Бибісара Асаубаева Президенттен көмек сұрады

Бүгін, 15:48 / Алуа Арман
Ғаламтор

Қазақстанның атақты шахматшысы Бибісара Асаубаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен – халықаралық дәрежедегі шахмат гроссмейстері Бибісара Асаубаева. Қазіргі таңда әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орындамын. Менің алдымда тек Қытай шахматшылары ғана тұр. Мемлекет басшысы ретінде Сізден көмек сұрап жүгінемін. Жақында ең беделді жарыстардың бірі – Norway Chess 2026 турнирі аяқталды. Мен жарыс аяқталуына бір тур қалғанда-ақ бірінші орынды қамтамасыз еттім. Осы маңызды турнирге дайындық өзімнің жүлде қаржыларым мен ата-анамның қаражатына жүргізілді. Алайда осы күнге дейін секунданттар мен сарапшылардың еңбекақысын толық төлей алған жоқпыз. Өзіңіздің сөзіңізбен айтқанда, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Менің медальдарым үлкен еңбекпен, денсаулықпен және төзіммен келеді. Барлық қиындықтарға қарамастан, Қазақстанның абыройын халықаралық аренада жоғары ұстап келемін. Жыл сайын Спорт министрлігімен жұмыс істеу қиындай түсуде. Әлем чемпионатындағы жеңіс үшін министрлік тағайындайтын сыйақы небәрі 2 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллар көлемінде сыйақы беріледі. Қазақстанда әйелдер мен ерлер арасында менен басқа шахматтан әлем чемпионы жоқ. 2023 жылы екінші мәрте әлем чемпионы атанғаннан кейін маған министрлік арқылы айына 1 миллион теңге көлемінде жалақы төленіп келді. Алайда 2025 жылы министр Ербол Мырзабосынов қызметке келген соң бұл төлем үш есеге қысқартылды. Қазақстан шахмат федерациясы тарапынан маған ешқашан жалақы төленген емес. 2025 жылдың соңында блиц шахматынан үшінші мәрте әлем чемпионы атанып, әлемдік тәж үшін үміткерлер турниріне қатысу құқығына ие болдым. Бірақ осы жетістікке қарамастан министрлік тарапынан жалақым көтерілген жоқ», – дейді ол.

Айтуынша, ол көктемде Президент берген ІІ дәрежелі «Барыс» орденін әлі алмаған.

«Қаңтар айында жаттықтырушыммен бірге министрмен кездесіп, федерация бөлген қаражаттың жеткіліксіз екенін айтып, көмек сұрадық. Министр «Sport Qory» қоры арқылы міндетті түрде көмектесетінін айтты. Біз өтінім бергенімізбен, тек қаржының бір бөлігі ғана бөлінді. Соның салдарынан секунданттарым қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мен үміткерлер турниріне секунданттарын ертіп бара алмаған жалғыз шахматшы болдым. Соған қарамастан жарыста екінші орын алдым. Министрдің кеңесімен екінші рет өтінім бердік. Вице-министр Жарасбаев WhatsApp арқылы қамқоршылық кеңесінің төрағасы ретінде менің өтінімімді қолдағанын ресми түрде жазды. Алайда біраз уақыттан кейін қор басшысы Е. Ауғанбаев ешқандай себеп түсіндірместен өтінімді кері қайтарды. 2025 жылғы 30 желтоқсанда Сіздің Жарлығыңызбен маған II дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Спорт министрлігінің шақыруымен марапатты алу үшін Астанаға үш рет ұшып келдім. Бірақ әр жолы министрліктің бастамасымен рәсім кейінге қалдырылды. Бүгінге дейін орденді алған жоқпын. Сіздің атыңызға eӨтініш жүйесі арқылы сәуір және мамыр айларында үш хат жолдадық, бірақ әлі күнге дейін жауап келген жоқ. Сонымен қатар олардың көшірмесін WhatsApp арқылы министрге де жібердік. Алайда ешқандай жауап болмады. Алдымызда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен жұмыс күтіп тұр. Осындай жағдайда мен не істеуім керек, құрметті Президент?» – деді Бибісара Асаубаева.

Тэгтер:

Көмек Бибісара Асаубаева шахмат