Мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың даярлығына толықтай қолдау көрсетілген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған жалпы қаржы көлемі 263 394 581 теңгені құрады. Оның ішінде 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде) 47 млн теңге, ал 5 халықаралық жарысқа қатысуға 16 млн теңге бөлінді. 2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС, федерация және әкімдік желісі бойынша) 33 989 000 теңгені құрады. Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС және федерация желісі бойынша) 26 000 000 астам теңге болды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ хореограф И.В. Регинаның 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ және федерация желісі бойынша) 23 000 000 теңгені құраған.
Қосымша түрде жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру және шығармаларға авторлық құқықтарды сатып алу шығындары да қаржыландырылған. Бұған дейін спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижесі үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленген.