Ақылды болуға көмектесетін жаттығулар

Бүгін, 19:31 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Лондон университетінің зерттеушілері жалпы дене тұлғасын жақсарту миға ақуыз бөлінуін күшейтетінін дәлелдеді. Нәтижелер Brain Research журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұрыннан белгілі болғандай, тек 15 минуттық қарқынды аэробика да мидың нейротрофиялық факторын (BDNF) бөліп шығаруға ықпал етеді. Бұл белок ми жасушаларының денсаулығын сақтап, жаңа синапстардың қалыптасуын ынталандырады. Алайда оның мөлшері адамның бастапқы дайындық деңгейіне байланысты бола ма, жоқ па - бұл сұрақ жауапсыз қалып келді.

Жауап іздеген зерттеушілер белсенділігі төмен ерікті адамдарды тәжірибеге шақырды. 12 апта бойы қатысушылар аптасына үш рет велотренажерде жаттықты. Нәтиже айқын болды: қатысушылардың төзімділігі артқан сайын, әрбір жаттығудан кейін бөлінетін BDNF мөлшері де пропорционалды түрде өсті. Организм жүктемеге бейімделді, ал ми биохимиялық қоректенуін барынша молайтты.
Ең қызықты тұжырым - өзгерістердің жылдамдығы. Зерттеушілер пайдалы белоктар өндірісінің айтарлықтай өскенін алтыншы аптада-ақ байқады. Демек, отырықшы өмір салтын ұстанатын адамдарға нейрондық байланыстарды жаңарту үшін жылдар бойы жаттығудың қажеті жоқ.

Зерттеушілердің айтуынша, тұрақты аэробикалық жаттығулар жадыны нығайтудың және ми қызметін жақсартудың ең тиімді жолы.

Тэгтер:

жаттығу ақылды