Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 2025 жылғы қарашада болған кісі өлтіру ісі қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 қараша күні ер адам жұбайымен бірге Богослов тасжолы бойымен келе жатқан. Жол үстінде ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындаған. Ер адам көлікті тоқтатып, ас үй пышағын алып, артқы орындыққа жұбайының жанына отырған. Ол әйелін етпетінен жатқызып, арқасын аяғымен басып ұстап тұрып, мойын тұсына бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Әйел оқиға орнында көз жұмған.
Осыдан кейін ер адам арқан сатып алып, өндірістік цех аумағына барып, асылып қалған. Ерлі-зайыптылардың артында бес бала қалған.
Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 99-бабы («Кісі өлтіру») бойынша қозғалған. Айыпталушының қайтыс болуына байланысты оның адвокаты іс жүргізуді тоқтату туралы өтінішхат берген, бұл өтінішті прокурор қолдаған. Сот ҚР ҚПК-нің 35-бабы негізінде қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.