Ұлт әдебиетіне қосылған 20 кітап

Бүгін, 14:00 / Túrkіstan International Political Weekly

Өткен аптаның соңында Астана қаласында алғаш рет «Жас әдебиеттің көкжиегі» тақырыбында Қазақстан Жазушылар одағының жылдық қорытынды жиыны өтті.

Жыл соңы әдебиет үшін айтулы жаңа­лық­пен түйінделіп отыр. Соңғы жылдары жас қа­ламгерлердің Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бір­лесіп ұйымдастырған іс-шарада Жазу­шы­лар одағының 2025 жылы атқарған жұ­мыс­тары қорытындыланып, отандық әдебиеттің қазіргі даму бағыттары мен алдағы жоспар­лары жан-жақты талқыланды.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құл­кенов ашып, жүргізді. Шара барысында Одақ­тың бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсы­нылды.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының де­путаты Рүстемов Руслан Рүстемұлы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов ҚР Премьер-Министрінің орын­басары – Мәдениет және ақпарат ми­нистрі Аида Балаеваның құттықтау хаттарын оқып берді. Сондай-ақ Қырғыз Республи­ка­сының Мемлекеттік хатшысы, Қырғызстан­ның Ел жазушысы Арслан Койшиев, Қазақ­станның Халық жазушысы Төлен Әбдік, жазу­шы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова, жазушы, филология ғылым­дары­ның докторы Нұрдәулет Ақыш, «Жаңа Қазақ­станның әдеби-танымдық панорамасы» жо­басының қатысушылары – жазушы Жақ­сы­лық Мұратбек пен ақын Азамат Әбілқайыр сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар Әзірбайжанның Халық жазу­шысы, Әзірбайжан Жазушылар одағы­ның Төрағасы Анар Рзаевтың, Өзбекстан Пре­зидентінің кеңесшісі, жазушы Хайриддин Сұлтанның, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың құт­тық­таулары бейнебайланыс арқылы тыңдалды.
Жиын аясында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы аясында шыққан 4 жаңа кітаптың, сон­дай-ақ «Жаңа Қазақстанның әдеби-та­ным­дық панорамасы» жобасының аясында шық­қан жас қаламгерлердің 20 кітабының тұ­сауы кесілді. Бұдан бөлек, «Қоғамдық маңы­зы бар әдебиеттерді басып шығару және та­рату» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жарық көрген Қадыр Мырза Әлі мен Тұман­бай Молдағалиевтің кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жазушы Төлен Әбдік өз сөзінде Астанада ал­ғаш рет ұйымдастырылып отырған мұндай жыл­дық қорытынды жиынның маңызын атап өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының бір жылдық жұмысына жоғары баға берді. 
Ал қырғыз жазушысы Арслан Койшиев ша­раны ұйымдастырған Қазақстан Жазу­шы­лар одағына алғыс айтып, қазақстандық қа­лам­герлерді келер жылы өтетін Ыстықкөл ха­лықаралық форумына қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы Мереке Құлкенов биыл ат­қарылған жұмыстарды қорытындылай келе, классик жазушы Төлен Әбдік пен қаламгер Қанат Әбілқайырдың кітаптарын халық­ара­лық Букер сыйлығына ұсыну бағытында тиіс­ті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. 
Жиынға еліміздің белгілі ақын-жазу­шы­лары, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкіл­дері, жас қаламгерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дәурен ҚУАТ,
«Жұлдыз» журналының Бас редакторы, 
«Жаңа Қазақстанның 
әдеби-танымдық панорамасы» жобасының жетекшісі:

– «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» – өңірлердің мәдени-рухани келбетін қалыптастыруға, тарихи оқиғаларға соны көзқарас қалыптастыруға, тасада қалған түрлі тағдыр иелерінің жұмбақ өмірін көркем тіл­мен жеткізуге бағытталған ілкімді жоба.  
Жоба аясында биылғы жылы 20 жас қа­ламгер өңірлерді аралап, өздеріне қажетті мағ­лұматтарды жинап келді. Нәтижесінде, 8 автор прозалық, 12 автор поэзиялық туын­ды­ларын жазып шықты. Атап айтар болсақ, про­за жанры бойынша Абай Аймағамбетовтің «Тол­қынды күткен бала», Сабина Сай­лау­бай­дың «Мизамшуақ», Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың...», Феруза Мәде­ниеттің «Аққалам», Нұрбек Нұржанның «Бе­сінші қабаттағы үй», Темірлан Қылышбектің «Тырналар мекені», Биболат Сәтжанның «То­был ойшылы», Асылан Қуанышұлының «Кіш­кентай» туындыларын комиссия құ­зырына өткізіп, жоба редакторларының оң бағасын алды. 
Ал поэзия бойынша Азамат Әбілқайыр­дың «Құдырет», Қарлығаш Қабайдың «Көлең­ке­сіне кез болған кесіртке», Еділбек Дүйсе­нов­тың «Аспан», Меңдібек Лұқпановтың «Ке­­шіккен көктем», Ділдә Уәлибектің «Деге­лең», Тілеубек  Батыстың «Сал Көкше», Айзада Рахымжанованың «Сарыарқаның жаңбыры», Еламан Әшімнің «Сапарбастау», Әділет Шопеннің «Түсімен салынған үй», Мұхтар Кү­міс­бектің «Жанардағы жан бояуы», Батыр­хан Сәрсенханның «Жасыл құс», Дәурен Тілеу­ханның «Нәзік түндегі Ноктюрн» сынды туындыларымен қазақ әдебиеті қоржынын толықтырды деп ауыз толтырып айта аламыз. 
Жобаға қатысқан жас қаламгерлердің шы­ғармаларынан олардың өмірді тануы, қа­лам қуаты, зерттеген тақырыптарын терең меңгеруі анық сезіледі. 
Мәселен, Жақсылық Мұратбек «Аспаны жа­қын ауылдың...» деп аталатын романында қарапайым ғана ауыл баласының азаматтық болмысын айқындап, өткен ғасырдағы қазақ халқының басына түскен ауыр нәубетті жыл­дарды тілге тиек еткен. 
Ал жазушы Биболат Сәтжанның «Күзкүт­кен» атты әлеуметтік романы – Қостанай қа­ла­сының тарихи болмысы мен рухани кел­бетін көркемдік шындықпен бейнелеген жаңа дәуір прозасының салмақты туындысы. Роман тек географиялық кеңістік туралы емес, сол кеңістікте өмір сүретін адамдардың та­ри­хи жады, әлеуметтік санасы, рухани әле­мі туралы терең философиялық толға­ныс­қа құрылған. Шығармада Қостанай қаласы – кар­тографиялық нысан емес, идеялық-си­м­волдық бейне, басты кейіпкер дәрежесіне кө­терілген тұтас рухани кеңістік ретінде көрі­неді.
Ақын Ділдә Уәлибектің «Дегелең» өлеңдер жи­нағы – Абай өңірінің тарихи, рухани және эк­зистенциалдық панорамасы. Кітап төрт бө­лімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Абай ту­ған Шыңғыстау өңірінің аңыздары, бүгінгі тынысы, сол топырақтан түлеп ұшқан тарихи тұл­ғалар туралы поэмалар, өлеңдер мен бал­ладалар. Екінші бөлім – «Дегелең» – ядролық сы­нақ тақырыбына арналады. Семей поли­го­нының қасіреті өмірде болған оқиғаларға негізделген поэма, микропоэмалар мен өлең­дерге арқау болады. Үшінші бөлімде та­биғат пен адам жанының үндестігі, ішкі сезім мен сыртқы әлем арасындағы психологиялық парал­лелизмге құрылған циклды өлеңдер топ­тамасы жинақталған. Ал төртінші бөлімде адам жаны­ның қалтарыс-бұлтарысы, экзис­тенциалдық мәңгілік сұрақтарға жауап іздеу, санада жаң­ғырып тұрған ішкі дауыс өлеңмен өріледі.
Жазушы, аудармашы Сафина Ақтай өткен ғасырда Қазақстанға депортацияланып, Пав­лодар өңіріне қоныстанған Еділ бойы не­міс­терінің өмірінен сыр шертетін «Ганин» атты роман жазған. Павлодар облысында тұратын бас кейіпкер Ганс Ганин – жасы жетпістен асқан қария. Ғұмырының көбі кетіп, азы қал­ған қарт өткен өміріне жиі үңіліп, экзис­теницал қақтығысты бастан кешіреді. Автор әдебиеттегі модернистік бағытқа тән деп есептелетін сана ағымы мен сюрреалистік сарын­ды кейіпкердің күнделікті күйбең өмірін­дегі тыныс-тіршілігі арқылы бейнелеп, өлім алдындағы бір жылдық ғұмырына өткен шағының естеліктері мен осы шағының тол­ғам­дарын біріктіреді. Романның ерекшелігі – шығармада уақыт кері жүреді және кейіпкердің экзистенциалистік күйі кеңістікке бөлшек­тен­бейді. Ганс Ганин өз заманынан сырт қа­лып, өзгерістерге бейімделе алмаған кеңестік адамның типтік образы.
Жалпы, осы жобаға қатысқан кез келген қа­ламгердің туындысын әдебиетімізге қосыл­ған жаңа леп, жаңа тыныс деп бағалауға тұ­рар­лық. Жас буынның қасиетті әлемге өз ойы­мен, өз ұстанымымен, өз көзқарасымен кел­гендері қуантты. 

Тэгтер:

әдебиет кітап