ШҚО-дағы ауылда дөңгелек жөндеу қызметі іске қосылды

Бүгін, 16:20 / Алуа Арман

Шығыс Қазақстан облысы Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылында жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне арналған заманауи шиномонтаж қызметі іске қосылды.

«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында  жергілікті кәсіпкер Ербол Битибаев    9,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жеңіл көліктер мен  жүк көліктерінің дөңгелектерін  жөндеуге және ауыстыруға арналған арнайы жабдықтар сатып алған. Бүгінде ғимарат толықтай дайындалып, алғашқы тұтынушыларына қызмет көрсетуде.

Жаңа қызметтің іске қосылуы өңірдегі көлік логистикасы мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін жүк көліктері үшін үлкен қолдау болмақ. Бұған дейін жүргізушілер дөңгелектерін  ауыстыру немесе жөндеу үшін аудан орталығына немесе басқа елді мекендерге баруға мәжбүр болса, енді бұл қызметті өз ауылында алуға мүмкіндік туды.

Жоба жүк көліктерін пайдаланатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер үшін уақытты үнемдеп қана қоймай, қосымша шығындарды да азайтуға жол ашады.

«Бұл жобаны бастауымның басты мақсаты – ауылдағы көліктерге  сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсету еді. Қазір ауыл шаруашылығында, құрылыс пен тасымалдау саласында ауыр техника көп қолданылады. Ал дөңгелек жөндеу  қызметі – олардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауы арқылы заманауи жабдықтар алып, осы істі жолға қойдық. Бұл тек мен үшін емес, бүкіл ауыл үшін пайдалы жоба деп ойлаймын», – дейді «Ауыл аманты» жобасының қатысушысы  Ербол Битибаев

Жаңаталап ауылында ашылған бұл кәсіпорын жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауыл экономикасының дамуына және кәсіпкерліктің өркендеуіне серпін беріп отыр.

Осындай нақты жобалар арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған тиімді тетік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

 

Тэгтер:

Ауыл Жаңаталап