Сапасыз ұйқы тек шаршау мен зейіннің төмендеуіне ғана емес, ішектің саулығына да кері әсер етеді. Қытай ауыл шаруашылығы университетінің ғалымдары ұйқының бұзылуы ішектегі дің жасушаларының қызметін әлсіретіп, қабыну ауруларының қаупін арттыратынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Cell Stem Cell журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдардың мәліметінше, ішектің қабыну аурулары бар адамдардың 75%-дан астамында ұйқы бұзылыстары кездеседі. Осы байланысты тексеру үшін зерттеушілер тышқандарды екі күн бойы ұйқысыз қалдырған. Нәтижесінде тәжірибелік топтағы жануарлардың ішегінде тотығу стрессінің белгілері байқалып, дің жасушалары екі есе азайған және шырышты қабықтың қалпына келу қабілеті төмендеген.
Зерттеу барысында ұйқы тапшылығы ішек жасушаларынан серотониннің шамадан тыс бөлінуіне және оның «кері сіңірілуінің» азаюына әкелетіні анықталды. Қалыпты жағдайда серотонин ішек бұлшықеттерінің жиырылуын және ас қорыту сөлдерінің бөлінуін реттейді. Алайда оның мөлшері шамадан тыс көбейсе, қабыну процесі күшейеді.
Ғалымдар ми мен ішек арасындағы байланысты кезбе жүйке (блуждающий нерв) қамтамасыз етуі мүмкін деп болжайды. Тәжірибе барысында осы жүйке кесілген тышқандарда серотонин деңгейі қалыпты сақталып, қабыну дамымаған. Сондай-ақ зерттеушілер серотонин өндірісін іске қосатын нақты нейромедиаторды да анықтаған.
Алдағы уақытта мамандар кезбе жүйкенің ұзақ уақыт белсенді болуы қатерлі ісікке әкелуі мүмкін бе деген сұрақты зерттемек. Сонымен қатар ұйқысыздықтан зардап шегетін науқастардағы ішек дисфункциясын емдеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу жоспарланып отыр.