар жаңа ережелерді жариялады. Жаңа ережеге сәйкес, алмастырылған ойыншы алаңнан 10 секунд ішінде шығуға тиіс. Егер ол сол уақытта сыртқа шығып үлгермесе, оның орнына ойынға араласатын футболшы кемі 1 минут бойы алаң сыртында келесі үзілісті күтуге мәжбүр болады. Бұл ереже жуырда 31 мамырда Жапония мен Исландия арасында өткен жолдастық кездесу кезінде қолданылды. Кездесудің 85-минутында алмастырылған исландиялық хавбек Кристиан Хлинссон 10 секундта алаңнан шығып үлгермей, ақыр аяғында төреші оған сары қағаз көрсетті. Оның орнына шығуға тиіс болған футболшы нәтижесінде 1 минуттан артық уақыт алаң сыртында күтуге мәжбүр болды. Жапония құрамасы бұл мүмкіндікті мүлт жібермей, сол аралықта гол салып, соңында жеңіске жетті.
Тағы бір тың ереже, алаңда медициналық көмекке жүгінген футболшы міндетті түрде ойын алаңынан шығып, кемінде 1 минут сыртта болуға тиіс. Сондай-ақ бұдан былай ауттан допты ойынға қосу немесе қақпашының допты ойынға қосу 5 секунд ішінде орындалуға тиіс. Белгіленген уақыттан асқан жағдайда аут қарсылас командаға беріледі, ал қақпашы уақытты созса, бұрыштама белгіленеді.
Сонымен қатар алаңда төрешімен тек құрама капитаны ғана сөйлесе алады. Қалған ойыншылар төрешімен сөз таластыру-
ға немесе шешіміне наразылық білдіруге әрекеттенсе, бірден сары қағаз алады. Одан бөлек, VAR (бейнеқайталау жүйесі) енді екінші сары қағазға қатысты шешімдер мен дау тудыруы мүмкін бұрыштама соққыларды да тексере алады. Келесі бір тың ереже, әлем чемпионатында төрешілер әр таймның 22-минутында ойынды тоқтатып, футболшыларға су ішуге мүмкіндік береді. Бұл үзіліс 3 минутқа созылады және ауа райына қарамастан барлық ойында міндетті түрде енгізіледі.
Сондай-ақ ФИФА ұлттық құрамалардың әнұран орындау тәртібін өзгертпек. Енді футболшылар әнұран шырқалған кезде, бұрынғыдай қапталда сызық бойына қатарға тұрмайды. Белгілі болғандай, тізімге енген барлық футболшы алаңға шығып, орталық шеңбердің айналасына жиналуға тиіс.
Бір турнир – екі ұрпақ
Мундиаль тарихында ең көп ойын өткізген – 39 жастағы Лионель Месси. Төрт жыл бұрын өткен әлем чемпионатында атой салған Месси Аргентина сапында алаңға 26 рет шыққан. Мессимен қатар әлем чемпионатына алтыншы рет қатысуға бел буған Португалия аңызы, 41 жастағы Криштиану Роналду 22 рет, Германияның темір қақпашысы атанған 40 жастағы Мануэль Нойер мен Хорватия құрамасының капитаны Лука Модрич 19 ойынға қатысқан. Аталған төрттік 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын жасы ең үлкен футболшылар тізіміне кіретіні айтпаса да түсінікті шығар. Десе де, жасы үлкендердің көш басында 43 жастағы Шотландия құрамасының қақпашысы Крейг Гордон тұр. Одан бөлек, мексикалық Гильермо Очоа, Кабо-Верде қақпашысы Возинья мен уругвайлық Фернандо Муслералар да 40 жаста.
Ал бұл жарыстың ең жас футболшысы – Гильберто Мора. «Барселона», «Реал Мадрид» секілді гранд клубтар қызығып отырған 17 жастағы футболшы Мексика құрама сапында алғаш рет алаңға шығады. Сонымен бірге Гуго Сошурек (Чехия), Леннарт Карл (Германия), Ибрагим Мбайе (Сенегал), Хамза Абделькарим (Египет), Бара Сапоко Ндиайе (Сенегал), Младен Юркаш (Босния және Герцеговина), Айюб Буадди (Марокко), Райан Эллуми (Тунис) секілді 18 жастағы ойыншылар ел намысын қорғайтын басты құрамада ойнау мүмкіндігіне ие болды.
Әлем чемпионатында құны жоғары ойыншыларға ерекше назар аударылатыны әмбеге аян. Норвегиялық Эрлинг Холанд пен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Ламин Ямаль әлем чемпионатына қатысушылар арасындағы ең қымбат футболшылар ретінде бағаланады. Transfermarkt дерегінше, олардың нарықтық құны – 200 млн еуро. Үздік бестікке Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе (180 млн еуро), Испания командасының жартылай қорғаушысы Педриі (150 млн еуро) мен француз вингері Майкл Олисе (150 млн еуро) енген. Сонымен қатар мундиальға шақыртылған ең қымбат ойыншыларының қатарында бразилиялық Винисиус Жуниор (140 млн еуро), португалиялықтар Витинья мен Жуан Невеш (әрқайсысы 140 млн еуро), ағылшындар Жуд Беллингем (130 млн еуро) мен Деклан Райс (120 млн еуро), сондай-ақ француз Дезире Дуэ (120 млн еуро) де бар.
158 мың халқы бар кюрасао – мундиальда
1930 жылдан бүгінге дейін өткізіліп келе жатқан барлығы 22 чемпионатқа қалмай қатысқан жалғыз команда – Бразилия құрамасы. Германия 20 турнирде, ал Италия мен Аргентина 18, Мексика футболшылары 17 мундиальда өнер көрсетті. Ұлыбритания, Франция, Испания құрамалары 16, Уругвай мен Бельгия 14 рет төртжылдықтың басты додасында бақ сынады. Биылдан бастап чемпионатқа 16 қосымша ұлттық құрама қатысатындықтан, дебютанттар қатары да көп. АҚШ, Канада және Мексика құрамалары еш іріктеусіз автоматты түрде жолдама алды. Ал дүбірлі додаға алғаш рет қатысып тұрғандардың қатарында Кюрасао құрамасын айрықша атап өтуге болады. Іріктеу кезеңінде өз тобының жеңімпазы атанған олар ел тарихында алғаш рет әлем чемпионатына қатыспақ. Бар болғаны 156 мың тұрғыны бар Кюрасао 4 ғасыр бойы Нидерланд корольдігінің қарамағында болған. 2010 жылы тәуелсіздігін жариялап, өзін-өзі басқаратын мемлекетке айналды. Кюрасаолықтармен қатар, іріктеуден мүдірмей өткендердің қатарында көршілес Өзбекстан ұлттық құрамасы да бар. Әйгілі «Манчестер Сити» сапында доп тебетін Абдулкодир Хусанов бастаған өзбек командасы Орталық Азия тарихындағы алғашқы мундиаль қатысушысына айналды. Сонымен қатар Иордания, Кабо-Верде құрамалары мундиальда алғаш рет бақ сынағалы отыр.
Бұл жолы ұзақ уақыт бойы байрақты бәсекеде бой көрсетпей жүргендер де ойынға араласпақ. Гаити мен Конго Демократиялық Республикасы 1974 жылдан кейін қайтадан әлем чемпионатына қатысқалы отыр. Ирак құрамасы 1986 жылдан кейін мундиальда өнер көрсетпек. Ал Норвегия, Шотландия және Аустрия 1998 жылдан кейін биыл ғана әлем чемпионатына жолдама алды. Түркия болса, 2002 жылғы чем-
пионатта сенсациялық жетістігінен кейін алғаш рет финалдық кезеңге шықты.
Дегенмен футболсүйер қауым, соның ішінде мамандар ұйымдастыру комитетінің жұмысын сынға алып, жарыса жазып жатыр. 48 елден келетін 1 300-ге жуық ойыншы 38 күн бойы үш мемлекетті, тұтас Солтүстік Америка құрлығын арлы-берлі басып өтуге мәжбүр. Жоғарыда атап өткендей, 104 ойын үш елдің 16 қаласында (АҚШ-тың 11, Канаданың 2, Мексиканың 3) ұйымдастырылмақ. Ванкуверден Мехикоға дейінгі қашықтық – шамамен 5 000 шақырымға жуық. Оған Ванкувердің салқын климаты мен Мехиконың ыстық әрі қапырық ауасын қосқанда, ойыншыларға физикалық әрі психологиялық тұрғыдан сынаққа толы ерекше әлем чемпионаты болғалы тұр.