Ішкен тамағың иммунитетіңе бірден әсер етеді – зерттеу

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

АҚШ-тағы University of Pittsburgh ғалымдары дұрыс тамақтану иммундық жүйеге бірден ықпал ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Nature журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар тағамның ағзадағы қорғаныс қызметін атқаратын T-лимфоциттердің жұмысына қалай әсер ететінін зерттеген. Бұл жасушалар «бөтен» элементтерді танып, оларға қарсы иммундық жауапты іске қосады. Зерттеу барысында мамандар T-жасушаларды адамдардан тамақтан кейін және ашыққан кезде алып салыстырған.

Нәтижесінде жасушалардың метаболикалық күйінде айқын айырмашылық бар екені анықталған. Тамақтан кейін ағзада майлар ұзақ уақыт айналымда болады, бұл T-лимфоциттердің белсенділігіне әсер етеді. Өйткені бұл жасушалардың басым бөлігі бірден емес, біраз уақыт өткен соң іске қосылады.

Тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде тамақтан кейін T-лимфоциттердің қоректік заттарды көбірек қабылдайтыны байқалған. Егер дәл осы кезеңде олар патогендермен кездессе, иммундық жауап әлдеқайда күшті болған.

Зерттеу аясында ғалымдар CAR-T therapy жасушалық терапиясының тиімділігін де тексерген. Тамақтан кейін алынған T-жасушалардан жасалған модификацияланған жасушалар ісіктермен күресте ұзақ әрі тиімді нәтиже көрсеткен.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл жаңалық болашақта қатерлі ісікке қарсы емдеуде маңызды рөл атқаруы мүмкін. Атап айтқанда, жасушалық терапия үшін материал жинау кезінде ағзаның метаболикалық күйін ескеру қажет екенін көрсетеді.

Тэгтер:

тағам иммунитет тамақ