Бокстан әлем чемпионы Оразбек Асылқұловқа пәтер кілті табысталды (ВИДЕО)

Бүгін, 22:41 / Жамбыл Жайлау
Ақмола облысы әкімдігі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің танымал спортшысы, боксшы Оразбек Асылқұловқа пәтер кілтін табыстады. Салтанатты кездесу Мұтәліп Шахмұраттың қатысуымен Kokshe Arena спорт кешенінде өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оразбек Асылқұлов – Қазақстан ұлттық құрамасының үздік өкілдерінің бірі. Ол 2026 жылы Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алса, 2025 жылы Дубайда әлем чемпионы атанды. Бұған дейін 2024 жылғы Азия біріншілігінде күміс жүлдегер атанып, еліміздегі және халықаралық деңгейдегі көптеген турнирлерде топ жарған.

Жуырда Моңғолияда өткен Азия чемпионатында ол 60 келіге дейінгі салмақта финалда үндістандық қарсыласын жеңіп, жоғары шеберлік пен нағыз чемпиондық мінезін көрсетті. Айта кетейік, екі жыл бұрын дәл осы жарыста ол күміс жүлдемен шектелген еді, ал биыл құрлықтың үздігі атанды.

Салтанатты шара барысында өңір басшысы спортшының жетістігі ел мерейін өсіретінін атап өтіп, мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Өз кезегінде Оразбек Асылқұлов көрсетілген құрметке алғыс айтып, жаңа баспана оның болашақ жеңістеріне қосымша мотивация болатынын айтты.

Сонымен қатар, спортшының жеке бапкері Ерлан Ғазизов 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды. Ал Kokshe Arena спорт кешеніне шағын автобус сатып алуға арнайы сертификат табысталды.

Тэгтер:

пәтер бокс Оразбек Асылқұлов