Ақтауда тұңғыш рет 15-16 мамыр күндері «Кітап керуен – Ақтау» кітап жәрмеңкесі болады. Жәрмеңке Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
15-16 мамыр күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін өтетін кітап жәрмеңкесіне республикамыздың түпкір-түпкірінен келген баспалар қатысады. Атап айтқанда, Qasym kitap, Steppe&World, Абай, Арман-ПВ, ZIYAT, SANA, MAZMUNDAMA, Marfu, Отбасы Хрестоматиясы, WIK HOUSE.
Баспаларымен қатар кітапсүйер қауым үшін жәрмеңкеге ақын-жазушылар: Роза Мұқанова, Оңайгүл Тұржан, Светқали Нұржан, Зира Наурызбай, Мақпал Мыса, Қанат Тілеухан, Ұларбек Нұрғалым, Бақытгүл Сармекова және т.б қаламгерлер, қоғам қайраткерлері мен кітап авторлары да келеді. Авторлармен суретке түсіп, қолтаңбасымен кітабын алуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдері, түрлі тақырыптарда секциялық отырыстар өтеді. Жәрмеңкеде түрлі ойындар, оқырмандарға арналған іс-шаралар да болады.