Тараз қалалық соты жалға пәтер берген тұрғынның жалға алушылардан мүліктік зиян сомасын өндіріп алу және моральдық зиянның орнын толтыру туралы арызын қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Үш жауапкер қыз 2023 жылдың қазан айында талап қоюшының жиһаздалған пәтерін бір тәулікке жалға алған. Алкоголь ішкеннен кейін, олардың бейберекет әрекеттерінен пәтердің тұсқағазына, жиһаз бен еденге қан шашыраған. Жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындаған.
Келтірілген залалдың мөлшері 227 мың теңгені құрады. Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген соманы, 100 мың теңге мөлшерінде моральдық зиянның өтемақысын және 92 мың теңге мөлшерінде процестік шығыстарды өндіріп алуды сұрады.
Жауапкерлер сол күні ішімдік ішіп, жанжалдасып, бірі бөтелкені сындырып, қолын кесіп, қан шашыраған. Олар сотта өз кінәсін мойындаған жоқ.
Сот талапкердің арызын ішінара қанағаттандырды.
Жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына ортақ тәртіппен 227 мың теңге мөлшерінде мүліктік зиян сомасы, сондай-ақ жалпы сомасы 64 мың теңге көлемінде бағалаушының, нотариустың қызметтерін төлеу бойынша, мемлекеттік бажға және өкілдің қызметтеріне арналған шығыстар өндірілді. Моральдық зиянды өтеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартылды.
Шешім заңды күшіне енді.