Чемпион, диктор, полиглот: Биыл Ұлттық ұланда танылған таланттар кімдер?

Бүгін, 09:50 / Алуа Арман
Ұлттық ұлан

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының сарбазы — әскери форма киген, саптағы жауынгер ғана емес, ол асқақ арманы мен қайсар мінезі бар, ерекше қабілетке ие, Отанға деген сүйіспеншілігін іспен көрсеткен дарын иесі.

Құқықтық тәртіп әскерінің бөлімшелерінде Әлем чемпиондары, акробаттар мен тіл білгірлері, дикторлар мен өнерпаздар қызмет етеді. Олардың жетістіктері заманауи армия қару-жарақты ғана емес, сонымен бірге ақыл-ойды, мәдениет пен шығармашылықты біріктіретінін дәлелдейді.

2025 жылы ұландықтардың жарқын оқиғалары көпшіліктің назарына ілікті, олардың әрқайсысы әскердің заманауи келбетін көрсетеді.

Ұлттық ұланда танылған таланттың бірі — гір спортынан үш дүркін Әлем чемпионы Еркебұлан Келдібаев. Оны қаруластары "ХХІ ғасыр Қажымұқаны” деп атайды. Алып балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірінен шабыт алған ол Алматыдағы 5571 әскери бөлімінің сапында Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, жеке қабілетін қатар шыңдауда. Шымырлық пен қырағылықты ұштастырған Еркебұлан өз қызметімен күн сайын мегаполистің қауіпсіздігіне үлес қосады.

Елордалық құрама сарбазы — Батырхан Сағидолла жұртшылықты сүйсіндірген сарбаздардың бірі. Әскери шеруге дайындық кезінде бұқаралық ақпарат құралдары мәнерлі де қоңыр дауысты жауынгер жайлы жарыса жазды. Оның арманы еліміз үшін айшықты мереке — Жеңіс шеруін жүргізу. Бойындағы қабілеті мен Ұлттық ұландағы қызметі Батырханды осы арманына едәуір жақындатты.

6506 әскери бөлімі жеке құрамының қатарын толықтырған қос акробат — Арман Қайырбаев пен Әзизбек Қалмағанбетов те ерекше құрметке лайық. Кәсіби мамандардың дене шынықтыруы, төзімділігі мен жауапкершілігі қаруластарына үлгі болды. Олар цирк манежін әскери плацқа, сахналық серіктестікті жауынгерлік бауырластыққа айналдырды. Отан қорғаушы атанған бұрынғы әртістер бүгінде Шымкент көшелерінің тыныштығын қырағылықпен қорғап жүр.

Абайдың ондаған өлеңдерін жатқа білетін жауынгер — Жұлдызбек Ромашев ел қорғау жолында жарық жұлдызға айналды. Абай күнін мерекелеу қарсаңында ол тақырыптық іс-шаралар мен поэтикалық кештерге белсене қатысып, жолдастарын қанаттандыра түсті. Оның өнері Отанға қызмет ету тек тәртіптен ғана емес, рухани құндылықтардан басталатынын көрсетті.

5571 әскери бөлімінің сарбазы Владимир Копылов бес түрлі түркі тілін, сондай-ақ бірнеше сирек диалектілерді еркін меңгерген. Бұл оған Алматы көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде әртүрлі ұлт өкілдерімен ортақ тіл табуға көмектеседі. Владимир қызметтен бос уақытта армия өмірін өз блогында насихаттап, бөлімшенің оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосады.

Бұл тізім — ҚР ІІМ Ұлттық ұланның мықты, білімді және жан-жақты тұлғалар қызмет ететін таланттар ордасы екендігінің айқын дәлелі деуге болады.

Тэгтер:

полиглот Чемпион Ұлттық ұлан сарбаз әскер диктор талант