Ақтөбеде Harmony Rider Technology (HRT) қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға үкім шықты. Жоба 2024 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін жұмыс істеген. Оған қала тұрғындары шамамен 197 миллион теңге салған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар HRT-ті Еуропада электросамокат өндіріп, жалға берумен айналысатын АҚШ компаниясы ретінде таныстырған. Қатысушыларға мобильді қосымша арқылы тіркеліп, белгілі бір "деңгейге" ақша енгізіп, күн сайын виртуалды самокатты "белсендіріп" отыру арқылы кепілдендірілген пайда табуды ұсынылған.
Ақтөбеде пирамиданың кеңсесі бұрынғы "Қазақстан" кинотеатры ғимаратында орналасқан. Мұнда адамдарды тіркеуге көмектесіп, тұрақты табыс пен "мүлдем заңды" схема деп сендірген. Сондай-ақ жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус берілген.
Сот алдында бұрын құқық қорғау органдарында қызмет еткен заңгер Жоламан И. және математика пәнінің мұғалімі Нұргүл Б. жауап берді. Тергеу олардың Ақтөбеде HRT-тің өз командаларын құрғанын анықтаған. Мұғалім спикер ретінде семинарлар өткізіп, презентациялар көрсетіп, жобаның сенімділігіне адамдарды иландырған.
Жоламан И. кеңсе жалдап, жарнамалық іс-шаралар ұйымдастырған: жүлделер мен тіпті көлік ұтыстарын өткізген. Кездесулерге 100-ден 780 адамға дейін келген.
Екі сотталушы да кінәсін мойындамады.
Жоламан И. қосымша табыс іздеп жүріп, жобаны әлеуметтік желіден тапқанын, ал кеңсені "адамдар үйіне келмес үшін" ғана жалдағанын айтты. Ол "ешқандай өкілдік ашпағанын", барлық қатысушылар тең болғанын жеткізді.
Математика мұғалімі де жобаны заңды деп ойлағанын, өзі төлем алып отырғанын және презентацияларды салымшылардың өтініші бойынша өткізгенін айтты. Ол жобаның кураторы Иван есімді адам қайырымдылыққа қаражат жіберіп отырғанын да жеткізді.
Сотта 20-дан астам жәбірленуші жауап берді. Көбі кеңседегі презентациядан кейін және күнделікті табыс уәдесіне сеніп, жүздеген мың теңге салғандарын айтты.
"Маған самокат сатып алу керектігін, белгілі бір деңгейге ақша салу керектігін түсіндірді. Мен 480 мың теңге салдым, күн сайын 30 доллар табыс болады деді. Бірақ салған ақшамнан ештеңе қайтқан жоқ", – деді жәбірленушілердің бірі.
Басқа әйел жобаны кездейсоқ әңгімеден естіп, 750 мың теңге несие алғанын, ақшасының 45 күнде қайтатынына сенгенін айтты. Алайда пирамида бұған дейін жабылып қалған.
Сот HRT-тің қаржы пирамидасы екенін анықтады: компанияның нақты инвестициялары болмаған, ал төлемдер жаңа қатысушылардың есебінен жүргізілген.
Жоламан И. қаржы пирамидасын ұйымдастырғаны және қылмыстық жолмен келген табысты заңдастырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленеді.
Нұргүл Б. – 5 жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленеді.
Екі сотталушы да ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтейді. Сот оларды жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.