Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағытының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Жобаға облыстың барлық аудан-қалаларынан 1500-ден астам мемлекеттік қызметкер қатысты.
Жоба қатысушылары қатарында түрлі деңгейдегі әкімдіктердің қызметкерлері, облыстық басқармалар, полиция департаменттері, төтенше жағдайлар, қорғаныс саласы, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары мен прокуратура өкілдері болды. Қатысушылар арасында облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және басқа да мемлекеттік органдар өкілдері бар.
Алты ай бойы қатысушылар арнайы сарапшылар комиссиясы іріктеген 15 кітаптан оқып шықты. Тізімге Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ли Куан Ю, Томас Сибель сынды авторлардың еңбектері енді.
Финалдың ерекшелігі – қазақ және орыс лигалары бойынша екі бағытта өткен командалық формат болды. Аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары құрама жасақтап, тек білімдерін ғана емес, командалық үйлесімділіктерін де көрсетті.
Қорытынды нәтижелер бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
Қазақ лигасы:
I орын – Бұқар жырау ауданының құрамасы:
Мейрам Түлеуов – аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі секторының меңгерушісі;
Айнұр Құрдабаева – Үміткер ауылдық округінің бас маманы;
Ақнұр Әлі – Ботақара ауылдық округінің бас маманы.
II орын – Балқаш қаласының командасы:
Айжан Асылхан – мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің бас маманы;
Баян Урматова – ішкі саясат бөлімінің бас маманы;
Ботагөз Бағланова – персоналды басқару қызметінің бас маманы.
III орын – Қарқаралы ауданының өкілдері:
Аян Кизкин – аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы;
Балжан Шалданбаева – Жаңатоған ауылдық округінің бас маманы;
Сая Әскен – білім бөлімінің бас маманы.
Орыс лигасы:
I орын – Қарағанды қаласының командасы:
Лариса Гученко – қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының бас маманы;
Берік Досымбеков – дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы;
Жұлдыз Жораева – экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі.
II орын – Саран қаласының құрамасы:
Элеонора Нехорошева – қала әкімі аппаратының бас инспекторы;
Жұмабике Тайбекова – қала әкімі аппаратының бас инспекторы;
Юлия Бащук – Ақтас кентінің бас маманы.
III орын – Теміртау қаласының қатысушылары:
Дәулет Дайыров – тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы;
Владимир Конев – төтенше жағдайлар басқармасының өрт сөндіру бөлімінің бастығы;
Асланбек Оспан – мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің бас маманы.
Жеңімпаз Қарағанды командасының жарқын қатысушыларының бірі – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Досымбеков. Оның айтуынша, жобаға қатысу тек қызметтік міндет емес, жеке сынақ болған.
«Әрине, кітап оқу – әр адамның жеке таңдауы. Бірақ басшы ретінде өзгелерге үлгі көрсету маңызды. Бұл тек жұмыс үшін емес, әр адамның жеке дамуы үшін де пайдалы. Мемлекет басшысының кітап оқу бастамасын көтергенде, кітап оқу мәдениетінің маңызын терең түсінгені анық. Осы жобаға облыс басшылығының ерекше қолдау көрсетуі – өте маңызды. Мен үшін бұл жоба өзіндік бір челлендж болды, оны үлкен қызығушылықпен қабылдадым», – деді ол.
Ол сондай-ақ жоба мемлекеттік қызметкерлерге өзін-өзі дамытуға уақыт табудың маңызын көрсетті деп атап өтті.
«Қарбаласқа қарамастан, пайдалы әдебиеттерді оқуға мүмкіндік табу – өте маңызды. Бұл жоба өз мүмкіндігімді дәлелдеуге, сондай-ақ спорт саласындағы адамдар кітап оқымайды деген стереотипті бұзуға ықпал етті. Ең бастысы – елімізде білімді, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру бастамасын қолдау», – деді ол.
Жоба тағы бір мәрте қазіргі заманғы мемлекеттік қызметкердің жан-жақты тұлға екенін дәлелдеді. Финал түрлі ведомство өкілдерін біріктіріп, ортақ құндылықтар негізінде нағыз команда қалыптастыра алатынын көрсетті.
Қатысушылардың жұмысын әдебиет, білім және мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрағасы – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды филиалының директоры, философия докторы Серікжан Байбосынов.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. Қатысушылар саны бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр – 1 500 адам. Қостанай облысында 400-ден астам, ал Шымкентте 500-ден аса мемлекеттік қызметкер қатысуда.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясында 2026 жылы жобаны бүкіл ел аумағына кеңейту жоспарланып отыр. Бастама барлық өңірді қамтиды деп күтілуде.
Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» жобасына 189 мыңнан астам адам қатысуда. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, педагогтер, отбасылық династиялар мен мемлекеттік қызметкерлер бар.
Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Қарағанды, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы әкімдіктерімен «Amanat» партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Салтанатты марапаттау рәсімі Ұлттық кітап күні қарсаңында өтеді деп жоспарлануда.