Сарбаздардың бос уақытын тиімді өткізуге барымды саламын – әскери кітапханашы Айман Хадисова

Бүгін, 10:00 / Ақбота Әбілтай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әскери қызметкерлердің идеологиялық тәрбиесінде әскери бөлімдердің кітапханалары маңызды рөл атқарады. Кітапхана – сарбаздардың дүниетанымын кеңейтіп, рухани дамуына мүмкіндік беретін мәдени-білім беру орталығы. Әр әскери бөлімшеде ашылған кітапханалар әскери қызметкерлер мен сарбаздардың қалаған кітабын тауып беріп қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Мереке қарсаңында Turkystan.kz сайтының тілшісі Ұлттық ұланның №5573 әскери бөлімінің кітапханашысы Айман Хадисовамен әскери кітапхананың жұмысы мен сарбаздардың кітапқа қызығушылығы туралы аз-кем сұраған еді.

«Өскемен қаласында дүниеге келдім. Мектепті Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Қабанбай ауылында тәмамдадым. Өскемендегі Абай атындағы педколледжде физика пәні мұғалімі мамандығын оқыдым. Кейін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығында оқыдым. Күршім ауданындағы №4 мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалім болып жұмыс істедім. Одан кейін Астана қаласындағы №100 орта мектепке ауыстым. Сол жұмыстан кейін осы әскери бөлімшеге кітапханашы болып келдім. Бала күнімнен маған ұйымдастыру, концерт өткізу, шығармашылық жұмыстар ұнайтын. 9-сыныпты оқып жүрген кезімде әскери оқуға тапсырғым келді. Бірақ әкем «Қаз балаға ауыр» деп жібермей қалған еді. Әскери бөлімдегі кітапханашы вакансиясы туралы білген кезде әрі әскери сала, әрі онда шығармашылық ивенттер өткізетінімді біліп, қызықтым», – дейді ол.

Айман Талғатқызы сарбаздарға тек қай кітап оқу керек екенін айтып қана қоймай, олармен бірге түрлі іс-шара ұйымдастыратынын айтады.

«Әр бөлімшеде кітапхана бар. Мұндағы кітапханада мен жалғыз өзім істеймін. Қатардағы қызметкермін. Бірақ әскери форма киемін, сапқа тұрамын, физикалық нормативтер тапсырамын. Сенбі-жексенбі күндері сарбаздар демалады. Сол кезде олардың бос уақытын пайдалы етіп өткізу үшін түрлі мәдени іс-шаралар өткіземіз. Концерттік бағдарламалар ұйымдастырамыз. Ән салатын, домбыра шертетін, өлең жазатын сарбаздар өз өнерлерін ортаға салады. Олар бос уақытында келіп кітап оқиды. Кітапханада 450-ге жуық кітап қоры бар. Қазақтың әдеби кітаптарына сұраныс көп. Сарбаздар әсіресе Мұқағали Мақатаевтың, Сәби  Мұқановтың шығармаларын сұрайды. Рухани-патриоттық жырлар оқығанда сарбаздардың ойы бөлініп, демалып қалады. Сарбаздармен жұмыс істеген өте қызық. Әңгіме арасында кейбірі ата-аналарын, кейбірі сүйіктілерін мақтап айтып отырады. Болашағымды осы бөлімшемен байланыстырамын», – дейді ол.

Тэгтер:

әдебиет әскери қызметкер сарбаз әскер кітап кітапхана әскери бөлім