Парламент палаталарының бүгін өткен бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков заң жобасына қатысты баяндама жасап, Астананың бүгінде әкімшілік орталық қана емес, еліміздің саяси басқару, экономикалық белсенділік, инвестициялық тартымдылық, сондай-ақ қоғамдық даму үдерістері шоғырланған негізгі орталық екенін атап өтті.
– Елорданың қарқынды дамуы, халық санының тұрақты өсуі, оның ішінде урбанизация процестерінің күшеюі өз кезегінде құқықтық және басқарушылық тетіктерді одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы әзірленді. Конституциялық заң жобасының негізгі мақсаттары мен міндеттері – астананың ерекше мәртебесін айқындау, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру. Заң жобасымен мәслихат пен астана әкімдігінің өкілеттіктері нақтыланып, жүйеленеді. Атап айтқанда, астана мәслихаты мен әкімдігіне сәулет және қала құрылысы, жол қозғалысы, халықты әлеуметтік қорғау, экология, туризм, коммуналдық меншікті басқару және т.б. негізгі құзыреттер беріледі. Мәслихат пен әкімдіктің құзыреттері жоғарыда аталған түзетулермен ғана шектелмейді, өзге де салалық заңдарда көзделген құзыреттері сақталады. Бұл ретте, қала маңы аймағының көлемі мен шекарасы және оны пайдалану тәртібі, қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің бірлескен ұсыныстары бойынша Үкіметпен белгіленеді, – деді ол.
Сондай-ақ Бауыржан Омарбеков Астананың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру ерекше назарда екенін айтты.
– Астанада көлік инфрақұрылымын басқару, жол жүрісін ұйымдастыру және қаланың автотұрақ кеңістігін реттеу функциялары Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылатын болады. Астананың орманды саябақ аймағы – қала аумағы шегіндегі қорғау, сауықтыру және рекреациялық функцияларға арналған жерлері. Оның шекараларын белгілеу және өзгерту Астана әкімдігінің ұсынуы бойынша Үкіметпен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ аймақтың экологиялық жағдайына теріс әсер ететін кез келген қызметті жүзеге асыруға тыйым салу көзделеді, Астанада көлік инфрақұрылымын басқару, жол жүрісін ұйымдастыру және қаланың автотұрақ кеңістігін реттеу функциялары Жол жүрісін ұйымдастыру орталығы арқылы жүзеге асырылатын болады. Аталған мәселелерді үйлестіру мақсатында Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру жоспарлануда. Кеңес сондай-ақ қаланың және оның маңындағы аймақта сәулет-қала құрылысы мен көркемдік келбеті бойынша жобаларды қарастыратын болады. Бұл бірыңғай қала құрылысы саясатын іске асыруға, елді мекендердің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Заң жобасын қабылдау астананың елдегі саяси, әкімшілік және экономикалық орталық ретінде ерекше рөлін айқындауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Парламент палаталарының заң жобасы жөніндегі бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Нұртай Сабильянов, Мархабат Жайымбетов, Болатбек Нажметдинұлы және Нұрсұлтан Байтілесов, Сенаттан депутаттар Сүйіндік Алдашев, Евгений Больгерт, Талғат Жүнісов және Сағындық Лұқпанов кірді. Комиссия төрағасы болып Нұртай Сабильянов сайланды.