Кейінгі жылдары балалар әдебиетіне көп көңіл бөліне бастады. Әсіресе, шетелдің осы бағыттағы танымал кітаптар қазақ тілінде аударылып, оқырманға жете бастады. Бұл үрдіс қазақ балалар әдебиетіне де өзіндік серпін берді: ұлттық мифтер мен аңыздарды негіз еткен бірнеше сериялы кітап жарық көрді, комикс суреттермен безендірілген кітаптар саны артып келеді, кітап дизайны мен мазмұнына айтарлықтай мән беріле бастады. Дегенмен әлемде қазіргі балалар әдебиеті қандай тақырыптарды өзек етеді? Біз сол үрдіске ілесе алып жатырмыз ба? Осы сұрақтар жайында ойланған артық етпейді.
Қазіргі бала бұрынғы балаға ұқсамайды. Олардың ойлау жүйесі де, қоғамдық ортасы да, ойнайтын ойыншығы мен тұтынатын заттары да бөлек. Визуалды кеңістікте өскендерді қызықтыру үшін балалар әдебиеті де заманауи ағымдардан шет қалмауы керек. Оларға ауыл өмірі, мейірімді ата-әже прототипі, ақылды әрі еңбекқор бала бейнесі, қатал әке мен ақкөңіл ана, сүйкімді қошақан мен ерке лақ кейіпкерлерден гөрі, жапон анимесі мен Disney мультфильмдерінің кейіпкерлері анағұрлым қызық. Олардың ақылман бейнелерге тамсанып отыруы неғайбыл. Бүгінгі балалар іс-әрекетке құрылған, логикалық танымды дамытатын туындыларды көргенді ұнатады. Әлемдік балалар әдебиеті әлдеқашан осы бағытқа ойысқан. Мұны әр жас санатындағы бүлдіршіндерге арналған суретті кітаптардан анық байқаймыз.
Бүгінгі балалар әдебиеті ақыл айтатын кейіпкерден – баламен сөйлесетін, оны тыңдайтын кейіпкерге, біржақты кеңес беретін типтен – эмоциясы айқын әрі күрделі ситуацияны арқау еткен оқиғаға, «жақсы бала» мен «бұзық бала» схемасынан – әр баланың өз ерекшелігі болатынын айқындайтын бейнелерге, ұлттық бояудан, тек өзіндік ерекшеліктен тұратын галереялық көріністерден – жаһандық ортақтықты негіздеген сюжеттер желісіне, өңірлік мифтерден құралған танымнан – әлемдік форматқа синтезделген «ортақ» үлгіге, ұзақ баяндаудан – қысқа да динамикалы қимыл-әрекеттері көп шиеленісті, ширығысты әңгімелеу тәсіліне ауысты.
Төменде балалар әдебиетіндегі негізгі трендтерді ұсынып отырмыз.
Балаға ақыл айтпа, бірге үйрен. Балалар әдебиетінің ең негізгі тақырыбы – баланы бала болып түсіне алу. Яғни, балаға ақыл айту, тәрбиелеу, кеңес беру емес, онымен бірге ойлану, оның сұрақтарына бірге жауап табу, балаша қиялдау мен оның қорқынышын, үрейін жеңуге көмектесу, тығырықтан шығар жол іздеуге үндеу маңыздылығы артып келеді. Әр адамның түрлі ситуацияларда кезігетін қиындығы болады. Ал балалардың ше? Олардың қорқынышы, үрейі неден туындайды? Балалар кішкене дүниеден секемденіп, болмашы істерден үрейленіп, жанын жарақаттауы мүмкін. Осындай сәтте ол көретін мультфильм мен контенттердің маңызы арта түседі. Балалар әдебиеті баланың қорқынышын, жалғыздығын, мектептегі буллингті, отбасындағы қиыншылықты, ішкі күйзелісті жеңуді, өзінің артықшылығын сезінуді арқау етсе, оның балаға да, ата-анаға да септігі көп болмақ. Қазір әлемде бұл тақырыпты арқау еткен өнімдер жыл санап көбейіп келеді. Бала эмоциясының қатпарына үңіліп, оны дұрыс бағытта дамытатын психологиялық тақырыптарға сұраныс жоғары. Бұл санаттағы кітаптар балалар эмоциясын сауатты тәрбиелеу арқылы оның өмірге бейімділігін жетілдіреді.
Сен жалғыз емессің. Әлемдегі әртүрлілік, қоршаған ортаның сан алуан құбылысы да балалар әдебиетін айналып өтпек емес. Әлемнің тек біржақтылы еместігін, бір ұлттан тұрмайтынын немесе бір діни сеніммен шектелмейтінін, жүздеген ұлт пен ұлыс, наным-сенім өкілдері мекен ететінін, олардың салт-дәстүрлері өзінше ерекше екенін балаға шығарма арқылы түсіндіру бүлдіршіннің танымын кеңейтіп қана қоймай, ертең жаһандық үрдістерге тез ілесуге жол ашады. Бұл бағытқа кейінгі жылдары аутизмнің асқынуы мен ерекше балалардың көбеюі де жатады. Балаларға өзімен тұстас өмір сүріп жатқан ерекше балаларды мазақтамау, оларға мейіріммен қарау, көмектесу, шеттетпеу дағдысын ерте бастан сіңіру балалар контентінің өзекті тақырыбының бірі. Айналаңызға қарасаңыз, біздің қоғам үшін де өзекті екенін байқайсыз. Біздің авторлар да бұл тақырыпты игеруі керек-ақ.
Әлемді қалай құтқарамыз? Бұл сұрақ экологияны қорғау трендінен туып отыр. Табиғатты аялау, энергияны үнемдеу, экологиялық апаттың алдын алу, жерді жылынудан сақтау, технологиялық және жасанды апаттардан қорғау – ғалам үшін өзекті. Жыл сайын осы тақырып аясында жүздеген конференция өтеді. Халықаралық келісімдер мен тұжырымдар бар. Жер шарын, экологияны қорғау үшін миллирдтаған қаржы бөлінеді. Дегенмен ең алдымен жер бетінің әр тұрғыны табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсінуі керек. Оны балаларға әдебиет арқылы ерте бастан ұғындырудың маңызы зор. Әлемде «экология әдебиеті» деген ұғым бар. Әлемдік балалар әдебиетінде бұл ең актуальды тақырыптың бірі. Өйткені судың қасиетін, энергияның тапшылығын, ағаштың оттегін таратып, әлем тепе-теңдігін сақтайтынын визуалды және суретті мәтіндер арқылы түсіндіру баланы «Әлемді қорғауым керек» деген ойға баулиды. Ал әлемді, табиғатты қорғауды білген бала мейірімді болып есейеді. Әсіресе, бұл тақырып түрлі-түсті суретті кітаптар мен визуалды шығармалар өндірісіне тиесілі. Зерттеушілер балалар әдебиетінде экология тақырыбын арқау еткен шығармалардың саны кейінгі 10-15 жылда көбейгенін айтады. Бұл – жақсы үрдіс. Бізде бұл тақырыпты арқау еткен заманауи шығармалар бар ма? Ойланатын сұрақ.
Ғаламды игерейік. Қазір балалар Илон Маскке қызығады. Оның Марсты игеру жоспары көптеген жасөспірімге шабыт сыйлайды. Сондықтан да балалар әдебиетінде ғылымның құпиясы мен ғарыш туралы шығармалар өте танымал. Илон Маск бала кезінде балаларға арналған кітапты көп оқығанын, тіпті ғарыш туралы шығармаларды оқығанды қатты ұнатқанын айтады. Демек, фэнтези жанрындағы кітаптарға қашанда сұраныс мол. Балалар әдебиетінде ғылым мен техника, ғарыш, ЖИ туралы шығармалар саны еселеп артып келеді. Әсіресе, Еуропа, АҚШ және Шығыс Азия (Қытай, Жапония, Корея) елдері кітап индустриясында осы тақырып трендке айналған. Бұл энциклопедиялық немесе түсіндірме баяндаумен жазылған кітаптар емес, керісінше, баланың өзі ғылымды жаратушы, оны пайдаланушы әрі әлемдік ғылыми оқиғалардың қатысушысы бола алады. Ғылыми жаңалықтарға қанық болуды ғана емес, ғылыми ойлауды үйретуді көздейді. Планетаны планета деп таныстырмайды, оны кейіпкер ретінде көрсетеді. Ғылымның жұмбақтарын шешуге ынталандырып, балаға өзі тәжірибе жасауға мүмкіндік туғызады. «Эврика!» деп айғайлай алған бала, өзі де жаңалық ашуға ынталы болмақ. Роботтармен тілдестіріп, олардың «сезіміне» ортақтастырады. Осы арқылы «ғылыми әлем – жат әлем» деген түсінікті шеттетіп, оның бізбен бірге дамитынын, оны дамытатын өзіміз екенін ұқтырады. Ғылымды пән ретінде дәріптемей, оған өмір сүру тәсілі ретінде қарауды үйретеді. Мұндай шығармалар визуалды көріністерге бай, оқушыны зеріктірмейді әрі қиын тақырыптарды ойын арқылы жеткізеді. Мұндай шығарма жазу үшін автор интеллектісі жоғары болуға тиіс.
Ұлттық фольклордың шуағы. Балалар әдебиеті қиял-ғажайыпсыз жасалмайды. Сіз жоғарыдағы тақырыптарға жазылған кітаптарды немесе визуалды өнімдерді көрсеңіз, бәрінің арғы өзегінде мифтер мен аңыздар, ұлттық фольклор барын аңдайсыз. Кейінгі жылдары Батыс елдері өздерінің аңыз-мифтерін түрлі өнер саласында толық пайдаланып, бірегей мәдени платформа қалыптастырып үлгерді. Енді олар өзге елдердің мифтері мен фольклорларына «ауыз сала» бастағаны байқалады. Әсіресе, Оңтүстік Америка, Азия, Африка елдерінің фольклоры мен аңыздарын, мифтік танымдарын арқау етіп, балалар шығармашылығы индустриясынан мол қаржы табуға кірісіп кетті. Олар белгілі бір мекенге тән аңыз-мифтерді әлемдік контекстке синтездеп, ортақ құрылым мен құндылық шеңберінде бейнелеудің шеберіне айналды. Бұл үрдістен қалмау үшін корей мен жапон қаламгерлері де африкалық және азиялық мифтерді өздерінше түрлендіріп, өңдеп, ортақ адамзаттық құндылық призмасынан өткізіп, ешкімді алаламайтын әрі адамның бәрі үшін өзекті тақырыпты арқау еткен кітаптарды көптен шығаруға бел буған. Мұндай жанрды «YA fantasy» деп атайды. «YA fantasy» – әлемдегі ең танымал бағыттардың бірі. Айдаһарлар дүниесі, ежелгі күштер тартысы, жұмбақ империялар, әлемге билік жүргізуге құлшыныс, қара күштің әсері, магияға толы әлем. Алдымен шығарма жазылып, соңынан киноиндус-трияға айналатын туындылар балалар контентін дамытып қана қоймай, мол пайда табудың да көзіне айналған. Мұнда түркі, араб, қытай, үнді, Африка аңыздарының бәрінен алынған ортақ прототиптер жетерлік. Жапон анимелерін көрсеңіз, бала кезде естіген яки оқыған ертегілер ойыңызға оралады. Арғы өзегінде достық, мейірім, махаббат, адалдық арқау болатын мұндай шығармалардың оқырманы да, көрермені де көп. Бұл бағытта елімізде сең қозғалғанымен, айтарлықтай табысқа жетті деуге әлі ерте. Түркі мифологиясы мен көшпенді әфсанасы «игерілмеген алқап» десек те болады.
Ойын ойна, бірақ ойланып ойна.
Ойын – балалар контентінің ең маңызды тақырыптарының бірі. Ойынсыз бала өспейді. Әлемдік кітаптар бұл бағытты жыл сайын дамытып, жаңа трендтер ойлап тауып келеді. Баласының смартфоннан көз алмай отыруы әр ата-ананы уайымдатады. Одан құтылудың жолы бар ма? Шетелдің кітап индустриясы баламен «ойнайтын» кітаптар шығаруды жолға қойған. Айталық, логикалық сұрақтар арқылы баланы өз ішіне енгізіп, оның жауабын бірге табуға жетелейді. Кітап сұрақтарға толы болуы мүмкін. Ал оның шешімін оқырман бала өзі табады. Оған сілтемелер, нұсқаулықтар, карталар, қызықты детальдар ұсынып, жауабын бірге табайық дейді. Фазл ұсынып, оны бірге құрастырайық дейді. Математикалық есептердің жауабын бірге шешуге шақырады. Бала кітап оқымайды, ойын ойнайды. Ойынды ойланып ойнайды. Жұмбақ үйдің сызбасын беріп, өзінің ең жақсы көретін қуыршағын табуды тапсырады немесе қуыршағын жұмбақ үйдің ел көрмейтін жеріне жасыруды үйретеді. Бұл 3-8 жас шамасындағы балалардың логикасын дамытып, өзі жеке шешім қабылдап, сұрақ құрастырып, оны өзгелерге үйретуге баулиды. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы кітаптар электронды форматта көп шыға бастады. Тіпті, аудиокітаптар да көбейген. Кітап баламен тікелей сөйлесуге арналған, оған бағыт-бағдар беріп, әңгімелесіп, мұңдасады. Түйткілді сұрақтарына жауап береді. Өзіне де сұрақтар қояды. Жасанды интеллекет дәуірінде мұндай кітаптардың жуық уақытта көптеп шыға бастайтыны сөзсіз. Бізге де бұл бағытты ойластырып, қолға алған жөн дер едік. Балаңыз өзге тілдегі кітаптармен емес, өз тіліндегі кітаптармен «кеңес» құрғанын кім қаламасын?..
Түйін:
Біз әлемдік балалар әдебиетіндегі негізгі трендтердің бірнеше бағытына тоқталдық. Бұл бағыттардың әрқайсысы тереңдей зерттеуді қажет етеді. Кітап индустриясының ішінде ең өтімдісі әрі пайдалысы – балалар әдебиеті. Сондықтан бұл саланы дамытуға баса мән берген жөн. Мемлекет заманауи бағытта жаза алатын қаламгерлерге арнайы грант тағайындап, оның сатылымын ұйымдастырса, көп олқылықтың орны толар деген ойдамыз.