Елімізде 2014 жылдан бері қарияларға жүйелі түрде жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан өте маңызды бір жоба жүзеге асып келеді. «AMANAT» партиясы бастамашы болған, осыншама жыл ішінде мейірімділік пен қамқорлықтың жарқын үлгісіне айналып үлгерген «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы – үлкенді құрметтеу, қоғамда мейірімділік пен қамқорлық сезімін нығайту жолындағы маңызды қадам. Аталған жоба аясында ел аумағы бойынша түрлі іс-шара өтіп, көп қарияға айрықша кұрмет көрсетіледі. Сондай қызық бір іс-шаралардың бірі – «Супер әжелер» атты ерекше байқау. Алматы қаласы Жетісу ауданына қарасты Кемел ықшам ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтетін бұл іс-шараның басты мақсаты – қариялардың белсенділігін арттыру, олардың өмірлік тәжірибесі мен даналығын насихаттау, сондай-ақ әжелеріміздің өнері мен өнегесін жас ұрпаққа үлгі ету.
Бұл іс-шараның қатысушылар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлағанын қатыспаған адамның өзі-ақ суреттер мен видеодан-ақ анық байқай алады. Әсіресе, әжелердің оқушылар мен студенттер секілді таныстыру, интеллектуалдық және шығармашылық сайыс арқылы бәсеке көркін қыздырып, өзара жарысқанына көпшілік таңғалысын жасырмады.
Интеллектуалдық сайыс сұрақ-жауап форматында өтіп, кейуаналар білімі мен өмірлік тәжірибелерін ортаға салды. Әжелер қазақ халқының мақал-мәтелдерін жалғастырып, даналық сөздердің мәнін ашып, өзара жарысты. Сонымен қатар, қап ішінде жасырылған тұрмыстық заттарды қолмен сипап табу тапсырмасын орындап, ептілігін көрсетті. Келесі тапсырмада қатысушылар киімдерді тез әрі ұқыпты бүктеуден сынға түсіп, шапшаңдық пен жинақылық жағынан өзара кім мықтыны анықтады. Бұл кезең де көрермендерге ерекше көңілді сәттер сыйлады.
Шығармашылық сайыста әжелер өз өнерін паш етті. Ұлттық тағамдар әзірлеп, әр тағамның шығу тарихы мен отбасылық дәстүрдегі маңызын таныстырды. Әжелердің қолынан шыққан дәмді тағамдар қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ ән айтып, би билеп, түрлі қойылымдар сахналап, өздерінің жан-жақты талант иелері екенін дәлелдеді.
Байқаудың қорытынды кезеңінде әжелер дефиле жасап, кешкі образ, іскерлік стиль мен спорттық стильдегі сән үлгілерін көрсетті. Бұл бөлімде қатысушылардың талғамы, өзін-өзі ұстауы және заманауи стильге бейімділігі айқын көрінді.
«AMANAT» партиясы Жетісу аудандық филиалының идеология кеңесшісі Нұргүл Көпекованың айтуынша, «Супер әжелер» байқауы – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттерді насихаттайтын тағылымды әрі тәрбиелік маңызы зор іс-шара.
«Жетісу ауданында екі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Бірі – Айнабұлақ ықшам ауданында, екіншісі – Кемел ықшам ауданында орналасқан. «Супер әжелер» байқауын осы орталықтармен бірлесе отырып ұйымдастырдық. Бұл орталықтардың әрқайсында жүзге жуық адам бар. Қариялар осы орталықтардың қызметін алады, спортпен шұғылданады. «Супер әжелер» байқауының алдында осы екі орталықта іріктеу өтті. Екі орталық екі команда жасақтап шығарды. Әр командаға ең белсенді, ең өнерлі, ең талантты, ең білімді деген әжелер іріктеліп алынған. Әр командада он адамнан болды. Командалар әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған. Сол себепті байқау екі тілде: қазақ және орыс тілінде өтті. Сайысқа 65-75 жас аралығындағы әжелер қатысты. Екі жақ та жақсы дайындалып келген. Кемел ықшам ауданының «Ақ әже» командасы жеңіске жетті. Олардың дайындығы керемет болған. Бәріне бірдей етіп арнайы киім тіктірген екен. Тағам сайысында қазақтың ұмыт болған «қарын бүрме» тағамын әзірледі, ет дайындады, бауырсақтың «ши бауырсақ», «найман бауырсақ» дейтін түрлерін пісірді. «Зере» командасы орыс ұлтының ұлттық тағамдары мен ұлттық сусынын әзірлеп әкелді. Жеңімпаз командаға 100 мың теңгелік, жеңілген командаға 50 мың теңгелік сертификат берілді. Одан бөлек ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды», – дейді ол.
Нұргүл Керімқызы мұндай байқаулардың маңызы зор екенін, байқау арқылы әжелеріміздің даналығы, өмірлік тәжірибесі, қолөнерге, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігі кеңінен танылғанын баса айтады.
«Байқаудың мақсаты – аға буынның қоғамдағы белсенділігін арттыру, даналығын насихаттау, жастарға үлгі-өнеге көрсету. Ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды сақтау және оларды дәріптеуге бағытталған мәдени-әлеументтік іс-шараларға көбірек араласып отырамыз. Адамдарды көптеп тартуға тырысамыз. Қариялардың белсенді өмір сүруіне мән береміз. Көбіне зейнет жасындағы адамдар қоғамдық өмірден сырт қалып қояды. Осы орайда үлкен кісілерге арналған белсенді өмір сүру орталықтарын ашып жатқан кісілерге рахмет айтамын. Былтырға дейін бізде бір-ақ орталық жұмыс істеген. Айнабұлақта ғана болатын. Кейіннен Кемелдегі ата-әжелеріміз келіп, екінші орталық ашуды өтінді. Бұл – қуантатын жағдай. Осы орталықтар арқылы зейнеткерлердің өмір сүруге деген құлшынысы артып, белсенді, салауатты өмір салтына аяқ басып жатыр. Ал «Супер әжелер» байқауы сияқты байқаулар аға буын өкілдерінің қоғамдағы орны ерекше екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, олардың белсенді әрі мазмұнды өмір сүруіне қолдау көрсету бағытындағы маңызды қадам болады. «Супер әжелер» байқауы – ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан, мейірім мен құрметке толы тағылымды кеш ретінде есте қалды. Осындай игі бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге үлкен үлес қосады. Белсенді өмір салтын ұстанып, қоғам өміріне атсалысып жүрген әжелердің өнегесі – баршамызға үлгі», – дейді ол.