Күндердің күнінде жарылады: Африкадағы ерекше көл туралы білесіз бе?

Бүгін, 18:25 / Ербұлан Қайрат

Африкада ғалымдар «баяу әсер ететін табиғи бомба» деп атайтын ерекше көл бар. Ол – Киву көлі. Мамандардың айтуынша, бұл су айдынының түбінде орасан көлемде көмірқышқыл газы мен метан жиналып жатыр. Егер олар кенеттен босап шықса, миллиондаған адамға қауіп төнуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мұндай құбылыс ғылымда «лимникалық атқылау» деп аталады. Яғни көл түбінде еріген күйде жиналған газдардың бір сәтте жоғары көтеріліп, ауаға таралуы. Бұл өте сирек кездеседі, бірақ салдары ауыр болуы мүмкін.

Мұндай апат бұған дейін Ньос көлі маңында болған. 1986 жылы Камерундағы осы көлден көмірқышқыл газы кенеттен бөлініп шығып, бір түнде 1800-ден астам адам мен көптеген жануардың қазасына себеп болды. Ауадан ауыр газ аңғарларға жайылып, оттегіні ығыстырғандықтан, адамдар тұншығып қалған.

Ал Киву көлі бұдан да қауіпті саналады. Өйткені ол тектоникалық белсенді аймақта орналасқан – мұнда жер сілкінісі жиі болады. Кез келген күшті дүмпу көл түбіндегі газ қабаттарын қозғап, апатқа түрткі болуы ықтимал.

Ғалымдардың мәліметінше, көлдің терең қабаттарында шамамен 60 миллиард текше метр метан және 300 миллиард текше метр көмірқышқыл газы бар. Көл маңында екі миллионнан астам адам тұрады.

Қауіпті азайту үшін 2000-жылдардан бері арнайы KivuWatt жобасы жұмыс істейді. Жоба аясында көл түбіндегі метан біртіндеп шығарылып, электр энергиясын өндіруге пайдаланылады. Бұл бір жағынан жергілікті халықты энергиямен қамтыса, екінші жағынан көлдегі қысымды азайтуға көмектеседі.

Дегенмен мамандар мәселе толық шешілген жоқ дейді. Сондықтан ғалымдар көлді тұрақты бақылап, ерте ескерту жүйелерін дамыту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Тэгтер:

Африка көл жарылу