«Көлігімді, 40 млн теңге ақшамды апарып бердім»: Мейірхан Шерниязов өзінің қалай алданғанын айтты

Бүгін, 10:36 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Қаржы пирамидасын құрып, елді алдады деген айыппен бес жылға сотталған Мейірхан Шерниязов төрт ай бұрын түрмеден шықты. Руслан Өтепбайға сұхбат берген ол қаржы пирамидасына қалай келгенін, өзінің қалай алданғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Осы қаржы пирамидасы ісі бойынша 12 адам сотталдық. Оның төрт-бесеуін танымаймын. Бірақ заң бойынша біз ұйымдасқан қылмыстық топпыз. Бірақ оларды көрмегенмін. Түрмеде өздері келіп, «Біз бір ОПГ-дамыз» деп келіп танысты. Бәрі қалай басталды? 2020 жылы Әділет деген жігітпен таныстым. Оның мейрамханасы мен бургер сататын дүкені бар-тын. Соған амбассадор керек, бірге жұмыс істейік деді. Мен жарайды дедім. Мейрамхана жұмыс істеп жатқан жоқ. Ескі ғимараттың ішін жөндеп жатқан. Сөйтіп жүргенде бұрын ресторатор болған Руслан деген бауырымызды шақырдық. Мейрамханаға көмек сұрадық. Сөйтіп жүргенде кім арқылы екенін білмеймін, маркетинг, юрист деп қалған жігіттер келе бастады. Мейрамхана мен бургерден бөлек, антисептик, қара зеренің тақырыбы шыға бастады. Жеті-сегіз бизнес болып кетті. Сөйтіп жүргенде мен Әділеттен «Астекс» деген компания туралы естідім.  Мен дін жолында болғандықтан депозитте ақша ұстамайтынмын. Ол маған «Астекс» деген компанияға ақша салып тұрамын, олар тендермен жұмыс істейді, ай сайын 20 пайызға дейін пайда алып тұрасың» деді. 2020 жылдың 14 сәуірінде бірінші ақшамды салдым. 9 млн теңге. Айына 20 пайыз болса, 1 млн 800 мыңға дейін пайда көруім керек еді. Екінші рет көлігімді 9 млн теңгеге бағалап, салдым. Бұл екінші салым болды. Сонымен 18 млн теңге болды салғаным. Сөйтіп тоғыз рет салым салып, бас-аяғы 40 млн теңгедей салдым. Қолма-қол ақша да салдым, аударыммен де салдым, көлігімді де салдым», - дейді ол.

Тэгтер:

Қаржы пирамидасы Мейірхан Шерниязов