Мамандардың айтуынша, етпетінен жатып ұйықтау кей адамдардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. «Известия» басылымына берген сұхбатында ортопед-дәрігер Владимир Барашкин бұл ұйқы қалпы тыныс алудың бұзылуына, бұлшық еттердің шамадан тыс керілуіне және өзге де асқынуларға әкелетінін ескертті, деп хабарлайды turkystan.kz
Дәрігердің сөзінше, жүктіліктің алғашқы кезеңіндегі әйелдерге ішпен жатып ұйықтауға мүлде түрде болмайды. Себебі іш аймағына түсетін қысым ұрықтың дамуына кері әсер етуі ықтимал. Бұл қалып нәрестелер үшін де қауіпті, себебі асфиксия қаупі жоғары, ал сәби өздігінен басын бұрып үлгермеуі мүмкін.
Сондай-ақ операциядан кейінгі науқастарға да мұндай қалып қарсы көрсетілген. Кесінді аймағына түсетін қысым жараның дұрыс жазылуына кедергі келтіріп, асқыну қаупін арттырады. Мұндай жағдайда ұйқы қалпын емдеуші дәрігер жеке анықтауға тиіс.
Ортопед тіпті дені сау адамдар үшін де ішпен жатып ұйықтау қауіпсіз емес екенін айтады. Бұл кезде бас 90 градусқа бұрылып жатады, ал мойын бұлшық еттеріне шамадан тыс салмақ түседі. Нәтижесінде таңертең мойын мен арқа тұсында сіресу мен ауырсыну пайда болуы мүмкін, қолдың ұюы және иық тұсындағы жүйкелердің қысылуы да жиі кездеседі.
Мамандар жағымсыз әсерді азайту үшін омыртқаға түсетін жүктемені төмендететін, дене пішініне бейімделетін арнайы жастық пен матрас қолдануға кеңес береді. Алайда дәрігерлердің пікірінше, ең тиімді шешім – ағзаға анағұрлым қауіпсіз ұйқы қалпын таңдау.