Арман Дүйсеновті 66 млн теңгеге алдап кетті – сазгердің жары

Бүгін, 16:09 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

Айсұлу Айданқызы марқұм күйеуі сазгер Арман Дүйсеновтің өліміне қатысты бірқатар шындықты айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол жары Арман Дүйсеновті 66 млн теңгеге алдап кеткен Иманмәди Қалелханға байланысты алғаш рет егжей-тегжейлі баяндады.

 «Бұқаралық ақпарат құралдары Арманның өлімі туралы басқаша жеткізді. Арманның өліміне қатысты көп нарсе дұрыс тексерілмеді. Осындай ақпаратты елге таратуға кімге және неге ыңғайлы болды?! Оған ешкім назар аударғысы келмеген бірқатар факт бар. Мұның төркіні Иманмәди Қалелханда жатыр. Қазір мен ол туралы айта аламын. Себебі, соттың шешімі шығарылды. Ол кісі 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Арман өмірден өткенде Иманмәди Қалелханның бізден алған ақшасы бар болатын. Мен сол сәтте «Аға, осындай жағдай болып тұр. Ақшамды қайтарыңыз» деп сұрадым. Сонда ол кісі «Мен қазір қарыз алсам да, саған жеткіземін. Уайымдама» деді. Сол бойы ақшамды әкеліп берген жоқ. Ал мен сұраудан шаршаған жоқпын. Уақытты соза берді. Сосын ұлым сотқа жүгінуімізді түсіндірді. Ұлым «Неге қазақшылыққа салына бересіздер?! Бұл не болды?» деді. Арыз жаздық.

Иманмәди Қалелханнан зардап шеккен адамдар өте көп екен. Қолында құжаттары жоқ адамдар да бар. Ал құжаттары бар адамдар заңгерлермен кездесіп, Алмалы ауданының полициясына барды», - деді ол Аман Тасығанның «Талқылайық» арнасына берген сұхбатында.

Сазгердің жұбайы Айсұлу Айданқызы көп сомадағы қаражатты не себепті бергендерін ашып айтты.

«2018 жылы қызымыз Англияға оқуға кету керек болады. Иманмәди соны Арманнан естиді. Ал оның қызы сол уақытта Англияда оқып жатты. Ол жақта жатақханаға, тіл үйренуге ақша төлену керек. Иманмәди «ақшаны менің компаниям арқылы жібер» деп сендіреді. Арман екеуміз фунтпен апарып бердік. Ол «аржаққа ақшаны жібердім» деп айтса, аржақтағылар бізге «ақша келген жоқ» дейді.

Иманмәди бізге үнемі бір таблоны көрсетіп, «Менің есепшоттарымды бұғаттап тастады. Қайта ақша алып келіңіздер. Мен анау ақшаны қайтарып жатырмын. Қайтып аласыңдар» дейтін. Арман соған сенді. Отбасымызбен жақсы араласқан едік.

Ол ақшаны жібермей жатқанда Арманға «алданғаныңды түсінуің керексің» дедім.

Бас-аяғы бізге қайтаруы керек сома – 66 млн теңге. Біз берген 83 млн теңгеден 66 млн теңгесін жібермеді. Қалғанын қайтарып берді. Арманға «өзіңді аясайшы» дейтінмін. Ал Арман «Мен оған қырсығатын болсам, қайтара алмай қаламын. Маған байланыста болғаны керек» деді. Себебі телефонды көтермейді. Зауыттың алдында күзет тұрғандықтан, кіре алмаймыз. Мен отағасы солай айтһқандықтан, келістім. Бірақ ол үлкен қателік болды.  

Ол балалардың біліміне құйылатын қаражат деп жиналған еді. Арасында қарыздар алдық.  Бізге өтірік скан жасалған табло көрсеткен. Арман қайтыс болғаннан кейін ұлым Иманмәдидің бұған дейін алаяқтық бойынша сотталағанын және бұрын тегі Тұрысбеков болғанын айтты. 11 эпизод бойынша соты өтті. Сотта бізбен жарысып, бәрін айтты. Бірақ «ақшаны алған жоқпын дейді. Сот 66 млн теңгеден 7 млн теңгені ғана қанағаттандырды. Біз келіспейтініміз деп апелляцияға бердік», - деді А. Айданқызы.

Еске сала кетейік, танымал сазгер Арман Дүйсенов 49 жасында 2023 жылы қаңтарда қайтыс болған еді. Кейін әнші Индира Елемес сазгердің жертөледе орналасқан ән жазу студиясында жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтқан-тын.

Сондай-ақ Индира Елемес Иманмәди Қалелхан некеде тұрып, кейін ажырасып кеткендерін мәлімдеген болатын. 

Тэгтер:

Сазгер Арман Дүйсенов жары