Хуан Рульфоны жолықтыру – Франц Кафканы алғаш жолықтырғаным сияқты менің естеліктерімнің ішіндегі маңызды тараудың бірі. Мен Эрнест Хемингуэй атылып өлетін күні – дәл 1961 жылы 2 шілдеде Мексикаға келдім. Хуан Рульфоның кітабын оқымақ түгілі, атын да естімеген кезім.
Гарсия МАРКЕС,
жазушы, Нобель сыйлығының иегері
Мен сол тұстағы әдебиет бағытын өте жақсы түсінетінмін. Әсіресе, Америка жазушыларының романдарын бәрін дерліктей білетінмін. Мексикада алғаш кездескен адамым Мануэль Барбачано Понсе еді, сондай-ақ Кордова көшесіндегі Декура қорғанында менімен бірге қызмет істейтін жазушы әрі «Жаңалықтар» әдеби журналының басшысы, редактор Фернандо Бенитес болатын. Олар, әрине, Хуан Рульфоны жақсы танитын. Арада алты ай өтсе де, маған ешкім Хуан Рульфо туралы айтпады. Мұның себебі: Хуан Рульфо ана бір классик жазушыларға ұқсамайтын, оның шығармалары кең таралғанымен, есімін көп адам айта бермейтін.
Ол кезде Мерседес және екі жасқа толмаған Родриго барлығымыз Анзурес колониясына қарайтын Ренан көшесіндегі лифті жоқ жатақханада тұратынбыз. Үлкен бөлменің еденінде қос адамдық төсек бар, бір бөлмеде бесік, қонақ бөлмесіндегі тамақ үстелі мен кітап сөресі болатын. Осы қалада тұрамыз деп шешім қабылдап қойғанбыз, бұл шаһар өте үлкен болғанымен, ауасы да тұнық, тап-таза, көшесінде көз жауын алатын гүлдері жайқалып тұратын. Бірақ көші-қон мекемесі біздің бұл қуанышымызға «ықылас» танытпады. Біраз уақытқа дейін біз үкімет іс басқармасының ауласында кезекке тұрдық, кейбір кездері жаңбырға малшынамыз, сонда да кезектің алды жылжымайды. Бос уақытымда Колумбия әдебиеті хақындағы естеліктерді жаза бастадым, оны Маркос Аубер басқарған университет радиосы жариялады. Ол естеліктер өте атүсті жазылғандықтан, Колумбияның бас елшісі радиоға телефон соғып, ресми қарсылық көрсетті. Ол менің сөз-сөйлемдерім Колумбия әдебиетін таныстыру емес, қайта Колумбия әдебиетін сынайтын дүниелер деп тапты. Маркос Аубер мені кеңсесіне шақырды. Алты айдан бері жан бағып жүрген әдісім құрдымға кеткен шығар дегенмін. Бірақ істің соңы басқаша шықты.
– Ана бағдарламаны тыңдауға менің түк мұрсам болған жоқ, – деді Маркос маған. – Десе де, сендердің бас елші айтқандай дүние болса, онда өте жақсы болғаны.
Ол шақта мен отыз екі жаста едім, Колумбияда аз уақыт тілші болдым, Парижде өте пайдалы, бірақ тым бейнетті үш жылымды сарп еттім, Нью-Йоркте сегіз ай тұрдым, Мексикада кино сценарийін жазсам деп ойлағанмын. Ол тұста Мексика жазушыларының ортасы Колумбиядағыдай еді, жаңа ортада өзімді өте еркін сезіндім. Алты жылдың алдында тұңғыш романым «Қураған жапырақтар» жарық көрген, әлі баспа бетін көрмеген үш кітабым бар; мөлшері сол уақытта «Полковникке ешкім хат жазбапты» Колумбияда басылды, көп өтпей Винсенте Рожо өз баспасынан «Сүреңсіз уақыттарды» және «Ұлы шешені жерлеу» атты әңгімелер жинағын шығаруды ұсынды. Ол кезде соңғы кітап толымсыз қолжазба ғана болатын, өйткені Мексикаға келерден бұрын, Альваро Мутис қолжазбаны біздің құрметті Элена Пониатовскаға беріпті де, ол оны жоғалтып алыпты. Кейін барлық әңгімені қайтадан құрастырып шықтым, Альваро Мутис Серхио Гариндоға ұсыныс етіп, Уэракруз университеті баспасынан шығарды.
Сонымен, бес кітап жазған, аты шыға қоймаған жазу-шы едім. Мен ешқашан шығарманы атақ шығару үшін жазған емеспін, достарым мені жақсы көрсін деп қалам тербедім, бұл мақсатымды әлдеқашан орындадым-ау деймін. Жазушы ретінде менің ең үлкен кілтипаным, жоғарыда аталған шығармаларды жазған соң бір тұйық жолға тірелгендей күй кештім. Барлық жерден осы тығырықтан шығатын саңылау іздедім. Маған жол көрсете алатын, жақсылы-жаманды жазушылардың атына өте қанық едім, десе де, өзімді бір орында айналып тұрып қалғандай сезіндім. Талантым таусылып қалған жоқ, керісінше, әлі жазбаған көп шығармам бар, әйткенмен, оқырманды иландыра алатын қуатқа ие, әрі поэзиялық түске бай жазу тәсілін таба алмай дағдардым. Өстіп жүргенде, Альваро Мутис бір құшақ кітап көтеріп, жетінші қабаттағы біздің үйге келе қалды, кітаптардың арасынан ең шағын, ең жұқа біреуін суырып алып, маған күле тіл қатты:
– Мына пәлені оқып көр, әкеңді, үйрен осыдан! Бұл – «Педро Парамо» еді.
Сол күні кеште кітапты екі қайтара оқып барып ұйықтадым. Осы мөлшермен он жыл бұрынғы сол бір ғажайып кеште, Боготадағы бір бөлмелі жұпыны оқушылар жатақханасында Кафканың «Құбылуын» оқығаннан кейін, дәл осындай әсерленіп көрген емеспін. Екінші күні, «Алаулаған алқапты» оқыдым, ол тағы таңғалдырды. Сол жылдың қалған уақытында менің басқа жазушылардың шығармаларын оқуға құлқым болмады, өйткені олардың көбі мен ойлағандай өлшемге толмайтын.
Біреулер Карлос Вероға «Педро Парамоны» тұтасымен жаттап алғанымды айтқан кезде, есеңгіреген хәлден әлі айыға алмай жүрген едім. Шындығына келсек, бұл ғана емес: романды тұтас жаттап алумен қатар, аяғынан басына қарай еш қателіксіз айта аламын. Әрі әрбір оқиғаның оқыған кітабымның қай бетінде екенін айтып бере аламын, ондағы әр кейіпкердің бар болмыс, мінезі маған өте қанық еді.
Карлос Веро Хуан Рульфоның тағы бір әңгімесінің желісімен киносценарий жазуды тапсырды, ол сол тұста мен оқымаған бірден-бір әңгіме «Алтын Әтеш» болатын. Әңгіме он алты бет екен, қағазы жұқа, жыртылып, тозып, жұқанасы ғана қалыпты, үш түрлі ұқсамаған мәшіңкемен басылған. Бұны кімнің жазғанын ешкім айтпаса да, дереу сезе қойдым. Бұл әңгіменің тілі Хуан Рульфоның басқа шығармалары сияқты кемел емес, оның өзіне хас жазу тәсілі де кемшін, десе де, оның жеке басына тән тартымдылығы жазулар арасынан менмұндалап тұр. Кейін, Карлос Веро мен Карлос Фуэнтес маған өтініш айтып, «Педро Парамо» негізімен жазылған тұңғыш киносценарийге редактор болдым.
Бұл екі жұмыстың соңғы нәтижесі жақсы болды деп айту қиын, оны тілге тиек етуімдегі себеп осы арқылы автордың өзінен де артық білетін шығармаға тереңдей еніп, толықтай меңгеріп алдым. Ал әйгілі романның авторымен содан кейін екі жылдан соң таныстым. Карлос Веро адам сенгісіз бір шаруа жасады: Ол «Педро Парамодағы» уақыт бөліктерін кесіп-пішіп, ілгерінді-кейінді реті бойынша қатаң орналастырып, сахналық қойылым құрастырды. Бұл әдісті үйлесімді деп білемін, бірақ нәтижесінде бір сыдырғы әрі шым-шытырық дүние болып шықты. Бұл Хуан Рульфоның елден ерек ой-танымын білуіме көп көмектесті, әрі оның ғажайып ақыл-парасатын әйгіледі.
«Педро Парамоны» өзгертіп жазуда екі түрлі түбірлі мәселе бар.
Бірінші мәселе – адам аттары. Әрқандай адам есімінің осы есіммен аталған адаммен белгілі ұқсастығы бар. Хуан Рульфоның айтуынша немесе біреулердің оған айтқызғанына қарағанда, ол Харрис мазаратындағы құлпытас жазуларын оқи жүріп, романындағы кейіпкерлердің есімін ойлап тапқан екен. Мынаны кесіп айтуға болады, оның кітабындағы адам аттарынан артық кәсіптік атау жоқ. Сол кезде (қазір де солай деп қараймын) автор қаламымен безендірілген кейіпкердің атына еш мүлтіксіз сай келетін актерді табу мүмкін емес деп ой түйгенмін.
Ендігі бір мәселе – оны алдыңғы мәселеден бөліп қарауға болмайды, ол – кейіпкерлердің жасы. Хуан Рульфо өте сақтықпен кейіпкерлердің жасына көңіл бөлмеген. Бұл –барлық шығармаларына тән. Біраз уақыт бұрын Коста Росс бір қызық сынақ жасады, ол «Педро Парамодағы» кейіпкерлердің жасын тұрақтандырмақшы болған. Міне, нағыз поэзиялық түйсік. Мен Педро Парамо Сусана Сент Хуанды жарты ай ауылындағы тақыр далаға алып келгенде, ол алпыс екіге келген әйел деп шамалай-тынмын. Педро Парамо одан мөлшермен бес жас үлкен болуға тиіс. Әсілі, сахналық қойылым қуаныш құшпаған қарт көңіл-дегі махаббаттың құзардан құлаған сәтінен бастап жазылғанда, бұл спектакль теңдессіз ұлы, тым қорқынышты, бірақ сұлу болар еді. Коста Росс белгілеген екі адамның жасы менің қиялымдағы олардың жасына сәйкес келмейді, алайда айырмашылық тым алшақ емес. Қалай дегенмен, бұндай поэзиялық ойды және ұлылықты кинода қиялдау қиын. Қараңғы кинозалда қарттардың сүйіспеншілік сезімі ешкімді де әсерлендірмейді.
Мұндай бағалы зерттеулердің бір жаман жағы бар, өлеңдегі сезім үнемі ақылдан бастау алмайды. Мәлім оқиғалар болған ай Хуан Рульфоның шығармасына талдау жасауда өте маңызға ие, алайда жазушының өзі бұл түйінді сезген-сезбегеніне күмәнім бар. «Педро Парамо» – еркін өлең. Ақын ай аттары арқылы ойын бейнелейді, ол уақыт дәлдігіне қарап жатпайды. Бұл ғана емес, көп жерінде айлар, күндер, тіпті жылдар өзгертілген, бұл құлаққа жағымсыз ұйқас немесе ұқсас дыбыстардың қайталанып кетуінен сақтану үшін емес, қайта сол өзгертулер сыншыларды шұғыл кесім жасауға итермелейді. Мұндай жағдай айлар мен күндерде ғана емес, гүлдерде де солай. Кейбір жазушылар гүлдерді үнемі қолданады, ол тек гүл аттарының әдемілігіне ғана қарайды да, оның орын мен маусымға сәйкес келетін-келмейтініне мән бермейді. Сондықтан, жақсы кітаптардан қайраңда ашылып тұрған пеларгоня мен қардағы қызғалдақтың кездесе беретіні таңсық емес. «Педро Парамода» қай жердің тірі мен өлінің арасындағы шекара екенін дәп басып айту мүмкін емес, басқа тараптағы дәлдік, анықтық дегеннің бәрі бос сөз. Шын мәнінде, өлімнің жасы қаншалық ұзақ болатынын ешкім де білмейді.
Мұны айту себебім, Хуан Рульфоның шығармасын терең түсіну өз кітаптарымды тоқтаусыз жазуға қажетті жолды тауып берді, сол үшін, Хуан Рульфо туралы жазғаным өзім туралы жазып отырғанмен бірдей екені өз-өзінен белгілі. Қазір, тағы мынаны айтсам деймін, осы қысқа ғана еске алу сөздерін қағазға түсіргенде, кітапты тағы бір рет толықтай оқып шықтым, тағы бір мәрте оны тұңғыш рет оқығанымдай ғажайып әсерге бөлендім. Оның шығармасы үш жүз беттен аспайды, бірақ бұл шығармалар біз білетін Софокльдің туындыларындай шетсіз-шексіз, соған ұқсас мәңгі жасарып тұратынына сенемін.
Аударған
Құсыман ҚҰМАШҰЛЫ