Ең үздік романды анықтауға арналған Mecenat.kz әдеби байқауының маңызды кезеңі басталды. Бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған байқауға 33 роман ұсынылып, соның алтауы финалға шыққан. Іріктелген сол алты шығарманың бірі – «Ойлан, қазақ» романы. Аталған туындының авторы – жазушы, «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди. Turkystan.kz сайтының тілішісі үздік алтылыққа енген туындының авторымен шығармасы жайында аз-кем сөйлескен болатын.
«Бұл – менің алтыншы туындым. Әдебиетке, жазушылыққа деген қызығушылық бала кезімнен басталған. Кішкентай кезімнен батырлар жырын, қазақ ертегілерін қызыға оқитынмын. Соларға еліктеп, әртүрлі ертегі мен әңгімелерді ойдан құрастырып жазатынмын. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде мақала жиі жазып жүрдім. 2017 жылдан бастап түрлі жанрда кітап жаза бастадым. Алғаш рет «21 ғасыр шешені. 77 кеңес» деген қазақша заманауи шешендік өнер туралы кітапша жазған едім. 2019 жылы «Билік. Көлеңкедегі уәзір» атты көлемді көркем шығарма жаздым. 2023 жылы «Qazaq Батыр» (Капитан Qazaqstan) комиксін әзірлеп шығардым. 2024 жылы «2029: Жасанды интеллект диктатурасы» атты ғылыми-фантастикалық кітабым жарық көрді. Ол кітап қазір тек ағылшын тілінде Amazon сайтында сатылады. Бұйырса қазақша нұсқасын шығаруды жоспарлап отырмын. Ал бұл байқауға ұсынылған «Ойлан, қазақтың» орны ерекше. Мүлде басқа, жаңаша бағыт. Идеясы 2023 жылы келген-тін. Содан екі жыл бойы іштей қорытып жүріп, тек 2025 жылдың шілдесінде жазуға кірістім. Жеті айдан астам уақытта қағазға түсіріп, биыл Mecenat.kz бәйгесіне қосқанды құп санадым», – дейді ол.
Автордың айтуынша, бұл романда қоғамдағы өзекті мәселелер мен адам болмысының ішкі қайшылықтары тереңінен қозғалады.
«Романда ұлттық тәрбие, тарихи сабақтастық, әке мен бала арасындағы түсініспеушілік, көзқарас қайшылығы, психология мәселелері қамтылған. Адам жасы келе «Мен кіммін? Қайдан келдім? Қайда бара жатырмын?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздейді. Экзистенциялық дағдарыс мәселесі. Қазақ қуыс кеуде дейді. Бір тұлға, бір кейіпкердің осындай қиналған сәтін суреттеу арқылы ұлтымыздың қазіргі күйін, қоғамдағы ахуалды суреттеуге тырыстым. Мұнда қозғалған тағы бір психологиялық мәселе – диссоциативті бұзылыс. Яғни адамның жан-дүниесінің екіге жарылуы. Бұл жайлы Төлен Әбдік ағамыз «Парасат майданы» повесінде, Мұхтар Мағауин «Жармақ» романында жазған. Мен осы классик аталарымыз салған жолды жалғастырып, тұлғаның екіге бөлінуі емес, үшке бөлінуін жаздым. Адамның күнделікті қалыптасқан образы бар. Ал ішінде «басқаша өмір сүрсеңші» дейтін неше түрлі дауыс болуы мүмкін. Шығарманың басты кейіпкері – елу жастағы Әділжан. Әділ, адал, таза адам. Бірақ осы жасқа келіп аса бір жетістікке жетпеген, өзіне, өз өміріне көңілі толмайтын, өмірден түңілген, өз-өзін ішінен жеп жүрген жан», – дейді ол.
Роман бүгінгі өмірді суреттегендіктен заманауи технологиялар мен жаңа көзқарастар кеңінен көрініс табады.
«Романда қозғалған тағы бір тақырып – жасанды интеллект пен виртуалды әлем. Қазақ әдебиетін 21 ғасырдың үрдістерімен үндестіру мақсатында қозғадым. Бас кейіпкер Көкшетау қаласында журналист болып жұмыс істейді. Үнемі мәслихат сайлауына қатысады. Бірақ өте алмайды. Жолы болмай жүрген әкесін кіші ұлы Кенжехан үнемі айыптайды. Әкесі бұл өмірде әділ, адал, түзу жүруді таңдаса, баласы – Макиавеллидің «Әмірші» романының жанкүйері. Яғни сол кітапта сипатталатындай қулық-сұмдық жолымен жетістікке жету керек деп есептейді. Әке мен бала арасында үнемі осы мәселе төңірегінде дау туындайды. Осындай ойлардан қажыған Әділжан бір күні Бұқпа тауындағы телемұнараға барып өмірімен қош айтысуды ойлайды. Ол жерде Жолсерік деген жігіт оны тоқтатып, Үміт атты психологқа жүгінуге кеңес береді. Романдағы кейіпкерлердің де есімі, бөлімдердің де атаулары символикалық тұрғыда таңдалған. Әділжан – әділдік сүйгіш адам. Жолсерік – жаңа жолға бағыттап тұрған жігіт. Үміт – жаңа өмірге үмітін оятқан психолог. Сөйтіп бас кейіпкер психологқа келіп, ол берген дәріні ішіп, көзілдірікті киіп, виртуалды әлемге сапар шегеді. Өмірінде бұрын болған оқиғаларға оралып, ұлы айтқандай қулық-сұмдықтан тайынбайтын, басқа Әділжан болуға тырысады. Өзі шынайы өмір мен виртуалды өмірді ажыратпай шатаса бастайды. Солайша виртуалды әлемде өзінің ақ, қара және сұр кейіптегі үш образын көреді. Ақ дегені адал Әділжан, қара дегені қулық-сұмдықты меңгерген Әділжан, сұр дегені бейтарап Әділжан. Шығарманың соңында осы үшеуінің арасында психологиялық, пәлсапалық дискуссия болады. Әрқайсы үш образдың артықшылықтары мен кемшіліктерін айтады. Соңында Әділжан тәубесіне келіп, Құдайдан кешірім сұрап, шынайы әлемге оралады», – дейді ол.
Осылайша психологиялық дағдарысты еңсерген бас кейіпкер «Қоғам үшін мен не істей алдым? Неге жетістікке жетпедім?» деген сұраққа жауабын табады.
«Бұл шығармада Әл-Фарабиден бастап Өзбекәлі Жәнібек, Дінмұхаммед Қонаевқа дейінгі көптеген тарихи тұлғалардың аты аталады. Тарихи тізбек байланысы көрсетіледі. Бас кейіпкер Бұқпадағы телемұнараға барғанда өзін сол тұлғалармен салыстырады. «Осындай тұлғалар қазақ үшін қыруар іс істегенде, мен неге ештеңе істей алмадым?» деп ойланады. Өзі де алға қарай талпынған, көп шаруа атқаруға ұмтылған. Бірақ ештеңе шығара алмаған. Сонда ғана ол бар мәселенің ұлттық тәрбиеге келіп тірелетінін түсінеді. Әділжан – кеңес заманында өскен адам. Әке-шешесі адамгершілікті үйреткенмен, қазақылықты сіңірген жоқ, жыр-дастан, қисса оқытқан жоқ. Негізі дұрыс қаланған жоқ. Ересек адам қатарына қосылғанда өзі де қолға алған ісін соңына дейін апара алмады, қорқақтады. Осы кезде ғана ол Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», деген сөзінің мәнісін түсінді. Өзіне мінез жетіспеген. Ал мінез қайдан қалыптасады? Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде. Алаш зиялылары ұлттық рухта тәрбиеленіп, нағыз тұлға болып қалыптасты. Алаш зиялылары ұлт қайнарынан сусындап, нағыз тұлға болып қалыптасты. Ал өткен ғасырдың 50-60 жылдары туған буын мұндай тәрбие көрмей, өз тамырынан алыстап кетті. Романның негізгі түйіні – бүгін біз де сондай ірі тұлғаларды қалыптастырғымыз келсе, ең алдымен ұлттық негіздегі тәрбиеге қайта оралуымыз қажет. Сөз соңында тағы бір символикалық байланысты айта кетейін. Міржақып Дулатұлы қазақтың тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамалды» Көкшетау жерінде жүргенде жазыпты. «Бақытсыз Жамалдың» оқиғасы Айыртау ауданындағы Саумалкөл жерінде болған. Ал Саумалкөл – менің туған жерім. Кейін Міржақып «Оян, қазақ» туындысын жазды. Ал сол Саумалкөл жерінде туған мен жүз он алты жылдан кейін «Ойлан, қазақты» жазып отырмын», – дейді автор сөз соңында.