Ат пен Мат (Шахмат пен шайыр)

Бүгін, 14:45 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: Шүкір Шахай

Шахматты ойнайтын да, жырлайтын да ақындар жеткілікті. Өйткені бұл – миды қозғалысқа келтіретін сайыс. Ой додасы. Ақ пен қара аңдысатын алпыс төрт шаршының төбесінен төніп отырып дұрыс жүріс жасаған адам ғана жеңіске жетеді. Қаншалықты шахматшы екенін білмейміз, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі ағам кезінде әйгілі ойындағы «ат» пен «мат» тақырыбын арқау етіп, мынадай өлең жазыпты:

Бір дүние қосылды –
Шахматын берді атам.
Жеңбесем де досымды,
Шайқасқанды ұнатам.

Бір ойында
Ойланбай
Пешкі беріп, ат алдым.
Есесіне
Сол бойда
Ұқсап тұрып «мат» алдым.

Былай қарасаң, тек шахматтың өзі ғана емес «ат» пен «мат» ұғымдарының да өзара ұқ­састығы шайырлардың шабытын қоз­дыратын секілді. Қазақ шахматындағы «ат» пен «мат» мәселесі тағы бір белгілі ақыны­мыз Әбдірахман Асылбековтің балаларға арнап жазған өлеңіне өзек болды: 

Інім көп ойнайды
Менімен шахмат.
Жеңем деп қоймайды,
Ойлайды жатып ап.

Кейде «аты» тұралап,
Қоршауда қалады.
Ондайда, сірә да,
Інім мат алады.

Кіжініп сонда аса,
Дейді ол батыл-ақ:
– Жеңер ем,
Болмаса
«Аттарым» ақымақ.

Ал ақын әрі прозаик Нұржан Қуантай­ұлы­ның шаршы үстіндегі шахматының ат­тары онша ақымақ емес. Атты айтасың, өзі де салмақты Нұржанның пешкаларына дейін байсалды. Тек оның өлеңіндегі шах­мат шайырдың тікелей нысанасы деуге ке­ле қоймас. Ғасырдан ғасырға жалғасып ке­ле жатқан ежелгі ойын тек ой айту құра­лы ретінде ғана пайдаланылған. Яғни, осы өлең нақ бір шахматтың өзін шындап 
дә­ріп­теп тұрғаны шамалы. Дәлірек айт­қан­да, шах­мат сайысы сынды толғауы тоқсан тір­шілік Нұржанды көбірек қызықтыра-
ды: 

...Далада үстел. Шахмат – үстi... 
Сүйрейдi үйден мына күн. 
Тоқымдай қысты тақымға қысты: 
Көктем бұл күткен сынағын.
Iнiнен шыққан суырдай шеттен 
Ербиген терек тұр ұйып... 
...Пешканы қозғап күн ұдайы өпкен: 
– Жүр, – дейдi әкем жымиып...

Тағы бір танымал ақын Әділбек Ыбы­райы­­мұлының шахмат әлемі алдыңғы әріп­­тестеріне қарағанда ауқымдылау. Оның поэзиядағы ойын тәсілі – «ат» пен «мат» емес, кәдімгі «шах» пен «мат». Ол ақ пен қараның арпалысын шахматтың 
өзі­нен немесе шахматшының көзінен емес, биліктің тезінен, халықтың сөзінен іздейді. Былайша айтқанда, «шах» пен «матты» шиыр­­лап, ширата түскен идеясын ел­дік мәсе­леге, ұлттық ұстанымға әкеп тірейді:

Малағамды бұрқ-сарқ еткен түндегі,
Білді құдай,
Өсекші де білмеді.
Ферзіменен «шах» жасады патшамыз,
Түркілерді көзіне де
Ілмеді.

«Шах!» деп қалды, жүрісіне шаттанып,
Қарсыласы жарылуға шақ қалып.
Әзер отыр,
Томағасын сыпырмай,
Бауыздадым екеуін де мақта алып.
...Қояр түбі барлығына «мат!»
Халық...

Қазақ жырының тағы бір перісі Марал­тай Райымбекұлы бұл тақырыпқа сәл бас­қаша қырынан келеді. Оның шахматы – тір­шіліктің тартысы, күшті мен тістінің ті­ресі, тек­ті мен ептінің арпалысы. Со­­­ның бәрін елеп-екшеп, байқап-бағамдап ба­рып, көкірегіндегісін ақтарған ақынның түй­ген түйіні: «Жердің беті – шахматтың тақ­тасы. Корольдері тоқтамайтын мат болмай». 
Осындай шахматтанушы шайырлардың басын қосып, бірнеше жыл басқарған Ұлық­бек Есдәулет те бұл ойынды теріс көр­мейді. Теріс көрсе, дәл мынадай кейіпте ша­мырқанып-ширығып отырар ма еді? Әзір­ге ат та жоқ, мат та жоқ. Тек жеңіске де­ген құштарлық қана бар... 
Берілмеңіз, Ұлаға!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Тэгтер:

шахмат өлең поэзия шайыр