Білімді ел кітап оқуға құштар болады. «Әлемді кітап оқитындар билейді» деген сөз бар. ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітовамен кітап, кітапхана, оқырман және сапалы контент жайында сөйлескен едік.
– Құрметті Күміс Қарсақбайқызы, «Кітап оқитын ұлт» жобасының іске асырыла бастағанына бірнеше жыл болды. Өзіңіз басқарып отырған Ұлттық кітапханаға қашан барсақ та жастардың көп келетінін байқаймыз. Кейінгі жылдары халықтың кітап оқуға ынтасы артты ма? Кітапхана оқырмандарының жасы, оқитын кітаптары жөнінде нақты статистикалық мәліметтер жинақтайсыздар ма?
– Халық арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және білім мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызы зор. Бұл жоба аясында көпшілік кітапханалардың барлығында дерлік түрлі акциялар, кітап фестивальдері, клуб отырыстары және басқа да мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Ұлттық академиялық кітапханаға келетін оқырмандар саны жыл сайын көбейіп келеді. Мұны жаңадан тіркелетін оқырмандардың көрсеткішінен анық байқауға болады. Біздің кітапханаға жыл сайын 10 мыңнан астам жаңа оқырман тіркеледі. Бұл маңызды жетістік деп айтсақ, қателеспейміз.
Елордадағы жетекші кітапханалардың бірі ретінде бізге жоғары оқу орындарының студенттері, ғылымға ұмтылған жастар, білім іздеген мектеп оқушылары, бос уақытын рухани кемелденуге арнайтын ересектер, балалар залдарына келетін ата-аналар, сондай-ақ Астана қаласының қонақтары тұрақты түрде келеді. Зиялы қауым өкілдері мен ақпарат іздеген пайдаланушылардың легі де толастамайды. Күн сайын кітапхана 1 000-ға жуық оқырманды қабылдайды, ал ай сайын келушілер саны 29-30 мың адамға жетеді.
Сонымен қатар кітапхананың виртуалды пайдаланушылары да бар. Жалпы алғанда, жылына кітапханаға арнайы келетін және онлайн кітап оқитын пайдаланушылар саны 1,2 миллионнан асады. Әсіресе, демалыс күндері оқу залдарында бос орын болмай жатады. Осыған байланысты 2-4 қабаттардың холдарында еркін және топтасып отыруға арналған қосымша орындықтар мен жұмсақ жиһаздар қойдық. Өйткені бізге келетін әр оқырман қымбат. Оларға барынша жағдай жасауға тыры-самыз.
Оқырмандардың ноутбук пен планшет пайдалануына да барлық жағдай жасалған: әр үстел электр қуатымен қамтамасыз етілген. Демалыс күндері клуб отырыстары мен тіл курстарының тыңдаушыларына арналған арнайы залдар жұмыс істейді. Кез келген демалыс күндері келсеңіз, кітапхана әртүрлі жастағы оқырмандар толып отыратынын байқайсыз. Олардың қызығушылығы, мамандығы, оқитын кітаптары, жас ерекшеліктері әртүрлі. Осында отырып, кітап оқып, жұмыс істеп, ғылыми еңбектер жазатындар көп.
Кейбір оқырмандар кітапханаға жай демалып, тынығу үшін келеді. Олар үшін әр холда кітап көрмелері ұсынылған. Осыны ескере отырып, «жастар кітап оқымайды» немесе «аз оқиды» деген біржақты пікірмен келісу қиын.
– Жуырда әлемдік бір зерттеу ұйымы Қазақстанды кітапты аз оқитын елдердің қатарына жатқызды. Сіз сол ақпарат туралы естідіңіз бе?
– Бүкіл сайттар мен әлеуметтік желілер жазды ғой, бұл рейтингтен хабарым бар. 2025 жылғы жаһандық рейтингте адамдардың бір жыл ішінде орта есеппен қанша кітап оқитыны бойынша 100-ден аса ел салыстырылған. Аталған тізімде еліміздің бір тұрғыны жылына шамамен 2,8 кітап оқиды деген статистика берілген. Осы рейтинг бойынша Қазақстан 92-орында тұр. Бұл дерек еліміздегі кітап оқу деңгейі төмен деген әсер қалдырады.
Алайда бұл мәлімет шынайы ахуалды толық көрсетпейді деп санаймын. Себебі Қазақстанда 11 мыңнан астам кітапхана бар. Оның ішінде 4 мыңға жуық мәдениет саласындағы көпшілік кітапханалардың өзінде жылдық көрсеткіш бойынша кітап оқылымы бір оқырманға шаққанда орта есеппен 16,6 құжатты құрайды. Нақтырақ айтқанда, бір жылда 5,2 миллион оқырманға 89 миллионға жуық кітап пен өзге де ақпараттық ресурстар берілген.
Бұған қоса, еліміздегі 7 мыңнан астам мектеп кітапханасы «Оқитын ұлт» бағдарламасы аясында өз қорларын тек оқулықтармен ғана емес, көркем және танымдық әдебиеттермен жүйелі түрде толықтырып келеді. Соңғы 2-3 жыл бойы мектептерде сабақ алдында енгізілген «8 минуттық оқу» жобасы да балалар мен жас-өспірімдердің күнделікті оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
Біз жоғарыда келтірген статистиканы барлап қарасаңыз, көзге бірден көріне бермейтін, бірақ оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр деп айта аламыз. Мұндай бастамалардың нәтижесіз қалуы мүмкін емес. Оның үстіне бүгінгі таңда болашағының біліммен тікелей байланысты екенін терең түсінетін жастардың қатары жылдан-жылға өсіп келеді.
Ал енді жоғарыдағы рейтинг қандай жолмен, қандай мақсатпен жасалды деген ой туады. Ол жағы беймәлім.
Өз басым, Қазақстанда тек кітапхана емес, кітабы бар үй көбейсе екен деймін. Кез келген үйге барсам, алдымен кітап сөресі бар-жоғына қараймын...
Соңғы жылдары кітап шығару ісі мен кітап саудасы жанданып келеді. Елімізде әлемдік бестселлерлерді, маңызды ғылыми кітаптарды аударып, оқырманға ұсынатын баспалар саны артты. Бұл салада қазір бәсекелестік күшейді. Олардың кітаптарын оқитын оқырман болмаса, бәсеке болмас еді. Бұл – қуанарлық үрдіс. Сол баспаларды қолдау керек. Оқырманы көп елдің болашағы жарқын деп ойлаймын.
– Әдетте, заманауи кітапхана жүйесін құру туралы көп айтылады. Оның бірнеше бағыты бар. Соның негізгісі – электронды кітапхана қорын толықтыру, яғни, ертеде шыққан кітаптарды цифрландыру. Бұл өте күрделі жұмыс екенін білемін. Ескі қолжазбаларды, кітаптарды, тарихи құнды жәдігерлерді цифрландыру үрдісі қолға алынғалы да біраз жыл болды. Осы үрдісті қалай жалғастырып жатырсыздар?
– Бұл бағытта 2007 жылдан бері Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана (ҚазҰЭК) жобасы жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Ұлттық жазба мұраларымызды, әдеби, мәдени, тарихи және ғылыми қазыналарымызды сақтау әрі көпшілікке қолжетімді ету электронды кітапханамыздың басты міндеті. Цифрландыру барысында басымдылық ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық мазмұндағы қолжазбаларға, сирек кітаптар мен тарихи құжаттарға беріліп отыр. Өйткені бұл жәдігерлер – ұлт жадының, рухани сабақтастықтың негізі.
Бүгінде ҚазҰЭК қорында ғылымның барлық саласын қамтитын 83 000-нан астам контент жинақталған. Электронды кітапхананың ең сұранысқа ие бөліктерінің бірі – ғасырлар бойы ақпараттың негізгі тасымалдаушысы болып келген қолжазбалар мен сирек құжаттар. Оларды цифрландыру жаңа басылымдарға қарағанда әлдеқайда күрделі: қағаздың тозуы, жазудың өшуі, физикалық зақымдану секілді факторлар арнайы технологиялар мен кәсіби әдістерді талап етеді.
Соған қарамастан, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана қорында бүгінгі күні 11 000-нан астам қолжазба мен сирек кітаптың сандық нұсқасы сақтаулы. Бұл құжаттар еліміздің өңірлік кітапханаларынан, бай қоры бар Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханадан, архивтер мен мұражайлардан сұрыпталып, біртұтас ұлттық электронды қорда жинақталған. Сонымен қоса Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қорында қазір 13 875 қолжазба мен сирек құжат сақ-талған. Оның 4 500-і – отандық маңызды бірегей дереккөздер. Аталған қор толықтай сандық нұсқаға көшіріліп, электронды кітапхана қорына (kazneb.kz) жүктелген. Нәтижесінде, бұрын тек шектеулі ортада ғана қолжетімді болған тарихи мұралар енді кең аудиторияға ұсынылып отыр. Ең маңыздысы, бұл материалдарды кез келген пайдаланушы тіркеусіз, авторизациясыз және тегін оқи алады. Бұл – ізденушілер мен ғалымдарымыз, сала мамандары үшін үлкен мүмкіндік.
– Шетелдің кітапханаларын көргендер оқырманға барлық жағдай жасалғанын айтады. Айталық, Анкарадағы ұлттық кітапхана күн сайын 5 000 оқырманға қызмет көрсетеді. 24 сағат жұмыс істейді. Оқырмандар кітап асханасынан тегін тамақтана алады. Кітапханаларға осындай заманауи модернизация жасау бізге де керек секілді. Ұлттық кітапхананы 24 сағат жұмыс істейтін орталыққа айналдыруға бола ма?
– Әрине, кітапханалардың 24/7 режимге көшуі – заман талабы. Мемлекет басшысы 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда елімізде тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалардың болуы қажеттігін айтқан болатын.
Осы бастамадан кейін қысқа уақыт ішінде бірқатар кітапханалар өз жұмыс уақытын ұзартты. Алматы қаласында бірнеше қалалық кітапхана 24 сағаттық жұмыс режиміне көшсе, Атырау, Қызылорда және өзге де бірқатар облыстық кітапханалар қызмет көрсету уақытын түнгі 23:00-ге дейін ұзартты. Ал Ұлттық академиялық кітапхана аптаның жеті күнінде, демалыссыз, кешкі 20:00-ге дейін оқырмандарға қызмет көрсетіп келеді.
Сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін, бір мезгілде 4 мыңнан астам оқырманды қабылдау мүмкіндігіне ие Президенттік кітапхананы салу жобасы іске асырылуда.
Кітапханасы көп ел – білімді ел. Жаңа кітапхананы күтіп жүрген оқырман көп. Елорда төрінде 24 сағат жұмыс істейтін кітапхана салынса, қала тұрғындарының мәдени өмірі жандана түсер еді. Астана кез келген салада өзге аймақтарға үлгі болуға лайық қой. Біз де қолымыздан келгенше оқырмандар үшін барлық жағдай жасауға талпынып келеміз.
– Ұлттық кітапхана – оқымандарға ғана қызмет көрсететін орталық емес, еліміздің рухани орталығы ғой. Күн сайын әртүрлі іс-шаралар, басқосулар, кітап тұсаукесерлері өтіп жатады. Кітапхана жанынан құрылған үйірмелер бар екенін білеміз. Өздеріңіз бас болып ұйымдастырып жүрген істер туралы айта кетсеңіз.
– Өзіңіз білесіз, кітапханада күн сайын дерлік көпшілік іс-шаралар өткізіліп отырады, кейде бір мезгілде 2-3 шара қатар ұйымдастырылатын кездер де болады. Кітапханалар осындай іс-шаралардың форматтарын түрлендіріп, оқырмандарды тарту бағытында үздіксіз ізденіп келеді.
Мәселен, біздің кітапхана қыркүйек айында дәстүрлі түрде 5 мыңнан астам адамды жинайтын «Кітаптайм» фестивалін кітапхана алаңында өткізеді. Бұл жоба бір мезгілде облыстық және ауылдық кітапханаларда да жүзеге асырылады. Сонымен қатар серіктестеріміздің сұранысы бойынша түрлі мәдени және рухани орталықтарда көшпелі кітап көрмелері жиі ұйымдастырылады.
Көпшілік арасында кеңінен танымал «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында кешенді әрі инновациялық форматтағы іс-шаралар өткізіліп келеді. «Әке мен бала», «Әжемнің ертегісі», «Отбасымызбен оқимыз», «Жанды кітап», «Алқа» кітап клубтарының өз тұрақты оқырмандары қалыптасқан.
Тіл үйренуге ниетті жандар үшін сенбі және жексенбі күндері ағылшын, француз, жапон, неміс тілдері бойынша тегін курстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар Art Gallery алаңында белгілі суретшілердің көркемөнер туындыларынан көрмелер өткізуді жалғастырып келеміз.
Оқырмандарды кітап оқуға тарту мақсатында әлеуметтік желілер де белсенді қолданылады. Кітапхананың YouTube арнасында кітапхана қызметкері, әдебиеттанушы, сыншы Аманкелді Кеңшілікұлының ашық әдеби лекциялары айына екі рет жарияланып, өз аудиториясын қалыптастырды. Қазір осы лекциялар сериясын асыға күтетін оқырмандар бар. Лекцияны тыңдағандар әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінен, әдебиет тарихынан көптеген мағлұмат алады.
Кітапханадан тыс аудиторияны қамту бағытындағы жобаларымызбен де мақтана аламыз. Атап айтқанда, 2025 жылдың қаңтар айынан бастап Air Astana әуе компаниясымен бірлескен «Әуе қанатында» атты аудиожоба іске қосылды. Жоба аясында қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері, дәстүрлі күйлер мен әндер, батырлар жырлары, сондай-ақ заманауи қазақ әдебиетінің аудиокітаптары әуе компаниясының ұшақ борттарына орналастырылып, жолаушыларға ұсынылды.
Біз барынша ашық әрі сапалы қызмет етуді қолға алып жатырмыз. Кітапхана ішінде ғана емес, интернет әлемінде де кітап, өнер, руханиятты барынша насихат-тап, оқырмандарға мазмұнды контент ұсынғымыз келеді.
– Біраз жыл бұрын кітапхана қызметкерлерінің жалақысы төмен деген сөзді көп еститінбіз. Сондықтан кітапханашы болуды қалайтын жастар сирек болатын. Қызметкерлердің қазіргі жағдайы көңіліңізден шыға ма?
– Көңілден толық шығады деп айту қиын болғанымен, соңғы үш жылда Мемлекет басшысының пәрменімен кітапханашылардың жалақысы 20-25 пайызға өсті. Сонымен қатар жыл сайын қызметкерлерге денсаулығын қалпына келтіруге арналған бір реттік жәрдемақы қарастырылған. Ауылдық кітапханалардағы мамандардың еңбекақысы ауылдық үстемақыларды ескере отырып, ірі кітапханалардың жетекші мамандарының жалақысымен теңестірілді.
Сондай-ақ кітапхана мамандарын даярлайтын оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда артты. Жалақы деңгейі жоғары емес болғанымен, кітапханашы қызметі шығармашылыққа жақын сала ғой. Бұл мамандық кәсіби дамуға, тұлғалық беделдің артуына, өзіне сенімділікті нығайтуға және ішкі мотивацияны қалыптастыруға кең мүмкіндік береді.
Осы себепті кітапханашы мамандығын таңдаушылардың қатары алдағы уақытта артатынына сенімдімін.
– Елімізде отандық баспаханалардан шығатын кітап көп. Кітапхана қорын толықтыру, кітап санын молайту үшін жаңа шыққан кітаптарды сатып алуға мүмкіндіктеріңіз бар ма?
– 2025 жылы кітапхана қоры әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығару бағдарламасы, халықаралық кітап алмасу және қайырымдылық жобалар аясында 8 мыңнан астам данамен толықты. Қазақстан Ұлттық электрондық кітапханасы (ҚазҰЭК) да қарқынды дамып, оның қоры 83,5 мың цифрлық құжатқа жетті. Сонымен қатар Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандардың ақпаратқа деген сұранысын сапалы қамтамасыз ету мақсатында шетелдік ғылыми электрондық деректер базаларын тұрақты түрде сатып алып, қолданысқа енгізіп келеді. Атап айтқанда, пайдаланушылар үшін EBSCO Discovery Service, East View, Polpred.com. Обзор СМИ, Oxford University Press баспасынан шыққан толық мәтінді кітаптар мен ғылыми журналдар базаларына, сондай-ақ Ресей мемлекеттік кітапханасының виртуалды оқу залына қолжетімділік қамтамасыз етілді. Мұның өзі ел оқырмандары үшін аз олжа емес деп ойлаймын.
– Дамыған елдердің негізгі кітапханалары шетелде жарық көрген өзіне қажетті кітаптарды, газет-журналдарды сатып алып, қорында сақтайды. Қазір біз қазаққа қажетті дүниелерді Американың, Еуропаның, Қытайдың кітапханаларынан тауып, соған қуанып жатамыз. Біздің де кітапханалардың қорында шетелдік маңызды басылымдар мен кітаптардың тұрғаны қажет секілді...
– Бұл бағытта да Қазақстанда нақты әрі нәтижелі қадамдар жасалып жатыр. Соның айқын дәлелі – «Қазақстан мен Орталық Азия аймағының интеллектуалдық тарихы бойынша құжаттардың е-көшірмелерін жинау» атты халықаралық жоба. Аталған жоба Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің тарихи-мәдени және интеллектуалдық мұрасын біріктіретін біртұтас цифрлық қор қалыптастыруды көздейді.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының (ҚазҰЭК) қорына 42 000-нан астам электрондық құжаттың көшірмесі енгізілді. Олардың қатарында 1 165 қолжазба мен сирек кітап бар. Бұл – шетелде сақталған, бірақ мазмұны жағынан Қазақстан мен Орталық Азия тарихына тікелей қатысты бірегей дереккөздер.
Қазір жиналған материалдарды тарих және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеушілер, ғалымдар, магистранттар мен мамандар еркін пайдаланып отыр. Бұл дереккөздер отандық ғылымның деректік базасын кеңейтіп, жаңа зерттеулер мен тың тұжырымдардың қалыптасуына жол ашады.
Бірегей материалдарды іздеу, іріктеу мен цифрландыру жұмыстары шетелдік ұлттық кітапханалармен, мұрағаттармен және мәдени орталықтармен тығыз ынтымақтастық негізінде жүргізілуде. Мұндай әріптестік Қазақстан кітапханаларының қорын әлемдік ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, сонымен қатар шетелдік маңызды басылымдарды елге «қайтарудың» тиімді жолына айналып отыр.
Аталған халықаралық жобаны жүзеге асыру құжаттық мұраны сақтау және насихаттау ісінде айрықша маңызға ие. Ол халықаралық ғылыми алмасуды кеңейтуге, мәдени байланыстарды нығайтуға және Орталық Азия өңірінің ортақ цифрлық гуманитарлық кеңістігін дамытуға нақты үлес қосып отыр.
Сондықтан жыл өткен сайын тарихымыз толығып, рухани мәдениетіміз дами береді. Бұл саладағы жұмыстың бәрі ел ертеңі үшін жасалып жатыр.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан –
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ