Ерте жүктілік: Себебі мен салдары

Бүгін, 15:30 / Арайлым Жолдасбекқызы
ашық дереккөзден

Ауылдық жерлерде жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткіші қаламен салыстырғанда екі есе жоғары. Жыл сайын кәмелетке толмаған мыңдаған қыздың тағдыры күрт өзгереді. Олардың бірі сақтану жолдарын білмесе, енді бірі ерте неке құруға мәжбүр. ЮНИСЕФ пен сарапшылардың соңғы зерттеулері бұл үрдістің артында үлкен әлеуметтік-экономикалық теңсіздік пен репродуктивті сауатсыздық тұрғанын ашық көрсетіп отыр. 

Ауыл мен қала арасындағы алшақтық

Статистикалық мәліметтер жасөс­пірімдер жүктілігінің география­лық тұрғыдан әркелкі екенін көрсетеді. Ауылдық жерлерде ерте жүктілік пен туу көрсеткіші қалаға қарағанда едәуір жо­ғары. 15-19 жас аралығындағы мың қыз­­­­ға шаққанда туу коэффициенті қала­лық жерде орташа есеппен 15,3 болса, ауылда бұл көрсеткіш 25,9-ға жетеді. 
Өткен айда сарапшылар мен құ­зыр­лы органдар еліміздегі жасөспірімдер ара­сындағы жүктілік пен туу көрсет­кіш­тері бойынша ең соңғы мәліметті жа­рия­лады. Бұл деректер өткен жылдардың (2024-2025 жж.) нақты статистикасын көр­сетеді. Ол бойынша 15 пен 19 жас ара­­­­­лығындағы әр мың қызға шаққанда туу көрсеткіші орташа есеппен 12,96-ны құра­ған. Яғни, осы жастағы мың қыздың ішінен шамамен 13-і ана атанған. 
Қазақстанда статистика екі топ бойын­ша бөлек жүргізіледі. 15-17 жас (не­гізгі топ) және 14 жасқа дейінгі бала­лар. Елімізде жыл сайын 14 жасқа тол­ма­ған (7-8 сынып оқушылары) 6-дан 9-ға дейін қыз баланың жүкті болуы немесе бо­сануы сияқты шетін жағдайлар тір­ке­леді. 
Елімізде 15-19 жас аралығындағы ж­а­сөспірім қыздардың жүктілігі Маң­ғыс­тау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында өте жиі кездеседі. Аталған өңірлерде бұл жас санатындағы бала туу деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары болып отыр. Әсіре­се, Жамбыл мен Маңғыстау облысы жас-өс­пірімдер жүктілігі ең жиі тіркелген ай­мақтардың көшін бастап тұр. Атап ай­тар болсақ, Жамбыл облысында әр мың жасөспірім қыздың 20-ға жуығы (19,67) босанған. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Маңғыстау облы­сында әр мың жасөспірім қыздың 19-ға жуығы (18,87) ана атанған. Ал Түркістан облысында әр мың жасөспірім қыздың 18-19-ы (18,51) босанған.
Ерте жүктілік мәселесі Ақтөбеде де ушы­ғып тұр. Тек өткен жылдың өзінде ға­на аймақта 99 жасөспірім қыздың жүк­тілігі ресми түрде тіркелген. Мұндағы жас аналардың басым бөлігі 17-18 жас ара­лығындағы бойжеткендер болса, ең жа­сы 14-те. Мамандар болса ата-ана­лар­дың мәселені өте кеш байқайтынын ай­тады. Бұған көбінесе отбасындағы ашық әңгіменің жоқтығы себеп болып отырғаны жасырын емес. Қыз бала жүкті болып қалған жағдайда, ең бірінші «ата-анам жазалайды», «жұртқа күлкі бола­мыз» деген қорқынышпен оны соңғы айларға дейін жасырады. Соның сал­дары­нан, жасөспірімдер арасындағы жүк­тілік жағдайларының басым көп­шілігі, яғни 97-98 пайызы босанумен аяқ­талады. Тек саусақпен санарлық оқи­ға­ларда ғана, оның өзінде нақты ме­дициналық көрсеткіштер мен денсау­лық­қа төнген қауіпке байланысты жүкті­лік­ті ерте кезеңде тоқтатуға тура келеді.


Оңтүстік пен батыс аймақтарда дәс­түрлі құндылықтар мен патриархал­дық қоғам қалыптасқан. Бұл бір жағынан жақсы болғанымен, екінші жағынан бұл өңірлерде жыныстық сауаттылық мәсе­лесі тыйым салынған тақырып. Еліміздегі мамандар бұл тенденцияны тек меди­ци­налық емес, ең алдымен әлеуметтік мә­селе деп бағалайды. Денсаулық сақтау ми­­нистрлігі Ана мен баланы қорғау де­пар­таментінің аналар денсаулығын сақ­­­тау басқармасының басшысы Шәки­зат Халықова бұл жағдайға қатысты: «Біз жағ­дайды осы жас тобына шаққандағы көр­сеткішпен бағалаймыз. Өңірлер ара­сын­дағы айырмашылықтар әлеуметтік және мәдени факторларға байланысты», – деп мәлімдеді. 

Себеп пен салдар

Бұл жағдайдың тағы бір әлеуметтік қыры – өмірге келген нәрестелер­дің тағдыры. Облыста өткен жылы бо­сан­ған жас аналардың ішінен тек бір сә­би ғана уақытша «Үміт» балалар үйіне ор­наластырылған. Қуантарлығы, қалған ба­лалардың бәрі тағдыр тәлкегіне түс­пей, өз отбасыларында, туыстарының ор­тасында тәрбиеленіп жатыр. Дегенмен бұл көрсеткіштер қоғамдағы жыныстық тәрбие мен отбасылық құндылықтар мәсе­ле­сін қайта қарау қажеттігін ескер­теді.
Мамандар мен БҰҰ-ның Халық қоныстану саласындағы қоры (UNFPA) жүргізген зерттеулер ерте жүк­тіліктің үш себебін атайды. Біріншісі, репродуктивті сауаттылықтың төмендігі. Жасөспірімдердің жүктіліктің салдары, сақтану жолдары туралы білімі таяз. Екін­шісі, контрацепциялардың  қолже­тімді болмауы. Сауалнамалар бойынша тұрақты жыныстық қатынасқа түсетін жасөспірімдердің 20 пайыздан азы ғана қорғаныс құралдарын тұрақты пайдала­нады. Кішігірім ауылдар мен аудандарда жастар қоғамдық айыптаудан қорқып, дәріханалардан сақтану құралдарын са­тып алуға қысылады. Үшіншісі, әлеу­мет­тік-экономикалық жағдай. Білім деңгейі немесе отбасылық табысы төмен ортада ерте жүктілік пен ерте некеге тұру оқиға­лары жиірек кездеседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының сарапшылары жасөспірімдер жүк­тілігінің тағы бір себебі ретінде қыз­дың кәмелетке толмай тұрып тұр­мысқа шы­ғуын алға тартады. 
2024 жылдың қорытындысы бойын­ша елімізде 123,6 мың жұп ресми некесін қиған. Кәмелетке толмаған 616 қыз және 16,8 мың 18-19 жастағы бойжеткен тұр­мыс­қа шыққан. Некеге тұрған кәмелетке тол­маған жасөспірім ұлдардың саны небәрі 64 адам. Бұл қыздар арасындағы көрсеткіштен 10 есе аз.
Айта кетерлік жайт, аталған сандар­дың ішінде 18 жасқа толмаған 2 қыз жә­не 18-19 жастағы 80 бойжеткен ажы­ра­­сып, тағы да тұрмысқа шыққан.
Ал ер жігіттер арасында бұл көрсет­кіш әлдеқайда төмен. Екінші мәрте не­кеге тұрғандардың саны небәрі 7-еу және олардың барлығы кәмелетке толған. Бұдан жасөспірім қыздардың көбіне өз қа­тарластарына емес, өздерінен әлдеқай­да үлкен ер адамдарға тұрмысқа шыға­ты­нын немесе солардың зорлық-зомбы­лығына душар болатынын байқауға болады. 
ДДҰ-ның жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу және қыздардың ден­саулығын нығайту жөніндегі нұс­қау­лығында: «Ерте жүктілік қыздардың білім алу мүмкіндігін шектеп, әлеуметтік бай­ланысы мен жұмысқа орналасуына кері әсерін тигізіп, ұрпақтар арасындағы кедейліктің тұйық шеңберін тудырады, ал оны үзу өте қиынға соғады.  Сондай-ақ ол денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді, со­ның ішінде инфекция жұқтырға, мер­зімінен бұрын босануға, сонымен қатар лайықты жағдайда қауіпсіз көмек алуға кедергі келтіретін ерекше факторларға байланысты абортты қауіпсіз емес жағ­дайда жасаудан туындайтын асқынуларға жиі әкеп соғады. 
Ерте жүктіліктің себептері сан алуан жә­не олар тығыз байланысты: гендердік тең­сіздік, кедейлік, мүмкіндіктердің жоқ­­­­тығы және сексуалдық әрі репродук­тив­тік денсаулықты қорғаудың қолже­тім­сіздігі. Ерте жүктілік пен ерте некеге тұрудың арасындағы өзара байланыс анық байқалады: табысы төмен және орташа елдердегі жасөспірімдер арасын­дағы әр 10 босанудың 9-ы – 18 жасқа тол­май тұрмысқа шыққан қыздарға тие­сілі»,  – деп жазылған.
 

Жүктілік көрсеткіші жоғары, туу төмен

Ерте жүктіліктің аймақтардағы көрсеткіші жоғары болғанымен, елдегі жалпы туу көрсеткіші біршама төмендеген. Ұлттық статистика бюроның дерегінше, 2024 жылы туу деңгейі 18,2 пайызды құраған, бұл – соңғы жыл­дар­дағы ең төмен көрсеткіш.  Мамандар мұ­ның тосыннан болған құбылыс емес, та­биғи заңдылық екенін айтады. Шәки­зат Халықованың пайымдауынша, бұл 2000-жылдардың басындағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыстармен тікелей байланысты. Сол кезде туу көрсеткіші тө­мен болғандықтан, қазір сол буын өкіл­дері отбасын құрып жатыр.  
Жалпы, ерте жүктілік дегеніміз 18 жас­қа дейін болады. Жасөспірімдердің дамуы әртүрлі болатындықтан ерте жүк­тілікке жасөспірім физиологиялық тұр­ғыдан дайын болмаса, соңы ауыр ас­қыну­ларға апаруы мүмкін. Өйткені дү­ние жүзі бойынша ерте жүктілік кезінде жаңа туған нәрестелердің өлімі де,  жас ана­лар арасында өлім көрсеткіштері де жоғары.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ата-ана мен балалар арасында сенімді қа­рым-қатынас болуы керек дейді ма­ман­дар. Үлкендер «тыйым салынған» та­қы­рыпта сөйлесуге уақыт бөлуі керек.  Бұл тек қыздардың ата-аналарына қа­тыс­­ты мәселе емес. Мұндай түсіндіру жұ­мыстары ұлдарға да өте қажет. Өйт­кені жауапкершілік екі жаққа тең. Алай­да ерте жүктілікті қоғам болып айыптау, «ұят» мәселесі тек қыз балаға ғана бағыт­талып, ер адамдар жауапкершіліктен заң жү­зінде де, моральдық тұрғыдан да сы­ты­лып шығып кетіп жатады. 
Жүктілік кезінде жасөспірімнің және ата-анасының алдында екі ғана жол тұрады. Бірі – баланы өмірге әкелу, екіншісі – жүктілікті тоқтату. Екеуі де оңай шешім емес, жүгі ауыр. Алайда тү­сік жасату болашақта ана болу бақы­тынан айыруы мүмкін екенін ескерсек, ерте ана атану әлдеқайда жақсы екені дау­сыз. Ал түсік жасатқан қыздардың пси­хикасы біршама зардап шегеді, олар деп­рессияға, мазасыздыққа, өзін кінә­лауға бейім келеді. Мұндай пси­хо­ло­гия­лық ауыртпалық ағзаның гормоналды, физиологиялық, вегетативті жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, сүт безі қа­терлі ісігіне шалдықтырады. Ең қауіптісі, жүк­ті жасөспірім қыздар өз-өзіне қол жұм­сау туралы қатарластарына қара­ғанда жеті есе көп ойланады екен. 
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының деректері бойынша, жыл сайын табысы төмен және орташа елдерде 21 миллионнан астам жасөспірім қыз жүкті болады. Ұйым мамандары 15 пен 19 жас ара­лығындағы қыздардың өліміне әке­ле­тін негізгі себептердің бірі ерте жүк­ті­лік пен босану кезіндегі қиындық екенін айтып дабыл қағып отыр. 
Ерте жүктілікпен қатар айтылатын кә­мелетке толмағандар арасындағы неке саны біршама азайған. Қазір елдегі жалпы некелердің 0,28 пайызын ғана құрайды. Дегенмен бұл мәселенің де ген­дерлік сипаты басым. Бір жыл ішінде 583 кәмелетке толмаған қыз бала ресми не­ке­ге тұрса, ер балалар арасында бұл көр­сеткіш небәрі 61-ді құраған.
Бүгінде репродуктивті жастағы әйел­дер қауымының жалпы саны 4,8 мил­лион, оның ішінде шамамен 1 миллионға жуығы – 15 пен 18 жас ара­лы­ғындағы жасөспірім қыздар. Демек, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен ұлттық демографиялық қауіпсіздік мәселесі дәл осы өсіп келе жатқан жас-тар арасындағы репродуктивті мәде­ниет­ті дұрыс қалыптастыруға тікелей тәуелді.
Ерте жүктілік азайғанымен, жасөс­пірім­дердің жыныстық өмірді бастау жа­сы өзгерген жоқ. Министрліктің мәлі­ме­тіне сүйенсек, жасөспірімдер арасын­дағы алғашқы жыныстық қатынастың орта­ша жасы – 16,5 жас. Бұл көрсеткіш ерте жыныстық белсенділік пен оның сал­дарына алаңдаушылық тудырып отыр. 

P.S. Елімізде қазір үлкен парадокс орын алуда. Бір жағынан, 2000-жылдардың басында дағдарысқа байланысты жалпы туу көрсеткіші құлдыраса, екінші жағынан, бедеулік дерті (29 мың әйел) белең алып тұр. Осындай демографиялық қысым кезінде, қолда бар 1 миллион жасөспірім қыздың репродуктивті денсаулығын қорғай алмау, олардың ерте жыныстық қатынас (16,5 жас) пен сәтсіз аборттар (немесе ерте босану) салдарынан денсаулығын құртуы – демографиялық әлеуетімізге үлкен соққы. Сондықтан жалаң тыйымдар мен «ұяттан» арылып, репродуктивті сауаттылықты мемлекеттік қауіпсіздік деңгейінде қолға алмасақ, ертеңгі күні сан жағынан да, сапа жағынан кері кетуіміз мүмкін... 
 

Тэгтер:

туу көрсеткіші жүктілік жасөспірімдер ерте жүктілік