"Күдікті ұсталғанда бауырларымның сүйегін табамыз-ау деп жыладық" - марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің туысы

Бүгін, 23:01 / Өтей Торғайұлы

Атырауда кісі қолынан қайтыс болған ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның туыстары күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев ұсталғаннан кейін алғаш рет журналистерге сұхбат берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Марқұмның туыстарының пікірін әлеуметтік желіде тележурналист Жанат Жақсыбайқызы жариялаған. Оған қайғылы жағдайға тап болған отбасының туыстары өз ойларын ашық айтқан.

"Екеуі де тірі болсын (әлі күнге дейін табылмаған Наурыз бен Мейрамгүл - ред). Бірақ енді ол мүмкін емес деп ойлаймын. Тым болмаса сүйектері табылса екен деп ойлаймын. Жер қойнына тапсыра алсақ... Енді жүрегімізбен тірі келсе екен деп ойлаймыз ғой. Солар туралы күдікті айтып берсе екен. Ішімізден жылаймыз, күйінеміз, бірақ Мейрамгүлдің де, Наурыздың да ешкімге бір түйір зияны жоқ адамдар ғой. Ешкімге зияны жоқ. Қолынан келген көмегін Наурызжан аямайтын еді. "Әсел апа, қандай көмек керек?" деп жүретін. Шалқарға, ініме болсын, апама болсын қолындағы барын беріп жүретін. Көмек десе даяр тұратын. Ешкіммен керіскенін не біреуге жақтасқанын, біреуді көре алмайтындай мінезін көрген жоқпыз. Мейрамгүл өзі бала сияқты ғой. Жүре беретін адам. Ал Наурызжанның ешкімге қиянаты жоқ. Қайда жібергенін?! Жарты жыл болды жоқ болғандарына. Күдікті бәрін мойнына алса екен дейміз. Ақбаянды күдікті деп ойламаймыз. Аман-есен елге оралып, дәрігерлерден емін алып, бес баласын бауырына алса екен дейміз. Қанша дегенмен балаға ана керек қой", - деді марқұмның туысы.

Айта кетейік, Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдікті Индонезия Республикасында ұсталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлескен іс-қимыл нәтижесінде Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстаған.  Сондай-ақ бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиевтің келіншегі Ақбаян да күдікке ілінгені туралы жазған едік.

Тэгтер:

күдікті Атырау Сұлтан Сәрсемәлиев Мақсот Қарабалин