АҚШ ғалымдары тым аз ұйықтау да, шамадан тыс көп ұйықтау да адам ағзасының қартаюын жеделдететінін анықтады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ұйқының жеткіліксіздігі де, артық болуы да ми, өкпе, жүрек және иммундық жүйе жұмысына кері әсер етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Columbia University мамандары адам үшін ең қолайлы ұйқы ұзақтығын анықтау мақсатында ауқымды зерттеу жүргізген. Ғалымдар биологиялық деректерге негізделген арнайы «қартаю сағаттарын» пайдаланған. Бұл әдіс ағзаның нақты жастан қаншалықты жылдам немесе баяу қартаюын бағалауға мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында мамандар 17 түрлі ағза жүйесіне арналған 23 модель жасаған. Мәліметтер Ұлыбританиядағы жарты миллион адамның дерегі сақталған UK Biobank базасынан алынған.
Талдау нәтижесінде ғалымдар ұйқы ұзақтығы мен ағзаның қартаюы арасында U-тәрізді байланыс бар екенін анықтады. Ең баяу қартаю тәулігіне 6,4-7,8 сағат ұйықтайтын адамдарда байқалған.
Ал күніне алты сағаттан аз немесе сегіз сағаттан көп ұйықтайтын адамдарда ағзаның қартаюы жылдамырақ жүрген.
Ғалымдардың айтуынша, қысқа ұйқы депрессия, мазасыздық, семіздік, 2-типті диабет, гипертония және жүрек ауруларымен байланысты. Сонымен қатар тым аз және тым көп ұйқы өкпенің созылмалы аурулары, астма мен асқазан-ішек жолдары мәселелерінің қаупін арттыруы мүмкін.
Зерттеушілердің пікірінше, ұйқы тек мидың емес, бүкіл ағзаның саулығына әсер етеді. Ол зат алмасу процесі мен иммундық жүйенің үйлесімді жұмысында маңызды рөл атқарады.
Ғалымдар бұл зерттеу себеп-салдар байланысын толық дәлелдемейтінін атап өтті. Дегенмен ұйқы ұзақтығы адамның жалпы денсаулығының маңызды көрсеткіші екені анықталған.
Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланды.